ӘЛЕМДЕГІ ҚАНТӨГІС, БІЗДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ҚАТЫГЕЗДІК КӨРІНІСТЕРІ КІМДІ БОЛМАСЫН АЛАҢДАТПАЙ ҚОЙМАЙТЫНЫ АНЫҚ. КЕЙДЕ ОСЫ ЖАТ ҚЫЛЫҚ «ҚАНЫМЫЗҒА СІҢІП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?» ДЕГЕН ОЙДА ҚАЛАТЫНЫМЫЗ ДА РАС. ӨЙТКЕНІ, КЕЗ-КЕЛГЕН ЖАҢАЛЫҚТЫ НЕМЕСЕ ОҚИҒАНЫ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАЙТЫН БОЛДЫҚ.
Адамдар үшін оқыс оқиғалардың өзі үйреншікті әдетке айналып баратындай. Жол-көлік апаты орын ала қалса жанынан дым болмағандай телефонның бейнежазбасына түсіріп өте баратын, соны жағымды жаңалықтай әлеуметтік желіге бірінші болып жүктейтіндер көбейді.
Жол-көлік оқиғалары ғана емес, адамдар қиналып жатқан сәтті де камераға түсіріп әлек болып жататындар да бар. Ең қауіптісі, адамдар осылай біріне бірі «алғашқы көмек» көрсетуі әдетке айналып барады. Жуырда көз алдымызда орын алған мына бір оқиға да бізді бейжай қалдырмады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолынан өтіп бара жатқан егде жастағы әйел адам сүріне құлап, отыра қалды. Ал, оған жол беріп тұрған көлік жүргізушілері көмектесудің орнына аяғын басып тұра алмай жатқан әйел адамға кезекпен көлік сигналын басып, терезесінен айқай салып жатты. Сол сәтте өзі құлап, қиналып жатқан адамға көлігінен түсіп демеп жіберер адам табылмағанына қынжылдым. Жол жиегіндегі өзге жолаушы ол жағдайды телефонға түсіріп әлек. Соңында ешбір жаннан көмек болмаған соң әлгі адам аяғын зорға басқан күйі жанжағына алаңдай қарап, жол жиегіне шықты.
...Қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде көрші тұратын Әлихан мен Ерасыл күнделікті бірге ойнап жүретіндіктен айырылмас достардай көрінетін. Алайда, орын алған соңғы жағдайдан соң сенімге сызат түскендей болды. Қаңтар айы. Атырау қаласы ақ қарға оранбаса да бет қаритын қара суық. Беті-қолдарының тоңғанына аса мән бере қоймаған екі доспен ойнағысы келді ме жандарына бөгде ит жақындап, иіскелей кетті. Сол-ақ екен, әлгі хайуан қас пен көздің арасында арсылдай келе Ерасылды алып жығып, талай бастады. Ересектер келіп арашалап алғанымен, жанындағы досының әрекеті бәрімізге оғаш көрінді. Әлихан бастапқыда қаша жөнелгенімен, кейін қайта келіп, ұялы телефонын шығарып бейнежазбаға түсіруге кірісті. Көпшіліктің ортасында жүрген мен де сегіз жасар баланың бұл ойынан секемденіп қалдым. Бейне, қолұшын созудың орнына оқиға орнын бейнежазбаға түсіріп тұратын үлкендердің қатыгез әрекетін қайталап тұрғандай көрінді...
Бұл бірер мысал ғана. Зер салып қарар болсаңыз, мұндай көріністерді күнделікті өмірден жиі кездестіреміз. Қоғамдық көлікте мүмкіндігі шектеулі адам мен жүкті анаға немесе қарт кісіге орын бермеу де қатыгездіктің бір көрінісі.
