RSS лента

«Қартайған ата-анамызды сен бағасың...»

  • 23.02.2022, 02:57,
  • 425
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қымбатшылық, қатыгездік, қанішерлік… қазір ештеңе таңқалдырмайды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Азық-түлік дүкенінен нан алдым. Сатушы ұсынған ақшамды алмады. Білмейтін едім, жұма күні бір қалаш нанды тегін береді екен. – Мен сатып алайын. Шын мұқтаж адам келсе, екі нан бере қоярсыз! – Жоқ, олай жасай алмаймын. Сауап үшін жасалған амалымызды 100 теңгеге айырбастағым келмейді. Мұқтаж адамдарға кез-келген күні нанды тегін береміз…

* * *

Такси жүргізушісі: – «Газ арзандады. Бағаны түсіріңдер» деп, бізге ел ренжиді. Қалай түсіреміз?.. Машина алған несиеміз, студент қыздың оқуы бар, күнделікті ішіп-жем тағы бар. Көп балалы ретінде алатын ақша да азғантай. Оның үстіне тек газбен жүрмейміз, машинаға обал, бензинді де жағуға тура келеді. Балалардың қосымша сабақтарына да қыруар қаржы керек. Мың теңгеге ештеңе де сатып ала алмайсың… Əлі сөйлеп келеді. «Нұрсаядан» теміржол вокзалына дейін 1000 теңге» деген жолкірені қымбатсынып келе жатқаным шын еді. Мына сөздерден кейін, жасы елуді еңсеріп қалған жігіт ағасына деген аяушылық сезімім пайда бола қалды. Ойлап қарасам, айтылған проблемалар бəрімізге ортақ. Бірақ… – Жолда тағы такси тоқтатып тұрғандар болса, ала беріңіз, қарсылығым жоқ, – деп қалай айтқанымды да аңғармай қалдым…

***

– Садақаларда аста-төк дастархан жасамау, қайғылы үйге салмақ салмау туралы айтылса да, тыйылмай тұр, а?.. Кабинетке жұмыстағы апай сөйлей кірді. Бəріміз аталған тақырыпты шуылдасып, талдай кеттік. Шын мəнінде, бұл қадамды бастау тұрмақ, қабылдауға да қоғам дайын емес сыңайлы. Осындай бір қаралы жиыннан соң, бір үстелде бірге отырған апайдың: – Əкелерінен ақша аяған балалардан сақтасын, столда ештеңе жоқ, – дегенін құлағым шалды. Жасы біразға келген үлкен апайдың сөзі – шынайы бейнеміз еді. «Ұят болады» деген ұғымның мəнін садақа өткізерде де естен шығара алмайтынымыз жаман. Менталитет!..

***

Жұмыстан шыққан соң, супермаркетке бас сұқтым. Кассаға кезекте тұр едік, алдымда тұрған жігіт ағасы төрт-бес жасар қызға қарап, ағылшынша сөйледі. Жалт қараған қыз – көзі мойылдай, шашы тас бұйра, өңі де өзге. Таңданысымды байқатқым келмесе де, көп сауал көкейімде қалды. Есік алдына шықсам, олар көлік күтіп тұр екен. – Қызыңыз ба? – дедім қазақша. – Иə, – деп күлді ол. – Таңданып тұрған шығарсыз, үлкен қызым анасына тартқан, ұлым өзімнің аузымнан түскендей. Алматыда тұрғанымызда, бізге ешкім назар аудармаушы еді. Іссапармен Атырауға келіп едік, жергілікті тұрғындардың бізге аңтарылып қарайтынын байқап жүрміз. Музей экспонаттары секілдіміз, – деген азаматпен арамыздағы əңгімені жанымызға келіп тоқтаған көлік бұзып жіберді. Есік ашылып, ішінен кішкентай бөбек əкесіне қарай қолын созды. Расында да, ұлының түрі – нағыз қазақ! Қара нəсілді, көзі мойылдай қыз анасына ағылшынша сайрап жатыр. Аралас неке шынайы махабаттың көрінісі ме осы?!

***

Бүгінгінің баласы бұрынғы буыннан басқаша. Шыны сол. Кішкентай күніміздегі ойындарды айтсақ, қазіргілер шошиды. – «Алты қалайы» деген ойын үшін ескі қақпақтарды жинайтынбыз… – Қайдан?.. Тосылып қалдым. Белгілі ғой, лақтырылған заттар арасынан алатынымыз. Қоқыс қопарудың теріс əрекет екенін білсек те, «ауру жұғады» деген түсінік біздің санамызда жоқ-тұғын. Қазір балалар қоқыс жəшігіне титімдей зат тастаса да, «қолыңды мұқият сабындап жу» деп, тыжырынып жатамыз. Тым талапшыл болып кеткен емеспіз бе біз?..

***

– SMM мамандығын оқып алдым. – Ақшасын кім төледі? – Мамам. – Алдында да екі курс оқып едің ғой. – Жоқ, үшеу. Оны да мамам төледі. Əкеге айтпай, ақша тауып берді. – Ол оқулардың пайдасы болмаса, не үшін ақша шығарып жүрсің? – Өз-өзімді таба алмай жүрмін. Менің интернетте жұмыс жасап, ақша табуға мүмкіндігім мол екен. – Оны кім айтты? – Психологтың лекциясын тыңдадым. – Ол да ақылы ма? – Иə. Үндемедім. Өз қабілет-қарымыңды ақша төлемей-ақ байқап көру, бағамдау – осы күні сəннен қалған ба?..

***

Олардың айрандай ұйып отырған отбасының шырқын өз бауырлары бұзды. «Қартайған ата-анамызды сен бағасың. Себебі, үйдің кенжесі емессің бе?» деген сөзге бола, тым-тəуір жұмысын, көлігін, барлығын тастап, астанадан Атырауға келді. Əу баста созылмалы дерті бар келіншегі үшін «климат ауыстыруға» мəжбүр болған-ды. Ауруы өршісе де, «кенже ұл» екені ойына орала берді. Ақыры, ауа жетпей, кезекті рет қиналған кезде келіншегі өмірден озды. Артында көздері жəудіреген балалары қалды. Күйіктен ішкілікке салынған кенже ұл ес жиып, тағы отау көтерді. Ол одағы да сəтсіз болып, ауылдағы қара шаңырақтың сəні қашты. Шыр айналдырған өмір шырмауығы оны құрсауынан босата қоймады. Қараусыз қалған шиеттей бала, ауру əке-шеше, жұмыссыздық!.. Əбден қажыған кенже ұлды таңертеңгілік асылып тұрған жерінен тауып алды. «Ой, бауырым»-дап, жан-жақтан жиылған аға-апалары садақа өткен бойда ауылдағы үйге қалатын адам іздестіре бастады… Қайтейін сені, кем дүние!..

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости