ЖИЫРМА БІРІНШІ ҒАСЫРДЫҢ ЖАСТАРЫ ӨТЕ БАҚЫТТЫ. АЛЫСҚА ҰЗАП КЕТПЕЙСІҢ, «СӨТКІҢЕ» БІРЛІК ЖҮКТЕЙСІҢ. БАНКОМАТТА ТҰР БАЙЛЫҒЫҢ, КАССАДА КЕЗЕК КҮТПЕЙСІҢ. ҒАЛАМТОР ҒАЖАЙЫБЫ ДҮНИЕНІҢ «СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ» АТАНДЫ. ҮЛКЕНДЕР ОДАН ҮЛГІ АЛСА, КІШІЛЕРІ ШЫРМАУЫНАН ШЫҒА АЛМАДЫ. СОЛ БӘЛЕНІҢ БАЛАҒЫНА ЖАБЫСҚАННЫҢ БІРІ – НАУРЫЗБАЙ. ОТЫЗДАҒЫ ОРДА БҰЗАР ЖІГІТ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ӘЙЕЛ ӘКЕЛІП, ҚАРТ АНАСЫН ҚАРЫҚ ҚЫЛҒАН ЕМЕС. КЕЛІНІ ДЕ, ҚЫЗМЕТІ ДЕ, ҚҰТТЫ ҚОНАҒЫ ДА – КОМПЬЮТЕР БОЛДЫ...
Бірде ол тосын хабарлама жасап: «Бүгін үйге досым келеді, таныс боласыздар» деді. Анасы болса, «тағы бір компьютер ме?» деп күлім қақты. Қас қарая домофон дызылдап, қонақ та келді. Әлгі «досы» бойжеткен болып шықты.
«Міне, менің сүйіктім...» деп сыбырлаған ұлына әке-шешесі аң-таң:
– ...Иә, қалайша кез болдыңдар?
– Компьютерден...
Міне, жар тауып «жеңге» де болған ғаламтор. Бұл күні үй иелері қолдан келгенше салмақты, сыпайы көрінуге барын салды. Әйтсе де, шырайлы Шымкенттің жайлы да жайдарлысы Атыраудың жылдамдығына ілесе алмады. Расында, батыста оңтүстіктей ешкім сызылып тұрмайды, сұрағын сарт, жауабын жалп еткізеді.
Келесі күні Раушангүл көкейдегісін жігітімен бөлісті:
– Біздің жақта ас ішсең – «асың дәмді болсын», үлкенге жол берсең – «көп жаса», түшкірсең – «жәрікімалла», яғни «жарығым Алла» деп бір сәтке тоқтап қалған жүректің одан әрі соғып кетуін тілейді. Ал, мұндағылар қит етсең, «не зат?» деп шыға келеді екен...
Наурызбай «екі» алған оқушыдай төмен қарады. Қайтсін енді?! Оңтүстік – жылы жақ, жүздері де жылы. Ал, Атырау – абыр-сабыр болған бір әлем.
...Ертең наурыздың он төрті. Таң атысымен Наурызбай сүйіктісіне қоңырау шалып, «үйіңде бол» деп ескертіп қойды. Айтулы күннен бейхабар бойжеткен «телефонмен айтылмайтын қандай шаруа?» деп ойға батты. Ал пәтерге кіре сала құшағына алып, «бір жасыңмен» деп құттықтаған Наурызбайды көргенде көктемдей жайнап сала берді...
– Менің кешегі сөзімнен соң көңілімді аулап жатқаның ба?
– Бұл – «көрісу» деген қазақтың ежелден келе жатқан салты. Қаһарлы қыстан тоқ шығып, наурыздан наурызға аман жеткендерін батыс жұрты айрықша атап өтеді.
Мұндайды алғаш көрген Раушангүлдің ендігі арманы осы жерге келін болып түсу еді.
«Сырт көзге қатал қаланың құпиясы да көп қой» деп мақтанып қойды Наурызбай.
Қазақтың мұнайлы және шырайлы қос шаһарына ортақ – Ұлыстың ұлы күні де жетті. Бұл күні жас шаңыраққа бақыт құсы қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Жаңа күннің парағы ашылып, жұбайлық өмірдің шуағы шашылды...