Кейін уәкілетті органдар бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Бөгеттердің бұзылу қаупі, республикалық маңызы бар жолдардың қирауы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары мен тәртібі туралы жалған хабарламалар жиі таратылады. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ОКҚ алаңында мәлім етті.
«Мысалы, әлеуметтік желілерде Ақтөбе қаласында сумен жабдықтаудың авариялық тоқтауы және су қоймасы шлюзінің ашылуы туралы жарияланған ақпаратты Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды. Сондай-ақ Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарының су басуы туралы хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеудің басталуы туралы ақпаратты, ал Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпаратты жоққа шығарды», – деді спикер.
Кеше ғана ел билігі және Үкімет тарапынан су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинау туралы жалған ақпарат шықты. Үкімет бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бүгінгі таңда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осындай 20-дан астам хабарламаны терістеді. Мұндай хабарламаларды көбінесе белгісіз біреулер жариялайды. Бұл әрекеттер қоғамда дүрбелең тудыру, құлдырау, жеңіліс көңіл-күйін қалыптастыру үшін жасалады.
Осы орайда жауапты ведомство қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таратылатын ақпаратқа сын көзбен қарап, деректерді қайта тексеруге және тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырады. Вице-министр БАҚ өкілдерін де тексеруді немесе нақтылауды қажет ететін деректерді таратудан бас тартуды сұрады.