RSS лента
---

Президент Қазақстанға атом станциясы керектігін айтты

  • 03.09.2021, 19:14,
  • 558
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға АЭС қажет екенін айтты. Бұл мәселені Шығыс экономикалық форумы-2021 жиынында көтерді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Мен Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанда атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерделеу міндетін қойдым. Мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің өзекті қажеттіліктерін тиісті шамада ескеру маңызды. Мен бұл мәселені егжей — тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет» деді Президент.

 

Шығыс экономикалық форумы 2-4 қыркүйекте Владивостоктағы Қиыр Шығыс федералды университетінің кампусында өтеді.

 

2019 жылдың сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда атом электр станциясын салуды ұсынды. 2019 жылғы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселе бойынша халықпен талқылау жүргізуге уәде берді.

 

Президент «Атом электр станциясын салу әлі жоспарланбаған. Қажет болса, біз бұл мәселені халықпен талқылаймыз. Қажет болса, референдум өткіземіз» деген болатын.

 

2021 жылғы мамырда Президент Қазақстандағы атом энергетикасына қатысты тақырыпты мүлде жауып тастау ертерек және қате екенін мәлімдеді.

 

«Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына сүйенеді. Одан қорқу орынсыз. Бірақ азаматтар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Біз атом станцияларын салуға асықпаймыз, бірақ бұл іске кешікпеуіміз керек» деді мемлекет басшысы.

 

Кейін Энергетика министрі Қазақстанда атом электр станциясын салу жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

 

«Шешім әлі қабылданған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге жылдамдатудың қажеті жоқ екенін, бірақ артта қалуға болмайтынын айтты. Сондықтан біз ықтимал қауіптерді жан-жақты қарастыруымыз керек. Бұдан әрі қоғамдық пікірді ескере отырып, шешім қабылданатын болады. Бүгінгі таңда ешқандай шешім жоқ» деді министр.

 

Қазақстан халқына Жолдауында президент Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын болжап, осы жағдайдан шығудың жолын атады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости