Биыл 18-23 қыркүйек аралығында «Атырау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі республикалық және жергілікті бюджеттен сатып алынған планшеттердің бөлінуі мен мектептерге жеткізілуіне қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізген болатын. 6 қазанда қала мен аудандарға бөлінген планшеттердің техникалық сапасына және таратылу жұмыстарына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, сұранысқа сай, Атырау қаласы бойынша 50 мектепке 500 планшет бөлінген. Алайда, су жаңа 1999 планшеттің 166-сы пайдалануға жарамсыз.
Алынған планшеттердің келісімшарттарында көрсетілгендей, тиісті мерзімі өте қоймағандықтан, ауыстырып беру жұмыстары жалғасуда. Ал, 1 қазанда келуі тиіс болған 1926 компьютер (комплектісімен) мен 15697 ноутбук әлі келмеген. Облыстық білім беру басқармасы мұны пандемия салдарымен байланыстырады. Яғни, аталған компьютерлер 9 қазан, ал, ноутбуктер 18 қазанда жеткізілмек.