Біріншіден, COVID-19 қарсы вакциналар алдын ала дайындалуы мүмкін деген теория сын көтермейді. Дәрі-дәрмектің қысқа мерзімде әзірленуін, ауру қоздырғышы (SARS-CoV-2 вирусы) табылғанға дейін ғалымдар SARS, MERS және басқа коронавирустармен жұмыс істегенімен түсіндіруге болады. Сондықтан препаратты жасау үшін осы саладағы бұрынғы әзірлемелер қолданылды.
Сонымен қатар, вакцина әзірлеу жұмыстары әлем бойынша жүргізілгендіктен, мамандар сынақтар мен әзірлеу әдістері жайлы мәліметтермен белсенді түрде алмасты. Бұл процесті тездетті.
Екіншіден, «Спутник-V» вакцинасының өте тез әзірленуі туралы сұраққа Гамалея атындағы орталық қызметкерлері бірнеше рет жауап берген болатын. Мысалы, орталық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Денис Логунов препаратты жасау үшін MERS коронавирусынан туындаған таяу шығыс респираторлық синдромына қарсы вакцина қолданылғанын хабарлады. Бұл вакцина да аденовирустық вектор негізінде жасалды. «Спутник-V» әзірлеу үшін қолданыстағы вакцинадағы вирус ақуызы ғана өзгертілді.
– Бета-коронавирустар тобынан осы тектес басқа коронавирус пайда болған кезде, не және қалай істеу керектігі туралы күмән болған жоқ. Шығармашылық жағынан қиналған жоқпыз. Былайша айтқанда, көшіре салдық», – деді Денис Логунов.
Орталық директоры Алексадр Гинцбург те Ресей президенті Владимир Путинмен әңгіме барысында осыны растады.
Демек, ауруға қарсы вакцина әлемде ауру таралғанға дейін әзірленді деген теория дұрыс емес.
Тележүргізуші Мария Шукшина таратқан фейктерді бұған дейін де жоққа шығарған едік. Ол «Спутник-V» адамның ДНҚ өзгерте алады, ал Қазақстан вакциналарды сынау, цифрландыру және жыныстық ағарту полигоны болып табылады деген болатын.