RSS лента

Бір үйде екі «бастық» болмауы керек...

Автор фото: adyrna.kz

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Отанымыздың тұғыры мықты, бекем болуы үшін оны құрайтын шаңырақ мықты болуы керек. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениетін тәрбиелеу осы киелі орыннан басталады.

 

Білім саласының ардагері Дəмен Алтаева бақыттың кілті – бірлікте екенін алға тартады...

 

– Отбасы – Сізді қуанышта да, қиындықта да, кедейлікте де, байлықта да, ауырғанда да, денің сау кезіңізде де бірдей жақсы көріп, қамқорлық жасайтын адамдар, - дейді ол. – Іргетасы мықты қаланған отбасы қандай «дауылға» да құламайды. Жанұя барлық кезде адами құндылықтар, ұрпақтың мəдени, ұлттық мұрасы сақталатын асыл ұя десек, оның берекесі мен бірлігі, беріктігі елдің дамуы мен ілгерілеуінің өлшемі болып табылады. Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, ең қымбаттысы – ар сақтау, бəрінен ардақтысы – адал өмір сүру, ең тəттісі – сыйластық» деген екен. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Сыйластық бар жерде сүйіспеншілік болады. Ал сүйіспеншілік тұрақтаған отбасының босағасы берік. Бақытты отбасында ғана ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы мазмұнды, ал перзенттеріне берген тəрбиесі сенімді болмақ.

 

Отбасы дегеніміз – əкенің патшалығы, ананың əлемі, сəбидің жұмағы. Отбасының татулығы əйелге де, ерге де байланысты. «Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деп ұлы Абай жырлағандай, отбасындағы береке ең алдымен əйелдің тəрбиелілігінен басталады. Əйел отағасын ардақтап, азамат əйелін сыйласа, бақытты, үлгілі шаңырақ дегеніміз сол!

 

«Сен күйеуге шықтым деп ойлама, сен босағаға күйеуге шықтың. Босағаңа ие болсаң, ерің сенен теріс айналып кетпейді» деп аузы дуалы үлкендер де бекер айтпаса керек. «Жақсы болсаң жердей бол, Бəрін шыдап көтерген. Таза болсаң, судай бол, Бəрін жуып кетірген» демекші, əйел адам шыдамды, сабырлы болса ғана барлығын жеңеді. Сондықтан əйелді жерге, еркекті күнге теңеуіміз бекер емес. Еріне қарсы сөйлеу, бетінен алу, тыңдамай өз бетімен жүріп-тұру, отағасымен ақылдаспай тірлік жасау отбасындағы ұрыс[1]керіске бастайды. Бір тұтанған от дер кезінде сөндірілмесе, өртке айналу қаупі бар секілді, отбасындағы кішігірім ұрыстың өзінен шаңырақ шайқалуы əбден мүмкін. Отбасын сақтаудағы құпия – ерін «пірім» деп сыйлау. Ерлі-зайыптылар бір топ болып біріккенде ғана неке берекелі, отбасы бақытты, баянды. Ол үшін екеуінің мүддесі бір, ойы ортақ, мақсаты айқын болуы керек. Əйел-ана – отбасындағы бірлік пен ынтымақтың, ырыс пен берекенің сақтаушысы. Сондықтан əйелдің қоғамдағы ролі ерекше.

 

Қазіргі заманда əйелдің заман ағымына сай дамып, өсуіне мүмкіндік бар. Оған себеп – əйел мен ердің арасында тең құқық орнататын гендерлік саясат. Қызмет пен отбасын қатар алып, үйінде балаларына қамқор ана, күйеуіне сүйікті жар болып, қызмет бабында басшы жəне іскер əйелдер қатарында жүріп, қоғамда өзіндік орны бар үлгілі аналар баршылық. Қазақта ер адам əйелден бір саты жоғары тұру қағидасы қалыптасқан. Өкінішке қарай, кейбір жоғары мансаптағы əйелдердің ішінде отбасында ер адамның орны жоғары екенін естен шығарып, үйде де еріне мойынсұнбайтын «командир» əйелдер де кездеседі.

 

 

Бір үйде екі «бастық» болмауы керек. Соның кесірінен ер мен əйелдің арасында түсініспеушілік туындап жатады. Негізінен, əйел қоғамда қандай басшылық орында болса да, ол – өзінің отбасында қарапайым əйел-ана. Сондықтан ол үйде өз орнын біліп, барлық мəселені ерімен ақылдасып, бірлесіп шешуі керек. Дүние-мүліктің құлына айналу да жақсылық əкелмейді. «Байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды» деп даналар текке айтпаған. Яғни, тек қызметті ойлап, отбасына көңіл бөлуді ұмыт қалдыруға болмайды. Бұл ерлі-зайыптылар арасындағы рухани байланысты əлсіретеді. Əйел қанша жұмысбасты болса да күйеуінің жағдайын жасап, саналы ұрпақ тəрбиелеп, ағайын-туыстың басын біріктіріп, жұмақ жасамаса да, жұмақтай жылылық орнатуы қажет.

 

«Əйел алсаң, қарап ал ақылдысын, Сол болар басқалардан жақын кісің. Ағайынға, туысқа қарайласса, Дүниеде нағыз сол мақұл кісің. Ерге аю, балаға қасқыр болса, Ондай қатын алғанның күні құрсын» деп айтқан Шал ақын Құлекеұлының насихатының маңыздылығы жойылған жоқ. Əйел – үйдің ұйытқысы десек, еркек – отбасының басшысы, қолбасшысы. Есіңізде болсын, ең жақсы қолбасшы дауылды теңізде кемесін суға батырмай жүргізе алады. Отбасының басқарушысы – ер-азамат, əке. Отбасын ұрыс-керіссіз, тыныштықпен басқару ер адамнан үлкен біліктілікті талап етеді. Отбасындағы айқай-шу, ұрыс – басқарушы отағасының əлсіздігінің белгісі.

 

Ер азамат үш əйелді ерекше жақсы көріп құрметтеуге, қорғауға, аялауға, қажеттіліктермен қамтамасыз етуге міндетті. Біріншісі – өзін өмірге əкелген анасы. Екіншісі – өмірін жалғастырар ұрпақты дүниеге əкелген жан-жары. Үшіншісі – өзінің қанынан жаратылған, өмірге əкелген қызы. Ер адам үшін ең бірінші орында анасы тұруы тиіс. Өкініштісі сол, үйленгеннен кейін əйелін анасынан жоғары қоятын жағдайлар да кездесіп жатады.

 

Бір мұсылман қыз болады. Оған бір жігіт ғашық болып, екеуі үйленеді. Жігіт əйелін өте жақсы көреді. Жалғыз анасына көңіл бөлмей, барлық сый-сыяпатын əйеліне жасап, анасын мүлде ескерусіз қалдырады. Мұны көрген əйелі ажырасуға бел буады. Жігіт таң қалып: «Мен сені сыйламадым ба?» - деп сұрайды. Əйелі: «Сыйладың, сен мені анаңнан асыра құрметтедің. Мен балалы болмай тұрып ажырасқанымыз дұрыс деп таптым. Өйткені сендей əкенің тəрбиесін көріп өскен бала ертең ержетіп үйленгенде, мені бір бұрышқа қойып қойса, маған қандай қиын болар еді? Сол қателіктің алдын алғаным жөн деп шештім» - дейді.

 

Еркектердің көпшілігі күнделікті өмірде «Ананы, əйелді, қызды жылатуға болмайды» деген тыйымның түпкі мағынасына мəн бермейді. Алдау, арбау, ұру, соғу кейбір жігіттерге үйреншікті іс-əрекет болып алған. Ресми дерек бойынша, елімізде жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық əйел зорлық-зомбылыққа төзіп келеді екен. Шариғатта «Əйелді жылатпа, Құдай оның көз жасын санайды» деп жазылған. Сондықтан əйелді ұруға, жылатуға ешқандай еркектің құқығы жоқ. Əйеліне қол көтерген еркек – ең осал жан. «Əйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабамыз əйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқарған. Ал əйелін жөнге салу үшін сабырлық танытып, сөзбен түсіндіре білген еркек – нағыз еркек. «Əйелді қорлау – анаңды қорлау. Өйткені, бірі – өз анаң, екіншісі – балаңның анасы» деген Қадір Мырза Əлі.

 

«Үш нəрсеге шағымданба: Əйеліңе, үйіңе, балаңа. Себебі: əйелді өзің таңдадың, балаң – өз қаның, үйді өзің салдың» деген тəмсілдер қазір отбасындағы зорлық-зомбылықтың күшейіп тұрған кезінде əр еркектің есінен бір сəтке де шықпауы тиіс. Шаңырақтың  бақыты – түсіністік пен сыйластық, кешірімді болу, бірін-бірі бағалай білу. Шаңырақ бақыты туралы сөз қозғағанда «мен» дегеннен гөрі «біз» деп айтқан жөн. болар. Өйткені отбасы бақыты – бірлікте, иыққа тіреуіш, бір-біріне сүйеніш бола білуде. Төле би: – Шіркін-ай, келінім аруана болса, күйеу балам нар болса арманым жоқ, - депті. Қасындағылар: – Бірін ана түйеге, бірін мына түйеге неге теңедіңіз? Төле би: – Жігітті малшы ететін де, жалшы ететін де – əйел. Күйеуінің тапқанын шашпай-төкпей қазанын толтырып отырса, əйел аруана емей немене? Қызыңды берген күйеу балаң шаңырағын шайқалтпай, өмірінің соңына дейін қызыңды аялап, өз еліне сіңіре білсе, нар жігіт емей немене? - депті. Халқымызда «Еркек – үйдің егесі, əйел – үйдің шегесі» деген нақыл сөз бар. Еге болу үшін шегемен де ақылдаса іс қылу керек. Шеге болмаса, кімге еге боласың? Еркек үйдің қабырғасы, көз тартар жері болса, əйел көзге түсе бермейтін, алдыңғы қабырғаны тіреп, ұстап тұратын үш қабырға болуы керек. «Жаман əйел ерін құл етіп, өзі құлдың əйелі болып өмір сүреді, жақсы əйел ерін хан етіп, өзі ханның əйелі болып өмір сүреді» дейді бабаларымыз. Əйел күйеуі үшін бірінші орында емес, оның орны – күйеуінің жанында. Төменде де, биікте де, алдында да, артында да емес, жанында!..

 

Ертеде ашуланшақ, күйгелек, өте сабырсыз адам болыпты. Ал əйелі керісінше, байсалды, сабырлы, ақылды екен. Ерінің сондай қиын мінезіне қарамастан екеуі тату-тəтті, береке мен бірлікте өмір сүріпті. Күйеулерімен жиі ренжісетін құрбылары: – Сенің күйеуіңнің мінезі бізге мəлім. Соған қарамастан тату өмір сүрулеріңіздің мəні неде? - деп сұрайды. Сонда əйел: – Үйдегі ұрыс-керіске өздерің кінəлісіңдер. Жұбайларың ашуланса, сендер оған жауап қайтаруға дайын тұрасыңдар. Күйеуім ашуланса, ол кінəлі болса да үндемеймін. Сол сəтте Алладан оның жүрегіне сабырлық пен мейірімділік беруін тілеймін. Менің үндемегенімді көріп, ол да сабасына түседі. Біздің бақытты болуымыздың сыры осы ғана, - деп жауап беріпті.

 

Ежелгі қазақ ұғымында, таным-түсінігінде «Шыққан қыз шиден тысқары», «Қайтып келген қыз жаман» деген қатал тыйыммен тұрмысқа шыққан қыз баланың ажырасуына жол бермеген. Ал қазір ер мен əйелдің құқығы теңдей заңмен қорғалып, əйелдер еркіндікке қол жеткізген. Соның кесірі шығар, еліміз бүгінде ажырасу саны көп мемлекеттің қатарына кіріп отыр. Ажырасудың негізгі факторы – отбасы құндылығының жойылып бара жатқандығы, материалдық жетіспеушілік, жастардың дайындықсыз отбасын құруы, ата-енемен сыйыспау, өмірге əртүрлі көзқарас, махаббатты жоғалту, қызғаныш, «көзге шөп салу» секілді оғаш əрекеттер. Мұндайда жастар асығыстыққа жол бермей, ажырасқан отбасында ең көп зардап шегетін балалар екенін ұмытпауы тиіс. Ажырасу секілді ауыр мəселені сезімге емес, ақылға жеңдіріп, ажыраспаудың жолын табуға тырысу керек. Жақсы жұп дегеніміз – ешқашан ұрыспайтын жұп емес, ең үлкен ұрыста да айырылмайтын жұп.

 

Ертеде өзара сыйластықпен ұзақ жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылар болыпты. Бір күні кемпірі төсек тартып ауырып жатып, шалына бір құтыны беріпті. Құтының ішінде екі дана шұлық жəне көп мөлшерде ақша бар екен. Кемпір шалына: – Мен саған тұрмысқа шығар алдында əжем: «Күйеуің ашуланғанда жауап қайтарма, ұстамды, сабырлы бол. Ашуыңды басу үшін ұршық иіріп, шұлық тоқы» деп өсиет еткен болатын. Мына құты – сол өсиеттің нəтижесі, - депті. Сонда шалы: Құтыда екі шұлық болғанына қарағанда сені екі рет ашуландырдым ба? - депті. Кемпірі: – Құтыдағы өте көп ақша сатылған шұлықтан түскен табыс, - деген екен. Ажырасуды болдырмау үшін алдын-ала отбасы құру ниеті бар жастармен жұмыс жасау керек.

 

«Жұбайлар бар əңгімесі таусылған, Ал махаббат таусылмайтын əңгіме» деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, кейбір ерлі-зайыптылардың бір-біріне жеткілікті көңіл бөлмеуі, жылы сөз айтпай, күйбең тірліктің тасасында қалуы да ерлі-зайыптылардың арасының алыстауына əкелуі мүмкін. Ажырасқалы жатқан жастардың үлкендері, туыстары жарастырудың қамын қарастырып, дұрыс жол сілтеп қамқорлық жасаса, шаңырақты шайқалтпай ұстап қалу мүмкін болар. Ата-бабамыз ертеде абыз ақсақалдар, дана əжелер арқылы жас отбасына ақылшы болып, жөнге сала білген. Мына сөз сүйекке таңба болған.

 

Бір əйел күйеуі мен енесі күн сайын ұрып-соғып, балағаттап күн бермеген соң, баласын жетектеп төркініне қарай бет алыпты. Жолда ол əйелге Алдаберген би кездесіп, мəн-жайға əбден қанығады. Сосын қағазға бір сөз жазып: «Бір ашуыңды бас, еліңе қайт. Ал мына қағазды пəленшеге берерсің» деп əйелді райынан қайтарады. «Алдаберген би берді дерсің» дейді қосымша. Осы сөзді əлгі ауылдың үлкені оқығанда, тұрған жерінен отырып қалып: – Əй, əттеген-ай! Сүйекке таңба басылды ғой. Тірідей көмілдік қой. Енді қайттік?! - дей беріпті. Сөйтсе қағазға мына сөз жазылған екен:


«Қойдан қозы туады шөп жейтұғын,

Иттен күшік туады боқ жейтұғын.

Осындай бейсауат сөз сөйлегенге

Ауылыңнан шықпады ма «қой» дейтұғын?..»

Міне, ертедегі даналардың сөз айтуы мен сөз қабылдаудың бір үлгісі осындай болса керек-ті.

 

Отбасы құндылығы – оның бақытын жасау. Біз бәріміз сол жобаның құрылысшыларымыз. Отбасы бақыты жұбай, бала, сенім, тірек, мейірім, махаббат, сый-сыяпат, қамқорлық ұғымдарымен қоса жылылық ошағы, әділетсіз әлемнен пана, өзіңді бар болғандығың үшін жақсы көретін ортаң ретінде әрбір адамға таныс. Жоғарыда айтылған пікірдің бәрі осы сөздің арнасында тоғысады. Жаратушы адамды топырақтан, яғни лайдан жаратқан дейді. Және оның жанында кішкентай ғана лай қалдырыпты. «Бұл лайдан тағы не жасап берейін?» деп сұрапты. Сонда адам: «Маған бақыт жасап бер» депті. Жаратушы жауап қатпай, лайды адамның қолына ұстатыпты. Яғни, бұл «өз бақытыңды өзің жасауың керек» дегенді меңзесе керек. Осы аңыздағыдай әркім өз отбасының бақытын өзі жасауы керек-ақ. Ендеше, болашақтың іргетасын қалайтын бүгінгі ұрпақ парасатты, саналы, ұлымыз ұлықты, қызымыз ұятты, қылықты, келініміз тәрбиелі, ибалы, өнегелі болсын!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости