ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік үздіксіз білім беру тұжырымдамасын қалыптастыру, қашықтықтан оқыту платформасы және 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуға қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізетін болады. Бұл ретте, қолданыстағы жүйеден айырмашылығы, мемлекеттік тапсырысты енді білім бөлімдері немесе басқармалары бөлмейтін болады. Оның орнына балабақшаға жолдама алған балалардың ата-аналары мектепке дейінгі ұйымды өздері таңдайды. Ваучерлік тетік енгізілетін болады, бұл бәсекелестікті дамытуға және қызметтер сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, оқу процесін толыққанды іске асыру үшін ҚР БҒМ білім берудің онлайн-платформаларына бірыңғай талаптар әзірлейді.
Сондай-ақ, ҚР ДСМ-мен бірге барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі оқыту форматына көшу тәртібі әзірленетін болады. Мұғалімдердің жалақысын 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 25%-ға арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі тиісті есептеулерді дайындады және 2023 жылға дейінгі қаржыландыру шеңберінде Қаржы министрлігіне енгізді. Білім министрі атап өткендей, балалардың құқықтарын қорғау мәселесі Президенттің ерекше назарында. Біздің еліміздің хабарлама рәсіміне қатысты бала құқығы туралы Конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылуы өте маңызды қадам болады.
«Балаларды кибербуллингтен қорғау, қосымша білім беру ұйымдарын дамытумен бірге балалардың спорт секциялары мен үйірмелерін жаппай ашу әкімдіктер мен білім беру ұйымдары қызметінің сөзсіз басымдықтары болады. Оқушыларды бұқаралық спорт түрлерімен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыс жаңа және жүйелі негізде ұйымдастырылатын болады. Мектептерде спорт залдары салынып, ұлттық және бұқаралық спорт лигалары дамытылады» деді А. Аймағамбетов.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие жұмыстары басталды. Білім алушылардың экологиялық мәдениет, экологиялық білім және тәрбие деңгейін арттыру үшін үздіксіз білім берудің кешенді моделі енгізілетін болады. Бұдан басқа, ғылыми және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, елдің ғылыми-технологиялық дамуы бойынша жеке бағдарламалық құжат дайындалады. Қазір 500 ғалымның жетекші ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өтуі үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Жас ғалым» жас ғалымдарға қосымша 1000 грант бөлінеді. Жер қойнауын пайдаланушылардың кірісінің 1%-ын ғылым мен технологияларды дамытуға аудару жөніндегі норманы тиімді іске асыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Журналистердің оқу материалының мазмұнының сапасыздығына қатысты сауалына жауап бере отырып, А. Аймағамбетов бүгінгі таңда оқулықтарды дайындаудың бірнеше кезеңнен тұратын жаңа тұжырымдамасы әзірленгенін жеткізді. Бұл баспа ішілік, сыртқы, қоғамдық сараптама және апробация.
«Қолданыстағы жүйеде белгілі бір кемшіліктер болды, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз оқулықтарды басып шығаруға дайындау ережелерін толығымен қайта қарадық. Қазіргі уақытта ережелер өзгертілді, бұл мүлдем жаңа формат. Енді жаңа буын кітаптары жаңа талаптарға сай шығады, енді қателер болмайды» деді министр.
Оның айтуынша, оқулықтарды жаппай тираждауға дейін кем дегенде бір жыл ішінде апробация жүргізілуі тиіс.
«Біз жаңа форманы енгіздік, егер баспаның олқылығы анықталса, оқулықтарды қайта басып шығаруды баспалар өз есебінен жүзеге асырады. Қазіргі уақытта біз авторларды дайындап жатырмыз, өйткені бұл тұтас бір ғылым, көп нәрсе оқу материалын құрастырып, дайындауға байланысты» деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны дайындау туралы айтты.
«Ағымдағы жылдың наурыз айының соңында біз патологиялық материал алдық, ағымдағы жылдың 15 мамырында біздің ғалымдар кандидаттық вакцинаны дайындап, ДДСҰ-ға жіберді, тізімге енгізді. Ал тамыз айының соңында ДДСҰ біздің вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберді, кандидаттық вакциналар тізіміне енгізді, екі платформада кандидаттық вакциналар дайын, клиникаға дейінгі сынақтар сәтті өтті, тексеру барлық деректердің толық көбеюін көрсетті. Антиденелер бойынша біз не барын көріп отырмыз, ИФА бойынша өткір фазада анализ жүргіздік, IgM және IgG бойынша антиденелер шетелдік аналогтарынан кем түспейді. Бірақ антиденелік жауаптан басқа, біз гуморальді және антижасушалық иммунитеттің дамуын көріп отырмыз, бұл да өте маңызды» деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қазақстандық ғалымдар отандық вакцинаның клиникалық сынақтарының бірінші кезеңіне кірісуде. Еріктілерді қабылдау жүргізілуде.