RSS лента

Киіктің көз жасы...

  • 04.04.2023, 03:41,
  • 463
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Жазушы-журналист Арыстанбек Кенженің "Киіктің көз жасы" атты жаңа әңгімесін оқырмандар назарына ұсынамыз, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ЖАРАТЫЛҒАН ОН СЕГІЗ МЫҢ ҒАЛАМНЫҢ БАРЛЫҒЫ БІР ҒАНА АЛЛА ТАҒАЛАНЫҢ АЛҚАУЫНДА. ЖАН-ЖАНУАР, ЖӘНДІК ТІПТІ, ӨСІМДІК ТЕ ТІРЛІК ИЕСІ. ОЛАРДЫҢ ОБАЛ-САУАБЫ АРҒЫ ДҮНИЕДЕ СҰРАЛАТЫН ШЫҒАР... АЛ, ӨЗДЕРІН ЖҰМЫР ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕГІ БАРША ТІРЛІКТІҢ ҚОЖАСЫНДАЙ СЕЗІНЕТІН БІЗДЕР, ЕКІ АЯҚТЫЛАР, ТАБИҒАТТЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН САҚТАУДА КӨК ТӘҢІРІ АЛДЫНДА ЖАУАПКЕР ЕКЕНІМІЗДІ ҰМЫТЫП КЕТТІК-АУ... АЗЫНАҒАН АУЫР КӨЛІКТЕР «АЯЗБИДІҢ» МАЗАРЫНАН АСЫП, «ҚҰЛЕТЕК» ЖАЗЫҒЫНА ҚҰЛАЙ БЕРЕ, АЛДАРЫНАН ЖҮЗ ҚАРАЛЫ КИІК ЖОЛДЫ КЕСІП ӨТЕ БЕРДІ. ОНСЫЗ ДА, АЛА ШАҢЫТ БОП КӨТЕРІЛГЕН ҚҰЙЫНМЕН КӨПСІП ЖАТҚАН ШӨЛ ТОПЫРАҚ АСПАНҒА ШЫҒЫП, ӘЛЕМДІ ӘЛЕМЕТ ШАҢ БАСТЫ.

 

– Əне, кетті! Ал қудық! Мылтықтарды дайындаңдар! Мотоциклдерді түсіріңдер!

 

Екі машинаға сығылыса мінген айғыртоп аяқасты əбігерге түсті. Сəлден соң жүк көліктері жазыққа қарай бұрылды да, екі мотоциклге мінгескендер шаңын шұбатып шығысқа қарай жосыған топ киіктің соңынан салды. Бұлар-сайланып шыққан кəнігі браконьерлер болатын. Топ басы – Айдарбай. Арсың[1]гүрсің мінезіне бола «Алдабай» атанып кеткен қырықтардағы сақа жігіт. Талай мəрте киіктің қанына бөгіп, ортасына олжа салған қасапшының өзі. Қалғандары көлігіне бола шақырылған, болмаса, күні үшін нəпақа табуға тіленіп шыққан жастар. Қораптағыларды қосқанда барлығы 10 адам. Іштерінде жасы – Сейітжан. Қалада тұрғанымен біртоға тұйық, момындау жігіт. Бір үйдің əздектеген жалғызы болғасын ба, тірлікке де ебі кемдеу болатын. Екі жыл бұрын отбасын құрған, тұңғыш баласы аурулы боп туды. Əкесі марқұм көзі тірісінде жарғақ құлағы жастыққа тимей, бар тапқан-таянғанын жалғыздан туған жалғыздың жолына құрбан етті. Бірақ, сағаты түспеді ме, дертке дауа табылмады.

 

Сөйтіп, жүріп, биыл ерте көктемде қария дүниеден озды да, жарымжан бала, жасы жеткен шеше мен күллі отбасының тауқыметі Сейітжанның мойнына мінді. Басына тартса, аяғы ашық қалатын кəдімгі күнделікті тұрмыстың күйбеңі жас жігіттің басына осылай түскен еді. Осынау қанды жорыққа себеп болған да мұқтаждық болатын Жанды нəрсені қара темір құтқара ма, сүт пісірім сəттен кейін мана күншығысқа қарай жосыған қалың киік, шалқыған өрттей кері қаптап, қарсы бағытқа жөңкіді. Қос мотоцикл табынға емін-еркін араласып, тарсылдатып атуға кірісті. Осылайша қан қасап басталып та кетті. Аспан мен жер астасып кеткендей алапат! Ауа қан мен мылтық дəрісінің иісіне бөкті.

 

Ілкіде сасып қалған Сейітжанды жетекте отырған сақалды сарының: – Атсаңшы, атаңның басын бағып отырсың ба, деген əмірі селт еткізгендей болды. Жалма-жан кезеулі қаруын көздеместен тартып жіберген. Алдында таяу шауып бара жатқан топтан шамасы шыбыш болар, біреуі тырапай асты.

 

– Текесін, текесін көзде, ұсағын неғыласың!-деп божбан сары боқтап келеді.

 

Əлі басылар емес. Бірақ киіктің текесі ме, «төресі» ме ала шаңнан айыратын жағдай жоқ. Жанталасқан жігіт əйтеуір, зымыраған ақ бөкен тобына оқты жаудыра берді... Алда жүк көліктерінің қарасы көрінгенде атыс саябырсып, киіктің де қарасы сейілген болатын. Сөйтіп жүздеген киік тобынан ажалсызы мен жаралысы аралас оншақтысы ғана өлімтігін сүйретіп қыр асты да. Атқыштар негізгі топқа келіп ат басын тіреген. Сейітжан кенезесі кеуіп, шөлдегенін енді сезді. Қолқаны қапқан шаң мен дəрі иісі кеуілжірін тұтып тұрғандай басы айналып, жүрегі айныды. Сəлден соң ентігін басып, көппен бірге көлеңкеде тұрған суға бас қойды. «Жан шақырғасын», аңшылығымыз осымен тəмам шығар деп мылтығын иығынан түсіріп бейқам тұрған. Қайдам... Қуғыншы жігіттердің қасына адыраңдап Алдабай жетіп келді. Өзі «ащы судан» шамалы жұтқан ба, болмаса, күннің қызуы мен аңшылықтың қызығы ма, барлығып, бырттай ісініп алыпты.

 

Келе: – Ал не тұрыс, кірісіңдер, мүйіз кесеміз,- деп манағы келген жақты нұсқады.

 

Топпен бірге Сейітжан да қозғалды. Жол бойы өлгені бар, жаралысы бар жайраған киік өлексесінен аяқ алып жүргісіз. Бейне, ұрыстан соңғы майдан даласы дерсің! Қол араларын сайлап алғандар киік біткеннің басына қарақұстай қонжиып іске кірісті. Амалсыз еңкейген Сейітжанға алдымен тап болғаны былтырғы лақ болар, тұқыл мүйіз текешік екен. Еңкейіп енді іске кіріскелі жатқан... Сөйтсе, киіктің кеудесінен жан шықпапты. Тірі жатыр. Көзінен жас тамшылайды. Бауыздап жіберуге пышағы жоқ жігіт сасқаннан қос тұқылшақты арамен қидалай бастады. Тірі денеден мүше бөлу қандай қасапшыға да оңай емес шығар, ебедейсіз Сейітжанның қолы қалтырап, көзі қарауытты. Ес кетті, жан шықты дегенде бір мүйізді бөліп алған. Кескен мүйіздің орнынан қан шапшып, алақанын шылап, білегіне тиді. Жылбысқыдан қолындағы құралы тайғанай берген. Шайып тастауға су жоқ. Амалсыз қос алақанымен құмды көсіп алып, жұмысын жалғастыра берді... Қас қарая мүйіздер тегіс қырқылып бітті.

 

– Енді қарын қамын ойлайық, жігіттер тездетіп қазан көтере қойыңдар,- деді семіздеу тушаны иегімен нұсқаған Айдарбай.

 

Екі əбжіл жігіт лезде жас киіктің терісін сыдырып, бөлшектеп жағылған отқа қарай əкетті. Үстері сауыс-сауыс, қолдары білекке дейін қанға малшынған «аңшылардың» біреуінен қолдарын шая қоятындай ыңғай байқалмайды. Топпен бірге Сейітжан да жүре берді. Ас пісіп алдарына келгенде де, алғашқы екі бөтелкенің басына су құйған қанды қолдар қасқырша жалақтап, қызыл қуырдақты ашқарақтана қарпып жатты.  «Адалданып алайықшы» деген сөз бірінің де аузынан шыққан жоқ. Тағы да жол. Қаланың қарасы көрінді. Аңшы топ қыр басына тоқтап сарықтарын басты. Қалған арақтарын бөліп ішіп болған соң, топ басы əркімге үлесін бөле бастады.

 

– Барлығы 160 мүйіз. Шамамен 40 келі тауар. Демек, бір күнде 14 мың сом тауыппыз (қара базарда 1 келі мүйіз 350-400 сом тұрады). Осындай олжаны армандап көрдіңдер ме?! Жұмыс[1]жұмыс деп жүргенде тапқандарың қапқандарыңа жетпейді. Міне, нағыз табыс көзі, иен даланы еркін жайлаған «Қарабайдың ешкісінің» басында жүр. Сайранды салдық, жəне олжалы қайтып келеміз. Қалада текке қаңғығанша, мына «көкелеріңе» еріп, пайдалы іспен айналыспайсыңдар, ма өңкей, нақұрыс!-деп бір тілдеп алып Айдарбай, аңшылардың ақшасын үлестірді.

 

Шеттеп тұрған Сейітжанның қолына да бес жүз сом тиді. Шынында да, аз олжа емес. Зауытта ай бойы жанын салып, қара темірді жонғанда табатыны екі жүз елу-үш жүз сомнан аспайтын. Отбасына олжалы оралғанмен Сейітжан[1]ның көңілі жайлана қоймады. Əлденеге алағызып, арам астан ұшынғандай олқылы-толқылы күй кешті. Көзіне кешегі жанталасып жатқан тұқылшақ мүйізді текешік елестей берді. Қан жұққан қолын қанша мəрте жуса да, бір жылбысқы нəрсе білегін тұтып тұрғандай əсерден айыға алмады. Сол күйі жұмысқа кетті. Онда да байыз таппай күнді зорға батырып үйге келді де, қызыл іңірден жатып қалды. Түн ортасы ауа оң жақ білегінің дуылдап қышығанынан оянған. Шам жағып қараса, кəдімгідей қызарып, ісініп тұр екен. Жарақатына салқын су басып қайта қисайды. Ертеңіне кешегі қышып басталған жарақат жанына бататын ауруға айналды. Қызуы көтеріліп, мең-зең күйге түсті. Амалсыз емханаға барған. Ондағылар тұқшия тексергенімен, мұның қандай дерт екенін тап басып айыра алмады. Сөйтіп, дəрі жазып беріп үйіне қайтарған. Бірақ, дəрігердің берген емінің дауасы түспеді. Керісінше, оң қолы күп болып ісіп, талаурап бара жатты. Жалғызының жолына жанын құрбан етуге əзір Жəмила ананың есі шықты.

 

– Қандай қырсыққа ұрындың, мынау аузы-мұрны жоқ бітеу жара секілді ғой... Құдайым-ай, кесіріңнен сақта,- деп білетін дұғасын күбірледі.

 

Кешкісін күнмен таласа молда шақырып, ішірткі жаздырып алған. Алайда, білегін белдей етіп ісірген бітеу жара молданың оқуына қыңа қоймады. Керісінше, қызуы көтеріліп, жас жігіттің жанын қинап, тынысын тарылта берді. Арада апта өтті. Енді Сейітжанға төсектен тұрудың өзі мұңға айналды. Басыр болғандай жата бергісі келеді. Көзі ілінсе: «Ала шаңның ішінде жүреді. Қалың киік...

 

Бұл соларды қуып, мүйіздерін қырқып жүр екен дейді... Кенет, бір текешік атылып келіп білегіне мүйізін қадайды. Қызыл қан аспанға шапшиды. Əлемді қан басқан күлімсі иіс қолқасын қапқандай...».

 

Шошып оянған. Манағының барлығы түсі екенін ұққанымен дел[1]салдық бойынан арылмады. Жарақатының жазықсыз жануардың қанынан болғанын Сейітжан сонда анық түйсінді. «Құлетектің қырында болған қырғын» туралы бірін бүкпестен анасына жырдай ғып айтып берді.

 

Əншейінде де, «Алласы» аузынан түспейтін кейуананың мұны естігенде иманы қасым болды: – Киіктің киесі ұрған екен ғой. Жайында жүрген жазықсыз жануарларда не құндарың қалды, ойбай,- деп алдымен борандата басталған ашу ақыры сабасына түсті.

 

Ертесіне Жəмила апа баласын алып, бір қиырдағы белгілі емшіге баруға бел буды. Қаракөлеңке бөлмеде, құранды жайып салып, таспиық тартып отырған орта жастағы сылыңғыр қара кісі бұлардың сəлемін алған жоқ. Күбір етті де, иегімен оң жақты нұсқады. Əулиелі өңірдің соңғы пірі саналатын Есболай емші осы екен.

 

– Бəйбіше, келеріңді білгем. Ниетіңе иман ұйыған, арам дүниеге құнықпаған жан екенсің. Мына жалғызыңа неғып қорған бола алмадың? Шайтанның азғыруы ма, əлде адамның алдауы ма, əйтеуір, киелі нəрсеге қолын былғап алыпты ғой, балаң, - деп емші бірден тік кетті. Үнінде жазғыру бар, бірақ ашу жоқ. Бəрін қолмен қойғандай болжап, біліп отыр. Анасы алдымен жаулығын жұлып ортаға тастады. Жаулық астына жасырылған ақша бұлттай аппақ шаш көпси көтеріліп, Сейітжанның жанарын жасқады. Əжім басқан қара торы жүзінен жас пен тер шұбырып, иегін жуды.

 

– Əулием, атағыңызды естігенімізбен алдыңызға келіп көрмеп едім, біліп отырсыз жалғызым осындай дертке душар болды. Қайырымыңнан қағыс қалдыра көрме, - деді де, теткіп қалды. Сол сəтте əбжіл көтерілген емші мұның білегіндегі орауды жаза бастаған екен. Сейітжан оның қалай таянғанын байқамай да қалды.

 

– Əр нəрсенің күрмеуі де, шешуі де Тəңірдің қолында ғой. Біздікі себепшілік. Сəтін салсын деп тілейік, кейуана,- деп қосып қойды. Сосын жаралы білекті мұқият сипап отырып, ішінен бұларға белгісіз бір дұға қайырды. Емші сипаған сайын науқастың жаны жай таба бастады.

 

– Құран ашып, ем жасағанмен аурудың беті қайтпас. Дегенмен, əзірге жаны тыншыр. Бірақ одан дауасы түспейді. Бұл – жанды жара. Қайдан, қалай тап болғанын болжап отырғам жоқ. Əйтеуір, балаң киелі нəрсеге ұрынған. «Киепет ұрғанды киемен қайтарады» деген бар еді. Ауылыңа қайт. Барысымен тұмса босанған жас ана тауып, соның уызын жараға тартып көріңдер. Ана сүтінен таза, одан пəк нəрсе жоқ қой, шипасы түссе содан түсер. Үш күнде жара жарылса, бала сенікі, жарылмаса, ол да Алланың бұйрығы,- деп емші орнына барып отырды. Жазған құлда шаршау бар ма, алыс сапардан оралысымен перзентхана жағалап, таныс сағалаған Жəмила ана ақыры керегін тауып əкелді. Қасқалдақтың қанындай болған уыз сүтті дəкеге тамызып, жарақаттың үстіне таңып тастады. Енді үш күнге дейін таңғыштың орауын жазбай, тілек тілегеннен өзге үйдегілердің қайраны жоқ та еді. Жылға баланған үш күнде жаралы жігіттің жүріп өткен өмір жолы көз алдынан керуендей тізіліп өтумен болды. Бейкүнə балалықшақ, желпінген жігіттік кезең. Парықтап қараса, ешкімнің «аласын мініп, құласын жетелегендей» желікпепті. Құрбы-құрдасына əлімжеттік жасаған, болмаса адам баласына аярлық танытқан кезі де есіне түспейді. Тек, сор болып жабысқан баяғы аңшылық сапар ғана.

 

«Шаң мен қанға бөккен «Құлетектің» қыры, жайрап жатқан киіктер... Құныққандай жазықсыз жануарларды қырып жүрген қарақшы топ. Арасында бұл да бар. Тағы да сол текешік... Бұған тіке атылып кеп білегіне тұқыл мүйізін қадайды. Шыбын жаны шырқыраған бұл амалсыз бетін қорғаштап, қолын сермей берді...

 

Бейсенбіден жұмаға қараған тамыздың таңы керіліп, керенау атты. Ұйқы[1]күлкі дегенді тəрк еткен Жəмила кейуана жалғызының жанында отырған. Сейітжан, оқта-текте шошынғаны болмаса, бірқалыпты тыныстайды. Кенет науқас оқыс айқай сап, жаралы қолын көкке сермеп қалды (Ауырғалы бері ол қолын қозғамақ түгілі, дəкесін ауыстырғанда жан терге түсетін). Сол сəт таңғыштың сыртына қан аралас іріңді сарысу шыпшып шыға берді... – Ақсарбас, ақсарбас! Жалғызымнан жаным садаға! Əлемнің иесі, жан біткеннің киесі барлығын ұқтырған Көк Тəңірі! Боқты дүниенің бодауына кеткен біздерді тəубеңе келтіргеніңе құмбылмыз. Кеше гөр, кеше гөр біздей пендеңді,- деген кейуананың күбірін ешкім естіген жоқ.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости