Бейнеттің зейнетін көре алатындар кімдер? Мұндай ізгілікке Атырау облысынан қанша адам ілікті? Бұл туралы atr.kz тілшісі Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің мамандарымен сөйлескен еді. Мемлекет басшысы былтыр халыққа Жолдауында Үкіметке кәсіпорындардың экологиялық, технологиялық және денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды.
«Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр», – деп ел Президенті арнайы тоқталған болатын.
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Әйгерім Бекқалиеваның айтуынша, 1 қаңтардан бастап қабылданған мұндай игілікке ауыр жұмыс істейтіндердің барлығының бірдей қолы жете қоймайды.
– Ауыр немесе зиянды жұмыс істейтін және 55 жасқа толған азаматтар тегістей аталған төлемді ала алады деп айта алмаймын. Өйткені оларға қойылатын арнайы талап бар. Жұмыс беруші тарапынан кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылуы шарт. Олай болмаса, жасы жетіп тұрса да бұл санатқа қосылуға келмейді, – дейді мамандар.
Басты талапқа сай келетін азамат осы әлеуметтік төлемге ие болу үшін басшылығына барып арыз жазады, ол enbek.kz сайтына өтініш қалдырады. Арыз негізінде жұмысшының еңбек өтілі, зейнетақы қорындағы жарна мөлшері, басқа да жағдайлар сарапталып, сәйкес келсе ғана жәрдемақы тағайындалады. Айтпақшы, арнайы төлемге қол жеткізген жұмысшының сол кәсіпорындағы жеңіл жұмысқа ауысуы керек немесе басқа жұмыс орнына ауысса да ауыр жұмыс жасамауы қажет. Тіпті, «осы жәрдемақы зейнет жасыма дейін жеткілікті, енді демаламын» деп жұмыстан шықса да еркінде.
– Төлем төрт түрлі қаржыландыру көзі арқылы жүзеге асады. Оның алғашқысы – республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде, екінші – өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан, сосын жұмыс берушілердің қаражаты есебінен ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен, – дейді мамандар.
Сонымен қатар, зиянды жұмысынан биыл босатылғандарға да төлем 4 төлем көзі арқылы тағайындалады. Ал, 2023 жылдың аяғына дейін ауыр жұмыстан шығып кеткен азаматтардың да әлеуметтік жәрдемақы алуға құқы бар. Алайда оларға тек республикалық бюджеттен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры есебінен төлем жасалады. Қайткенменде, осы екі санаттағылар үшін басты шарт бар, ол – 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы үздіксіз түсіп тұруы тиіс. Төлем тағайындалған азаматтарға зейнетақы қорындағы жинағының есебінен төлемдер алу құқығы беріледі. Биыл күнкөріс деңгейінің мөлшері 43407 теңге екенін ескерсек, ай сайын 200 мың теңгеден аспайтын көлемде әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігі бар. Департаменттің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 129 атыраулық осындай құжатты ресімдеген.