Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.
«Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Бизнестің қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды конструктивті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пандемия өз түзетулерін енгізді, шектеулерден шағын және орта бизнес зардап шекті», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Үкімет тұрақты түрде «Атамекен» ҰКП-мен және өңірлік кәсіпкерлер кеңестерімен бірге бизнесті аса толғандыратын мәселелерді жедел қарап, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Атқарылған жұмыс нәтижесінде қызметіне шектеулер әсер ететін ШОБ субъектілерін қолдаудың 60-тан астам қосымша шаралары қарастырылған 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар өзектендірілді. Бірінші кезекте бұл шаралар бірқатар салықтық жеңілдіктер тұрғысынан бизнеске жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге, мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті оңайлатуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қайта реттеуге қатысты.
Биыл ШОБ-тың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту аясында шамамен 47 мың жобаны қамти отырып, 2,5 трлн теңгеден астам жеңілдікті несие беріледі. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша бизнес өтінімдерін қарау мерзімдерін 21-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Субсидиялау және несиелерді кепілдендіру аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру биыл 97%-ға дейін ұлғайды.
2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтарды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді. ШОБ субъектілерінің салықтық және кедендік берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды. Бұл бизнеске айналым капиталы үшін 279 млрд теңгені босатуға көмектеседі. Екінші деңгейлі банктердегі кредиттер бойынша төлемдерді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру жөнінде шаралар қабылданды. Кейінге қалдырылған төлемдер көлемі 750 млрд теңгені құрайды.
«Біздің қазіргі міндетіміз – кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Қабылданып жатқан шаралар биыл экономика өсімі құрылымында 0,8 пайыздық тармаққа дейін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспардың уақытылы орындалуын, бизнесті салықтық ынталандыру бойынша заңнамалық түзетулер пакетін қабылдауды және 2021 жылғы 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрлерін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарау тапсырылды.