Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінде болашақ заңгерлерді даярлау ісі жүйелі әрі сапалы түрде жүзеге асырылып келеді.Оқу үдерісі теория мен тәжірибенің үйлесімді сабақтастығына негізделген. Білім алушылар құқық саласының негізгі бағыттары бойынша терең білім алып қана қоймай, оны нақты өмірде қолдану дағдыларын меңгереді. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бағыттарындағы пәндер арқылы студенттердің кәсіби ойлау қабілеті қалыптасып, құқықтық мәселелерді кешенді талдау дағдылары дамиды.
Университет қабырғасында болашақ мамандардың тәжірибелік даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта студенттік заң клиникалары жұмыс істейді. Мұнда білім алушылар халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп, өздерінің теориялық білімдерін тәжірибеде шыңдайды. Осындай тәжірибе алаңдары кәсіби жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Оқу процесіне тәжірибелі оқытушылар мен құқық саласының білікті мамандары тартылған. Олар білім алушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқық саласының заманауи талаптарын түсіндіреді. Сабақ барысында нақты істерді талдау, пікірталас форматындағы дәрістер мен тәжірибелік тапсырмалар кеңінен қолданылады.
Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше мән беріледі. Университет студенттері шетелдік оқу орындарымен академиялық алмасу бағдарламаларына қатысып, өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұл олардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Қазіргі кезеңде құқық саласының цифрландырумен тығыз байланыста дамуы білім беру мазмұнына да жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты оқу орнында цифрлық құқық, ақпараттық қауіпсіздік, электронды қызметтерді құқықтық реттеу бағыттары бойынша білім беру күшейтілген. Білім алушылар заманауи технологияларды құқық саласында қолданудың ерекшеліктерін меңгеріп, жаңа дәуір талаптарына бейімделеді.
Жастардың кәсіби дамуы тек оқу аудиториясымен шектелмейді. Университетте түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер және құқықтық тақырыптағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп отырады. Осындай алаңдарда студенттер өз ойларын еркін жеткізіп, құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алады. Бұл олардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, кәсіби сенімділігін арттырады.
Сонымен бірге, білім алушылардың тұлғалық қалыптасуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оларға құқықтық мәдениет, адалдық, әділдік және жауапкершілік секілді құндылықтар жүйелі түрде дәріптеледі. Болашақ заңгер тек заң нормаларын білетін маман ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін тұлға ретінде қалыптасуы маңызды. Заң факультетінде жүзеге асырылып жатқан білім беру жүйесі кәсіби әрі бәсекеге қабілетті заң мамандарын даярлауға бағытталған. Оқу ордамыздың тәжірибесі көрсеткендей, сапалы білім мен тәжірибелік дағдылардың үйлесімі құқық саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізудің негізі болып саналады. Осындай кешенді даярлық болашақ мамандардың ел дамуына қосатын үлесін арттырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға жол ашады.
Г.Д.Ансатбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық,
азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы

