– Мағзұм Маратұлы, өңірде тұщы су көзі азайып бара жатыр. Сондықтан, балама көздерді тауып, жерасты суын пайдалану мəселесі қалай қарастырылып жатыр?
– Атырау облысында жерасты суы бар. Оларды қолға алып, іске қосуымыз керек. Ол үшін жергілікті əкімдікпен бірлескен комиссия құрып, бағдарламалық жұмысқа кірісетін боламыз.
– Жерасты суы ұңғымаларына қатысты заңдылықтар жаңа экологиялық кодексте қарастырылмаған. Неге?
– Экологиялық кодекс – негізінен, ауаға ластаушы шығарындыларды реттейтін құжат. Жер бетіне шығып жатқан жерасты суларының сапасын қадағалауға бұл құжаттың қатысы болса да, оның негізгі мəселелері геологиялық құжаттармен реттеледі. Кодексті дайындаған кезде су ресурстарына қатысты қолданыстағы заңнаманың да ескіргеніне көз жеткіздік. Сондықтан, бұл құжатты да жаңарту қажет. Өйткені, қазір суды үнемдейтін, оған бағытталған технологияларды қолдайтын заманға сай құжат керек.
– Елде экологиялық апатқа ұшыраған аймақ тұрғындарына өтемақы төлене ме?
– Қазақстанда Семей, Арал өңірлері экологиялық апатты өңірге жатады. Сондықтан, осы аймақтың тұрғындарына өтемақы төленіп келеді. – Ал, Атырау облысы ше? – Бұл үшін Атырау заңды құжат негізінде «экологиялық қолайсыз аймақ» деп танылуы қажет. Оған тиісті ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс. Ал, министрлікке мұндай мəселе көтерген өтініштер түскен жоқ. Министрлікте мұндай проблемалармен айналысатын арнайы комиссия бар. Олар белгіленген заңдылықтар негізінде жұмыс жасайды. Осы комиссияда Қызылорда мен Семей өңірі тұрғындарына өтемақы төлеуде белгіленген коэфициенттер бар.
– Министрлікке мұндай мəселені кімдер ұсына алады?
– Қазақстанда атмосферасы ластанған бірнеше өңір бар. Мəселен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Теміртау қалалары. Бірақ, бұл қалаларға сəйкес, «экологиялық апатты аймақ» деп тану туралы мəселе көтерілген жоқ. Облысты мұндай аймаққа жатқызу үшін өңір ғылыми зерттеулермен белгіленген индикаторларға сəйкес болуы шарт.
– Мүмкін, Атыраудың ауасының ластануына байланысты білікті медицина мамандарымен бірлесе жұмыс жасап, токсикологиялық зерттеу жүргізілуі керек шығар…
– Біздің басты мақсат – экологияны, ауа сапасын жақсарту. Былтырдан бері Атыраудағы атмосфераны жақсарту үшін жергілікті əкімдікпен, қоғам белсенділерімен бірқатар жұмыс жүргізіліп, мəселе жан-жақты талқыланды. Жаңа экологиялық кодекстің қабылдануы қайткен күнде де ауа сапасын жақсартып, осы мəселенің шешімін табуының тетігі екенін дұрыс түсіну қажет.
– Қазір өзен, теңіздерде бекірені айтпағанда, ұсақ балықтардың да тапшылығы байқалады. Тіпті, балық қырылып жатыр. Мұндай табиғат байлығын қорғау үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Біздің елде балық өсірудің əлеуеті зор. Былтыр Атырау облысында жергілікті балық шаруашылығы мамандарын жинап, пікір алмасу өткіздік. Жарты жылдай балық шаруашылығының əлеуетін зерттедік. Анықталғаны – су айдындарының балық өсіру бойынша жылдық потенциалы 600 000 тонна. 2030 жылға дейін 270 000 тонна балық өсіреміз деген жоспар құрылып, арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл жұмыста Атырау өңірінің мүмкіндігі зор.