Президент сөзінен:
«Қарулы Күштеріміз – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз.
Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни, дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек.
«Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сондай-ақ оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет.
Әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн. Ректорлар студенттердің жауынгерлік дайындығына тікелей жауапты болуға тиіс. Әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға сүйенуі керек. Яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық беру қажет.
Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет».
Біз қатігездік, әлімжеттік сияқты қоғамға қауіпті үрдістерге жол бермеуіміз керек. Бүгін осы жерде ардақты ардагерлеріміз отыр. Олардың тәжірибесі, көрген-түйгені мол. Біз ардагерлерге зор құрмет көрсетеміз. Аға буынның тәжірибесін жас сарбаздарды тәрбиелеу ісіне тиімді пайдаланған жөн».
«Әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» болуы маңызды. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беруіміз керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі.
Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60 %-ға өсетінін, осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейетінін, әрі келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30 %-ға артатынын атап өтті.