RSS лента

Қазақстанда безбүйрек әкелер көбейіп барады...

  • 30.07.2021, 04:44,
  • 983
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақта «Алты аға бірігіп әке болмас, жеті жеңге бірігіп ана болмас» деген сөз бар. Дұрыс-ақ айтылған. Статистикаға қарасақ, ажырасудың артып бара жатқанын байқаймыз. Демек, қоғамда алимент мәселесі өзекті деген сөз. Баланың тәрбиесі оған қарап тұрмаса да, өз перзентіне қамқорлық жасаудан жалтарып жүргендер көп, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

...Əсемгүл Н. (аты-жөнін толық атамауды өтінді) жастай қосылған күйеуінің осыдан үш жыл бұрын өзін бес баласымен тастап кеткенін айтты. Отағасы Атыраудағы «Дина» базарында сауда жасайды екен.

 

– Сондағы бір əйелмен көңіл қосқан. Жұмысы ресми тіркелмегендіктен, алимент төлеуден қашып жүр. Балалардың үлкені – 15-те, кішісі – 5-те. Шыны керек, карантин кезінде еріктілердің əкелген азық-түлік себетімен күн көрдік. Қазір жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыстамын, – деді келіншек өзінің қиын тұрмысын байқатпауға тырысып.

 

Өз тарапымыздан Атырау қаласының сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Роза Бимағанбетоваға хабарласып, мəн-жайды түсіндірдік. Облыстың бас басылымымен тұрақты байланыстағы маман қиналған келіншекке заңгерлік ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтейтінін айтты. Гүлбарам есімді кейіпкеріміз де екі жылдан бері 12 жастағы қызына алимент алмаған. Ажырасу мен мүлік бөлісуден кейін қызы екеуі баспанасыз қалыпты. Қазір туысқандарын паналап жүрген ол тұрақты жұмысының барына шүкіршілік етіп отыр.

 

– Ажырасқан күйеуім – көлік жүргізушісі. Басқа облыстарға жүк тасымалдайды. Жалақысын қолмақол алады. Бірақ, жұмыссыз саналады. Енді ақша өндіріп бермеген сот орындаушының да, алимент төлемей жүрген «қашқынның» да үстінен сотқа арызданамын, басқа амалым жоқ, – дейді келіншек қапаланып.

 

Бұл тек редакциядан көмек сұрап келген оқырмандардың ғана жағдайы. Ал, бейкүнə балаларының нəпақасын ала алмай жүрген басқа əйелдер қаншама?! Əрине, жауапкершіліктен жалтарып жүрген əкелердің қылығы қынжылтады. Өйткені, баласын кəмелет жасына толғанша асырап-бағу – адами тұрғыда да, заң алдында да əрбір атаананың басты міндеті.

 

Ұрпағынан безген безбүйрек əкелер көбінесе мекен-жайы мен жұмыс орнын жиі ауыстыруды «таптырмас тəсіл» санайды. Мысалы, Ералы есімді жігіттің əкелік борышы 500 мың теңгеге жеткен. Оның телефонның ар жағынан айтқан уəжіне сенсек, қос құлыны үшін қарызын өтеп-ақ тастағысы келеді екен. Бірақ, былтырғы наурызда Теңіз кенішіндегі ауысымдық жұмысынан қысқарып қалған. – Содан бері алимент төлеген жоқпын. Енді сот орындаушыларынан қашып, ай сайын ұялы телефон нөмірін ауыстырып жүрмін. Қазір жұмыста жоқпын. Əйтпесе, өз баламнан ақша аямаймын ғой... Соттасын, енді қайтем?! – деп, өз жағдайын барынша түсіндіріп жатыр. Заңгерлердің айтуынша, Ералы сынды жылдап алимент төлемегендер сот шешімін орындамағаны үшін əкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз сөйлескен жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Гүлнұр Қалиева алимент төлеуден жалтарған əкелермен күрес – сот орындаушыларының күнделікті бақылауында тұрған мəселе екенін айтты. Олар бірқатар шараларды қолданғанымен, сот орындаушылар өндірісінде берешегі бірнеше миллионға жеткендер бар.

 

– Мұндай жауапсыздарға тиісті заңнамаға сай алиментті өндірудің түрлі жолдары қолданылады. Мысалы, алимент төлемеген əкенің есепшотын бұғаттап, елден тысқары шығуы шектеледі. Сот шешімімен көлік жүргізуіне уақытша тыйым салынып, кейбірінің мініп жүрген темір тұлпарын сатқызып, қарызын төлеттіреді. Тіпті, борышкердің үстінен қылмыстық іс қозға лып, шартты мер зімге жауапкершілікке тартылғандар да бар, – дейді Гүлнұр Қалиева.

 

Былтыр алиментті өндіріп алу тəртібіне өзгеріс енгізілген болатын. Енді сот орындаушылары бірінші кезекте осы санаттағы істерге басымдық береді. Заңдағы осындай жаңашылдықтар туралы Атырау қаласының сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің сот орындаушысы Роза Бимағанбетова түсіндірді.

 

– Қабылданған түзетулер арқылы жеке сот орындаушыларының алимент пен жалақыны, зейнетақы мен жəрдемақыны өндіріп алу туралы, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындауға басымдық беру бекітілді. Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік жəне жеке сот орындаушыларда 7418 алимент төлеуші бар. Оның 4447-сінің борышы жұмыс орнынан жалақысынан ұстау арқылы өндіріліп отыр. Егер борышкердің берешегі үш айдан асса, ол əкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, борышкер бұл жазадан да сабақ алмаса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін, – дейді Роза Қонысбайқызы.

 

Маманның айтуынша, алимент төлеуден бас тартып, жасырынып жүрген азаматтар үшін заң да, талап та бар. Сот орындаушылары «жұмыссызбын» деп сылтау айтатындарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмыс жасап, берешегінен құтылуды талап етуге құқылы. Дегенмен, көпшілігі денсаулығы жарамайтындықтан қоғамдық ақылы жұмыстан бас тартатын көрінеді.

 

ТҮЙІН.


Әрине, бұл мәселеде құзырлы органдар баланың заңды құқын қорғайды. Десек те, ең басты жауапкершілік – әке мен шешеде. Жарық дүниеге әкелген перзентін тәрбиелеп, қатарға қосу – олардың ортақ парызы. Әйтсе де, бұл міндеттің салмағы негізінен әкенің иығына түсер жүк. Өйткені, ана қашан да тәрбиеге жауапты. Әкенің борышы – ұл-қызын асырап өсіру екені асыл дінімізде де уәжіп саналады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости