Қасиетті Рамазан айында күллі мұсылман күні бойы ауыз бекітіп, Ораза ұстайды. Әт-Тақуа мешітінің бас имамы Өсімхан Аманбайұлының айтуынша, Ораза ұстау, бұл – әр мұсылманның парызы. Ал, егер аш қалған уақытта ағзаға зиян келетіндей ауруы бар адамдарға оны тұтпауға рұқсат етіледі.
- – Сырқаттанып жүрсе де, сауап жинағысы келетін жандар болса, Оразаның орнына арнайы садақа бере алады. Ол үшін отыз күн бойы бір адамды тойдырса жеткілікті. Мүфтият белгілеген пәтуаға сәйкес, оның құны қазір бір күнге 2500 теңгеден келеді. Яғни, отыз күн – 75 мың теңгеге шығады деген сөз, – дейді ол.
Рамазан айында ғана берілетін Пітір-садақа мөлшері биыл 420 теңге деп белгіленді. Оны «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы да төлеуге болады. Ол үшін облыстағы мешіттердің бірін таңдап, төлем жасайсыз. Алланың үйі – мешітке де аяқтай барып садақа беруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ, садақаны мұқтаж жандардың өз қолдарына да табыстауға болады. Бірақ, қазіргі эпидемиологиялық жағдайға орай отыз күн оқылатын Тарауық намазын мешітте оқуға тыйым салынады. Сол секілді, топтасып ауызашар беруге де болмайды.