RSS лента

Бұл циклон емес, амал!..

  • 13.04.2022, 05:51,
  • 749
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Амалды цилон деп түсінбеу керек, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ҚАЗАҚША ЖЫЛ ҚАЙЫРУ 12 ЖЫЛМЕН ЕСЕПТЕЛЕТІНІНЕН КӨЗІҚАРАҚТЫ ЖАННЫҢ БАРЛЫҒЫ ДА ХАБАРДАР. ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЗІРГІ КҮНТІЗБЕГЕ САЛҒАНДА 14 НАУРЫЗДАН БАСТАЛАДЫ. АТАМ ҚАЗАҚТЫҢ: – ОН ТӨРТІ – БІР ЖАҢА, ОН ЕКІСІ – АҚЫР ТОҒЫЗ, – ДЕП ОТЫРАТЫНЫНЫҢ СЕБЕБІ СОЛ!..


Міне, дəл осы кезден бастап, Қазақстанның батыс өңірінде жыл сайын кездесетін күн райының құбылыстарын жергілікті жұрт «қазақы амалдар» деп атайды. Журналист болып шапқылап жүріп, көптеген адамдармен кездесіп, күнделікті қоғам тынысынан көне тарихқа дейінгі əңгіме-естелік, шежіре-тарихты көп тыңдадық. Оларды айтушылар да дара жаратылған адамдар. Солардың бірі – ат үстінде көп жүрсе де, ел ішіндегі қариялардың əңгімесін көп тыңдаған құймақұлақ шежіреші, көрнекті қайраткер Есенгелді Нұршаұлы. Көрісу өтіп, жердің тоңы жіпсіген шақтағы кезекті жолсапардың үстінде арғы-бергіден əңгіме төгілтіп келе жатқанбыз. Ол кезде қазіргіден гөрі қыстың қыс сияғы бар, жерге қар көбірек түскен. Өңменнен өтер өкпек желдің ауыздан шыққан сөзді жел жақтағы адамға жеткізбей ала қашатын сайқымазақтау кезі. Бел жазып, аяқ суытып тұрғанда айта қалдық: «терістікте салқындық бар-ау, жел өткір екен…» деп.


– Жоқ, шырағым. Бұл – «циклон» емес, «отамалы» деген қазақтың амалының кірісі. Қазір қазақтың амалын синоптиктердің ауа айналуына қатысты болжамымен шатастырып жүр. Біздің қариялар дана ғой, шіркін. Жыл мезгілінің əр амалын адаспай көріп, тап басып айта білген, – деді Есағаң.


Сосын одан əрі өмірлік тəжірибесінен мысалдар келтіріп, біраз естелік айтты. Сонда Есағаңның айтып, кейін қағазға түсірген біраз мағлұматтары əлі күнге сақталып тұр. – Қызмет бабымен көптеген жерлерде болдық. Сол кезде шаруа күткен адамдармен көбірек кездесуге тура келді. Əсіресе, өзім тəлім-тəрбиесін алған жылойлық Ашықалы Тағанов, Тұрдығали Мəмбетов деген ақсақалдарға əркез құрметім шексіз. Солардың айтуымен жылма-жыл қайталанып келіп отыратын ауа райы құбылыстары туралы кейбір мəліметтерді өзімнің қойын кітапшама жазып алған едім. Бұрынғы өткен қарттар жыл амалдарының əрқайсысына ат беріп, болатын кезеңін болжаммен айтса да дəлме-дəл келіп отырған.


Ескі күнтізбе бойынша əр айдың аралығы (жаңа күнтізбе бойынша əр айдың 13-14 жаңасы) «өліара» деп аталады, ол кезде күн райында құбылыстар болуы мүмкін. Осындай дала академиясынан өткен жандар «Отамалы – ойылған қыс, сəуір – сəнді қыс, саратан-зауза – сенен де қорқам, үркерлі айдың бəрі қыс» деп, əрқашан сақтанып жүруді ескерткен. Мұны кəріқұлақ қариялар мен шаруа баққан адамдарға айтып, дұрыстығын тексеріп көрдім. Барлығы да мұны мақұлдап, оң пікір білдірді. Демек осыған тоқтаған жөн, – деп, Есенгелді аға халықтың ежелден келе жатқан ауа райы жөніндегі тұрақты болжамын келер ұрпақ жадына сіңіруді аманаттаған еді.


Қазіргі есеппен алғанда, ақпанның 20-сынан аса інде жатқан тышқан жер бетіне бір шығып, қыс ызғары қатты болса, қайтадан ініне кіріп жатады екен. Көлденең шөпке жан кіретін осы кезеңді ата-бабамыз «Қазыбек наурызы» деп атаған екен. Ал, жыл басы – 14 наурыздың шағында «Наурыздың ақша қары» жауатынын Табиғат-Ана дəлелдеп те жүр. Шамамен 10-15 наурыздың аралығында ертеде мереке ретінде жұрт жиылып атап өткен көрінеді.


Қазір де ел арасында ескіше Жаңа жылда бір-біріне игі тілектер айтып, көрісіп жатады. Мұнда ешқандай діншілдік пиғыл жоқ. Ал, көрісуді «Амал мерекесі» деп жұртты шатастырудың жөні жоқ. «Отамалы» – наурыздың үшінші онкүндігіне шамалас өтетін амал. Бұл кездегі құбылмалы күн райына қарап, оны «Отамалы – ойылған қыс» деп те атайды. Кейде «орыстың қалталы қара Иваны ғой» деп те қояды.

Сəуірдің 10-ы мен 20-сының аралығындағы «Бесқонақты» білмейтіндер кемде-кем. Ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып 10 күнді құрайды. Сондықтан, «бес ескі, бес жаңа» деп те атайды. Ертеде «көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел аузында аңыз да бар. Бесқонақтың дауылынан кейін қара тамақ, саршыбжық торғай келеді.


Қазіргі күнтізбедегі мамырдың үшінші онкүндігіндегі амалдың атауы – «Құралай». Киіктің лағын өргізетін кезі болғандықтан, «киіктің құралайындай» деген сүйкімділік ұғымы осыдан шыққан. «Кіші қазан» – 28 қыркүйектен кейін, 4-5 күн шамасында өтеді. Күн суытып, алғашқы салқындық болады. Жиналмаған егінге қауіп төнетіні осы шақ.


Ал, 8 қазаннан кейін «Үлкен қазан» келеді. Салқындық болып, шөп солып, ағаштың жапырақтары түсе бастайды. 28 қазан мен 8 қараша аралығындағы «Кіші қараша» амалында ауа райы құбылып, күн бұзылады. Қар аралас жауыншашын, үскірік жел болып, күздіктегі малшыларға қиындық туғызатын шақ. Қараша, қаздар мекеніне қайта бастайды.


«Үлкен қараша» – 18-28 қараша аралығында өтеді. Бұл «кіші қарашаға» қарағанда қаһарлы, қыстың алғашқы хабаршысы іспетті. 19-29 желтоқсанның аралығындағы қар жауып, ұйытқыған боранды күндер «Киіктің матауы (бұрқағы)» деп аталады. Киіктің текелері осы уақытта өзіне табын құрып, шағылысқа кіріседі. Сөйтіп, бұл табиғи науқан 10 күннің ішінде өте шығады да, көктемде əр ұрғашы киік екеуден лақ өргізеді.


Көпті көрген көнекөздердің қолына су құйып, сөзін тыңдап өскен көшелі жан Есенгелді Нұршаұлының осы бір ғибратты ақылы түсінген жанға таусылмас қазына іспетті. Бірақ соны ұғынар жан қаншалықты екенін бағамдай алмай қалатынымыз рас. Енді жас буынның атадан қалған асыл сөзге талабы мол болуын тілейік.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости