Еліміз енді етек жиып, егемендік алып жатқанда жаңа оқу жылын бастаған оқушының «Менің арманымдағы астана...» деп шимайлаған шығармасы бүгін де шындыққа айналды. Арман алдамады, ойлар орындалды. Жұрттың жартысын жалпағымен жайпаған ашаршылық артта қалды. Таршылықтың тарысын қуырып жеген қауырт күндер келмеске кетті. Қайғы мен қасіретке, қан мен терге толы өткен ғасыр ғайып болды. Келешекке кірпіш қалаған кешегі күнге көз жүгіртсек, өзге елдердегідей бізде де астананың ауық-ауық ауысқанын көреміз.
Бірақ, кеңестік кезеңде тарихтың тілі біраз бұрмаланып, қазақтың астаналары деп шын мәніндегі шұрайлы емес, шөлді қутақыр қоныстар көрсетіліпті. Бірақ, шындықтың аты шындық қой, суға салсаң батпайды, отқа салсаң жанбайды, қалайда қылыштай қиып түседі. Бәріне уақыт емші емес пе, Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыз таразы басын теңестірді. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді.
Жалпы, жаңа астана не үшін қажет болды және ол неге Арқадан тұрақ тепті, алдымен осыған тоқталайық. Еліміз егемендік алған кезде өмірді ақ парақтан бастау қажет болды. Міне, сондықтан ел жүрегін сәбидің санасындай тап-таза дархан далаға көшіру көзделді. Бұл орайда, бар мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дағдыланған халқымыз білектің емес, білімнің қуатын басты қару ретінде қолданды.
Астананы Арқаға ауыстырудың екінші себебі, елдің бір шеті елеусіз қалмасын деген ой. Бұған дейін де оның Ұлытаудан тұрақ табуы – «артымыздан жау алмасын, алдымыз ашық болсын» деген ойдан туса керек. Не болса да, қысқа күнде қырық құбылған заман ғой. Соның бәрінің артында – кемеңгер де кемел Қазақ елінің сара саясаты жатыр.
Үшіншіден, қазақтың қос бүйірінен қысқан қысылтаяң нарық жағдайында күн көру кім-кімге де оңайға тимеді. Ешкім жылы орнынан жылжығысы келмеді. Сондықтан сын сағатта экономикалық сілкініс керек болды. Сөйтіп, кешегі Ақмола тозаңнан тазарып, көсегесі көгерді. Оның үстіне, ескі үйлерді күреу де қиынға соқпады, қолға жұқпады.
Тарихи шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Парламенттің қос палатасында қызу пікірталастар жүрді. О баста халықтың бір бөлігі жаңалыққа жатырқай қарағаны рас. Қалай болғанда да, басшылар бастады, қалың қауым қостады. Тарих тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеді. Шағаладай шарқ ұрып, тыным таппады. Таланттың да, тарихтың да тұлпарын алма-кезек мініп, алысқа шауып отырды.
Астанаға алғаш сапарлаған ел азаматтарына алақан жайып, батасын берген ақсақалдың бірі – өзіміздің жерлес жазушымыз, заңғар тұлғамыз – Зейнолла Қабдолов екен. Ақыры, араға жарты жыл салып, Еуразия кіндігінен қазақтың қуаныш күлкісі естілді. Алыпқашпа әңгімелер артта қалып, бас қаланың бұғанасы бекіді. Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның жаңа Астананы емес, Астананың жаңа Қазақстанды құрудағы үлесі басым түскендей! Адал еңбек ақталып, дос сүйінетін, дұшпан күйінетін жағдайға жеттік.
...Иә, Астана құру күллі алаштың арманы еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың Григорий Потанин жөнінде мақаласы бар. Соған зер салсақ, «Қараөткел қазақ автономиясының орталығы болса, жоғары оқу орындарында жастар білім алса, Қозы мен Баянды, Шоқандай азаматты берген халықты дүние жүзі таныған болар еді» деген қазақтың арманын алаш зиялылары Потаниннің аузына салып қойғандай. Осылайша, ерке Есілдің бойынан байыз тапқан Астана бүгінде жарасымды жаңаша атау иемденді. Онымен қазір әлемнің озық отыз елі санасады. Мұнда қазақстандықтардың ең асқақ армандары орындалды десе де болады. Сан ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бас біріктірді.
...Мен Астанаға бірнеше рет іссапармен бардым. Көркіне көз тоймайды. «Айналдырған жиырма бір жыл ішінде қалайша осындай зор дәрежеге жетті екен?» деп таңданамын. Экономикасы, оның ішінде, инфрақұрылым жүйесі, сәулеті мен дәулеті, әлеуметтік әлеуеті, мәдениеті мен әдебиеті, бәрі де үйлесім тапты. Иен далаға иелік еткен шаһар шынымен де ыстық ықылас пен ерекше әсерге бөлейді. Бұл жердің тұрғындары да өте қонақжай. Небір дін өкілдерінің форумы, Сириядағы соқтығыстарға қатысты бұқараны бейбітшілікке бастаған келелі кездесулер, халықаралық ұйым мүшелерінің маңызды жиындары мен басқа да көптеген іс-шаралар Астанада өтуі тегін емес.
...Бір барғанымда «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешенінде болған едім. Мұнда жарты мыңға жуық жәдігер қойылған. Сондай-ақ, әлемнің ең ірі 10 мұражайының бірі – еліміздің Ұлттық мұражайын да аралап шықтым. Көне тас ғасырынан бастап Тәуелсіздік жылдарына дейінгі аралықтағы ақпараттың бәрін осы жерден табасыз. Қай нысанға барсам да, тартымды технология мен электронды қызметті көріп көз сүйсінеді.
Бұл жер бәсекеге қабілетті болуға баулитын орын десем артық айтқандығым емес. Мұнда қиялыңызға қанат бітіп, бұрын белгісіз болып келген жаңа қырыңыз ашылады. Шеберлер шабыт шақырып, шығармашылықтың шыңын бағындырады. Жастар жарқын болашаққа жол салып, арманға қол созады. Рас, мұнда ағылған азаматтар көкірек көзін суарып, жан дүниесін жаңартуда. Десек те, болмағанды болды, толмағанды толды деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Ендеше, осынау елдігіміз бен кеңдігімізді Тәңіріміз көлденең көздің сұғынан, қиямпұрыстың құрығынан сақтағай деп тілейік.