ЖАҚСЫЛЫҚ – ИГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ
Біздің дәстүрлі ислам дініміз де адамдарды мейірімділікке, бауырмалдылыққа, жақсылық жасауға үндейді. «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев жақсылық – әлемге мейірін шашып, қуаныш сыйлауға ұмтылдыратын, жылуына бөлейтін, қоғамды адамгершілікке үндейтін асыл қасиет екендігін айтады.
– Мейірімділердің ең мейірімдісі Алла бір-біріне мейірімділік танытқан құлдарына есептеусіз береді және олардың бір-біріне қамқор болуларын тоқтатпайынша мейірімін жалғастыра береді. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың ең мейірімдісі болған және ол бізге қоғамда өзін-өзі ұстаудың, адамдармен қарым-қатынас жасаудың айқын үлгісін қалдырды.
Ата-анаға жақсылық жасаумен қатар, туыстарға көмектесіп, туыстық байланысты сақтау ризықтың көбеюіне әсер ететінін Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисынан байқауға болады: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари). Жақсылық күллі игіліктің түп бастауы болғандықтан, ол қашан да әлемге жылу сыйлайды. Өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, жақсы ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдау жақсылықтың нышаны, - деді имам.
Қайырымды іс-шара дегенде алдымен мешіттердің ойға оралатыны рас. Алланың үйі үнемі ізгілікті істердің ұйытқысы болып келеді. Мәселен, өңірде ғибадат үйі жанынан жыл басынан бері 350 отбасыға азық-түлік таратылса, 7 жанұяға баспана табысталған.
«КЕҢ БОЛСАҢ, КЕМ БОЛМАЙСЫҢ»
Жасы 80-ге жақындаған атыраулық Балкенже әжей адам өз ісі, жасаған әр жақсылығы арқылы көпке, кейінгі ұрпағына, қала берді айналасына үлгі бола алатынын айтады.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Бала отбасында, өмір сүрген қоғамынан не көрсе, есейгенде соны қайталайды. «Бала – ата-ананың айнасы» деп ата-бабаларымыз сол үшін айтқан. Ұрпағыңнан қайырымды іс көргің келсе, сен оны балалық шағынан мейіріміңе бөлеп, жан жылуын сыйлауың керек. Сонда ғана қайырымын көресің. Көбіне үйде отырсам да жастардың іс-әрекеттерін көріп-естіп, кейде басымды шайқап та аламын. Адам бойындағы аяушылық сезімі ананың сүті мен әкенің ақылымен дариды. Өмірдегі көп нәрсе отбасы тәрбиесіне байланысты.
Адам баласына жасалған қастандықтарды естігенде, тұла бойым тітіркеніп кетеді. Қоғамда мұндай жағдайлардың көбейіп кетуі әрине жақсы емес. Адамдар бір-біріне, жақын-жуығына кешірімшіл болып, мейірімділік танытуы керек. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты сөз де содан қалған. Қоғам жақсы болсын десек, алдымен әркім өзін жақсы жолға салып, айналасына жақсы ниетпен қарауы керек. Ал, адамның бір ғана ізгілік әрекетінен ондаған адам үлгі алады, - дейді қарт ана.
«БАР ОЙЫМ ХАЛЫҚТЫ ҚҰТҚАРУ БОЛДЫ...»
Иә, біз бүгінгі қоғамдағы адамдардың бәрін мейірімсіз дей алмаймыз. Әсіресе, Атырау өңірі жүрегі кең, жомарт жандар мен ізгілік істердің ұйытқысы болып табылатын еріктілерден кенде емес. Өз жақсылығын жария етпейтін жандар да қаншама...
Елде пандемия жайлап, эпидемиологиялық ахуал күшейген сындарлы сәттерде өз өмірінен бұрын өзгені ойлаған батырлар да табылды. Қиын сәтте ел ықыласына бөленген жанның бірі – Мейрамгүл Есниязова. Ол халыққа «Мира» есімімен жақсы таныс. Оның ниетінің адалдығын, жүрегінің тазалығын біліп, жақсылығын көргендер осылай деп атап кеткен. Мейрамгүлдің бұл салаға келіп, қайырымдылық істермен түбегейлі айналысып жүргеніне төрт жылдан асқан. Оған дейін мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ұстаздық қызметтер атқарды. Мұғалімдік қызметінде оқушылармен бірге жүріп көмекке мұқтаж қарттарға қолғабыс еткен. Мейрамгүл бұл ісін жүрек қалауымен жасағанын, ол кезде жақсылық жасаудың волонтердің ісі екенін білмегенін айтады.
Елге коронавирус пандемиясының бірінші толқыны соққан 2020 жылдың жаз айлары халықтың бойын қорқыныш пен үрей, белгісіздік билеген қиын кез болғаны есімізде. Кейіпкеріміз сол уақытта өз өмірін қауіпке тігіп, қараусыз қалған қарттарға қамқорлық жасап, азық-түлік таратып қоймай, нағыз вирустың ошағы ауруханаларға барып ақ халатты жандарға қол ұшын созды. Ол осы батыл қадамы, жақсылығы үшін «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталды.
– Коронавирустың аса қауіпті індет екеніне, еріктілер қатарында жүріп көз жеткіздім. Алғашында аурухана жанындағы шатырларда жатып жұмыс жасадық. Жедел жәрдем көліктеріне кедергі болмау үшін тосқауылдарды (шлагбаун) ашып-жауып тұрдық. Өйткені, науқастардың туыстары көптеп келіп, жедел жәрдем көліктеріне қолайсыздық тудырды. Кейін науқастарға оттегі баллондарын тасып беретін адам жетіспей жатқанын естіп, ойланбастан ауруханаға кірдік. Оттегі баллондарын салмағына қарамастан екінші, үшінші қабаттағы науқастарға жеткізіп отырдық. Әрине, оңай болды деп айта алмаймыз. Баллондар ауыр болатын. Ол уақытта арнайы арбалар да жоқ еді. Бізге физикалық, психологиялық тұрғыдан қиын тиді. Бір баллонды апарып, келесісін жеткізгенше арадағы 10-15 минут уақыт аралығында адамдар өмірмен қоштасып жатты.
Қарбаласта жүргенде өзіміз туралы ойлап жатпадық. Бар мақсатымыз – халықты аман алып қалу-тұғын. Науқастар бізге үмітпен қарағандықтан, қарап тұра алмай, қолдан келген көмегімізді аямадық. Бойымызға ерекше күш бітіп, демалмастан оттегі баллондарын тасумен жүрдік. Кейін елдің алғысына бөлендік. Бізге одан артық мерей жоқ. Еңбегіміз сатусыз. Мемлекеттік деңгейде марапатқа ие боламыз деп мүлде ойламадық, - деген Мейрамгүл бүгінде негізгі мамандығына қайта оралса да қайырымдылық шараларының басы-қасында жүргенін айтты.
Ол өзі қызмет атқаратын №40 орта мектепте 15-ке жуық оқушыдан тұратын жас еріктілер клубын құрып, балаларды салаға бейімдеп жатқанын, еңбегінің нәтижесінде шәкірттері ізгілікті істерге атсалысып жүргенін жеткізді. Ал, біз бүгінгі балалар оқыс оқиғаны бейнежазбаға түсіріп тұратын безбүйректерден емес, жаны жақсылыққа толы Мейрамгүл секілді еріктілерден үлгі алып өссе екен дейміз...
Қазақ қашан да бір-біріне қамқорлық танытып, жетім мен жесірін жылатпаған, жығылғанға демеу болған халық. Ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы адами қасиеттері. Ұлыстың ұлы күні Наурызды да мейірімділіктің, ізгілік пен жақсылықтың мейрамы деп мұқтаж жандарға көмек қылған. Иә, әлемді мейірім ғана құтқарады. Олай болса, жақсылық жасаңыз...