Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Әрине, жұрттың бәрі экономист бола алмайды. Десек те, ақшаны басқарудың қарапайым қадамдарын білген кім-кімге де артық етпесі анық. Ендеше, қаржылық сауатты қалай арттыруға болады? Алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек? Бүгінде банктен несие алмай өмір сүруге бола ма? Міне, бұл жолғы журналистік зерделеуде біз осы сауалдарға жауап іздедік...
Қарызды қарызбен жауып жүр...
Алдымен, жұрттың жағасын ұстатар статистикалық көрсеткішті келтіре кетсек, биыл қазақстандықтардың қарызы 21 триллион теңгеден асып тынған! Оның жартысын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрап отыр. Сонымен бірге, алған ақшасын банкке бере алмай жүрген жандар қатары да өскен. Бұл сома бүгінде 738 миллиард теңгеге жетіп жығылған. Мұндай жағдайға біз қалай жеттік? Бұл сұрақты біз Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаровқа қойдық.
Иә, бүгінде кредитін кредитпен жауып жүрген жандарға «әй» дейтін үкімет, «қой» дейтін банк жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, ертең күнделікті нан-суымызды да кредитке алып жүрмесімізге кім кепіл?! Қалай болғанда да, кеш болмай тұрғанда халықтың қаржылық сауатын арттыруды мемлекет болып қолға алу қажет-ақ.
Банктер бұғаттаудан басқаны білмейді
Естеріңізде болса, елімізде халық саны 20 миллионға жеткен кезде бөркімізді аспанға атып қуанған едік. Ал, соның тек жартысы ғана экономикалық белсенді болып саналатынын білесіз бе? Яғни, бұл 10 млн қазақстандық қана ресми жұмыс жасайды деген сөз. Оның ішінде, 8 млн халықтың мойнында кредит бар және соның сегізден бірі төлеу мерзімін 90 күннен асырып алған. Ендеше, сол қарыздан құтыла алмай жүрген жандардың бүгінде банк есепшоттары бұғатталып отыр. Енді олар не жалақы, не кредит ала алмайды. Мамандар мұндай тыйымды сот қаулысы негізінде тек сот орындаушы ғана қоя алатынын айтады. Қазір осындай жағдайға душар болғандар «Қарызсыз қоғам» жобасының кеңсесіне келіп бес күндік оқытудан өту арқылы тегін заңгер көмегін алып жүр. Бұл туралы бізге аталған жобаның Атыраудағы менторы Ақан Қайырғалиев айтып берді.
– Банктен қарыз алған соң, оны қалайда еселеп қайтару қажет болады. Себебі, банк те кәсіпкердің бірі ғой, ол да табыс табуды ойлайды. Міне, азаматтарымыз осы жағын ескермей жатады. Біреулер тіпті жалақыны қолма-қол алсақ мәселе шешіледі деп ойлайды. Осылайша, өздерінің зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорларына қазірден қол сұғып жатыр. Ал, қарыз қайтарылмай шот ашылмайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Керек десеңіз, қазір жұмыс берушілер азаматтардың банктегі есепшоттары бұғатталмағаны жөнінде анықтама сұрайтын болды. Мұның бәрі тектен-тек емес.
Тағы бір мәселе, адамдар кредит аларда болашақта оны қалай төлейтіндігіне бас ауыртпайды. Мәселен, Теңіз, Қарабатан секілді ірі кен орындарында ауысыммен жұмыс жасап жүргендер ағымдағы жалақы есебінен миллиондап несие рәсімдеп, кейін қысқартуға ұшырады. Енді қарыздан құтыла алмай жүр. Дәл осылай алдағы уақытта қиындыққа тап бола қалған жағдайда кредитті төлей алу мүмкіндігін ойлау керек. Сондықтан маман ретінде айтар ақылым, несие алғанда ай сайынғы төлем мөлшерін жалақының 20 пайызынан асырмаған дұрыс. Кейін сын сәтте өзіңізге жеңіл болады, - дейді ол.
Былтыр «Amanat» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының тек борышкерлерге ғана емес, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыруға да көмегі көп екен. Жоба Алматы, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде енгізіліпті. Нәтижесінде, 65 мыңға жуық адам арнайы курстан өтіп, сауат ашқан. Ал, биыл еліміздің барлық аймағы мен үш респуликалық маңызы бар қаласында жалғасын табуда.
«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!»
«Фемида-көмек» қаржылық сауықтыру көмек орталығының басшысы Ләззат Қарамұратованың айтуынша, халық кредитсіз күн көре алмайтын жағдайға жетіп отыр. Айтуынша, қазір қарыздан құтыла алмай жүргендерге жылдам ақша беретін көлеңкелі бизнестің де дәурені қызып тұр.
Қарыз адамды тек материалдық жағынан ғана емес, рухани тұрғыдан да күйзеліске түсіреді. Мұны психолог мамандар да айтудан кенде емес. Солардың бірі Ғалия Тоқтаровадан көмек сұрап келетіндердің 80 пайызы – кредиттен жапа шеккендер екен.
– Жұрт кредит алуға жауапкершілікпен қарамайды. Оны алудың нақты қандай қажеттілігі бар екенін зерделемейді. Тұрмыстық техника алса да, қонақ шақырса да банкке қарай жүгіреді. Артынша бармақ шайнап қалады. Ал, несие тек тұрақты жұмысы бар жанға ғана пайдалы болуы мүмкін. Онда да, әр нәрсенің мөлшерін білу керек қой. Халық арасында «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Міне, ата-бабамыз айтып кеткен осы бір өсиеттің өзі бүгінгі қоғамға қаратылып айтылғандай.
Көптеген адамдар кредит алғанымен, күнделікті кірісі мен шығысын есптемейді. Оны күнделік секілді дәптерге жазып жүрсе де артық етпейді. Сонда қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын соқырға таяқ ұстатқандай ап-анық көріп тұрар едіңіз. Бұған да ерінетін болсаңыз, орныңызға есеп жүргізетін түрлі қосымшалар да жетіп жатыр. Мәселен, ер адамдар қарапайым темекіге кететін ақшаның өзін санап жатпайды. Оған бір айда 30 мың теңгеден артық болмаса, кем кетпейді. Ал, егер қаражатыңыз қалтаға сыймай бара жатса, білім алу мен бизнес бастауға инвестиция ретінде құйыңыз. Болмаса, депозит ашыңыз, сонда ақшаңыз айналымға түсіп, тегін табыс түсіп отырады ғой, - дейді психолог маман.
Үнемдеген үйдей бәледен құтылады
Ал, қаржылық кеңесші Сандуғаш Құсайынова ең алдымен қолда бар қаражатты жинап үйрену қажеттігін айтады. Себебі, ақша санағанды жақсы көреді. Бүгінде қаржы үнемдеудің жалғыз ғана жолы бар, бұл – жинақтау.
Бұл ретте, сақтандыру компанияларына қаржысын құйып алып, қайтара алмай жүргендер де жоқ емес. Яғни, оларды таңдау барысында қауіпсіздік мәселесіне қатты мән берген жөн. Келісімшарт талаптарымен мұқият танысып алған абзал. Мамандар көбінесе жекелей емес, мемлекетпен бірлесіп жұмыс жасайтын ұйымдарға сенім артқан дұрыс деп санайды.
Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, биыл Президент тапсырмасымен «Келешек» бағдарламасы аясында банктер мен сақтандыру қорларына «Bilim-Life» платформасын енгізу міндеттелген болатын. Бұл туралы бізге Ұлттық банк маманы Айгүл Маратқызы айтып берді.
Қалай десек те, «қыстың қамын жаз ойла» деп халық бекер айтпаған ғой. Жалпы, ата-ана баласының болашақтағы оқуына немесе үйлену тойына қажетті қаржыны қазірден жинағаны жақсы. Осылайша, ол өз отбасын алдын ала қарыздан сақтандырады. Сірә, ақшаны сауатты басқару деген осы шығар. Қалай болғанда да, мемлекет «Қарызсыз қоғам» құруға қадам басты. Енді тек халықтың қызу қолдауы қажет.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
...Иә, екі жасты екі жаққа айырған да, жазықсыз баланы тірілей жетім еткен де, тепсе темір үзер азаматтарды суицидке жеткізген де, жастың да, жасамыстың да жасын көл қылған да – осы кредит емес пе?! О баста екінші деңгейлі банктер азаматтардың мүмкіндігін ескермей бәріне бірдей несие берді. Осылайша, халық қарызға белшеден батты. Енді соның салдарымен күресіп жатырмыз. Ендеше, қарыз қамытынан құтылар күн тезірек тусын деп тілегеннен басқа амал жоқ!