"Біз қазір сұранысқа ие мамандарды даярлауға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Мен мұны жоғары білім беру саласында тәжірибесі бар ұстаз ретінде айтып отырмын.
Өз кезегінде Президентіміз де халқына биылғы Жолдауында осы мәселені көтере келе бірқатар тапсырмалар берді.
«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек» атты Жолдауында.
Мемлекет басшысы орынды ой білдіріп отыр. Шынымен де, біз әлемнен жырақ өмір сүріп жатқан ел емеспіз. Өйткені, біз де сол әлемнің бір бөлшегіміз. Егер озық мемлекеттермен терезе теңестіргіміз келсе, олардың іс-тәжірибелерін ұтымды пайдалана білуіміз керек. Бұл үшін не істеу керек?
Алдымен, даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Мұны Президенттің өзі де қадап айтқан болатын. Міне, сондықтан грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, ел қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды.
Екіншіден, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сол сияқты, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Бұл да Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауда жүктеп отырған кезекті тапсырмасы.
Үшіншіден, ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек. Президент мұндай жол бермеуге шақырады. Себебі, жастарға оқысын, білсін, көрсін, үйренсін деген мақсатта беріліп мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жөн-ақ.
Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы тағы бір жаңалықпен бөлісті. Енді алдағы 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары» жылы болып жарияланып отыр. Бұл бастама да тегіннен-тегін көтеріліп отырған жоқ. Мұның бәрі соңғы кезде үлкен сұранысқа ие болып отырған қарапайым жұмысшы мамандығын халық арасына кеңінен насихаттау мақсатында жасалып жатқан дүние. Қалай болғанда да, техникалық мамандықтардың болашағы өте зор.
Сайып келгенде, мақсат – айқын, міндет – зор. Енді осы бағытта жан-жақты жұмыстану қажет" дейді Мәншүк Тынышқалиқызы..