Рамазан айында төтенше жағдай мен карантиндік режимге байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мешіттерде дәстүрлі тарауық намазын оқу мен «ауызашар» өткізу тоқтатылады.
«Оразаның отыз күнінде білікті ұстаздар мен имамдар «Хикмет» телестудиясы арқылы «Отыз күнге – отыз уағыз» онлайн-жобасының дәрістерін оқиды. Бұл үйден шықпастан дін қызметкерлерінің нұсқаулары мен уағыздарын тыңдауға мол мүмкіндік береді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми парақшаларында Құран оқу бойынша имамдар мен мешіт дін қызметкерлерімен онлайн-трансляциялар және Рамазанға байланысты басқа да іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
«Үйде отырып, сіз ғаламтордағы уағыздарды тыңдап, игі амалдарға атсалыса аласыз. Елдегі төтенше жағдай кезінде біз пітір-садақа мен зекет құнын ғаламтор арқылы төлеудің тиімді нұсқасын таңдадық» деп жазды Бас мүфти халыққа жолдауында.
Садақаны (Пітір-садақа) Kaspi.kz қосымшасы арқылы да беруге болады. Оның бір адамға шаққандағы сомасы биыл 370 теңгені құрап отыр.
Биылғы Рамазан айы 24 сәуірден 23 мамырға дейін жалғасады.
Толығырақ ақпаратты «Рамазан энциклопедиясы» парақшасынан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми muftyat.kz сайтынан білуге болады.