Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Қазіргі уақытта қаржылық қызметтерді ұсынудың жаңа модельдері, оның ішінде маркетплейстер арқылы қаржылық қызметтер көрсету және банктердің қаржылық-технологиялық компаниялармен өзара әрекеті белсенді дамып келеді.
Оның айтуынша, банк өзінің технологиялық инфрақұрылымын өзге ұйымға беру жолымен банк қызметін жүзеге асыру кезінде осы ұйымның клиенттері алдында банк қызметтерін тиісінше көрсеткені үшін дербес жауапты болады.
Стейблкоиндердің шығарылымын және айналысын Ұлттық Банк реттейді. Басқа цифрлық қаржы активтерінің түрлерін реттеу өкілеттіктері Агенттікке беріледі, онда базалық активпен қамтамасыз етілген цифрлық активтердің және цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдарының шығарылымы мен айналысына қойылатын талаптарды белгілеу көзделген.
Цифрлық қаржы активтеріне қолданыстағы қаржы құралдары үшін белгіленген ұқсас талаптар, оның ішінде тәуекелдерді басқаруға, ақпаратты жария етуге және инвесторлардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қойылатын болады. Бұл олардың айналысының ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, төлем ұйымдарының қызметін реттеуді күшейту көзделеді. Олардың капиталы мен тәуекелдерді басқару жүйесіне қосымша талаптар белгілеу жоспарлануда.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.