RSS лента

Отан қорғауды мектеп қабырғасынан түсіндіру керек

  • 22.09.2023, 01:37,
  • 330
  • 0
  • Автор:
Автор фото: pixabay.com

Әскерге бару қазір неге бұрынғыдай зор беделге ие емес? Бұл сауалға Ауған соғысының ардагері Қайролла Көшқалиев жауап берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ол Отанды қорғау отбасынан басталатынын айтады.

 

– Әрине, ел болған соң, оның құрлық пен судағы шекарасын күзетіп, халықтың тыныштығын қорғау қажет, - дейді Қ.Дүйсешұлы. – Бұл – әр азаматтың асыл парызы. Оның үстіне, қазір әлемдегі геосаяси жағдай онша мәз емес екенін күнделікті бұқаралық ақпарат көздерінен біліп отырмыз. Ол аздай қазір ХХІ ғасырдың обасына айналып кеткен экстремизм мен терроризм де жаһан жұртын одан бетер алаңдатып тұр. Сондықтан қазір әрбір әскери маман физикалық жағынан да, ақыл-ой тұрғысынан да озық болуы керек. Қарулы күштеріміз мықты болса ғана уақытша қиындықтарға төтеп беруге болады.

 

Қазіргі жағдайға сәл талдау жасайтын болсақ, әскерде болмаған азаматтардың балалары көп жағдайда әскерге барғысы келмейді екен. Ал, керісінше әскери тәртіптің не екенін көзбен көріп, түйсігімен түйсінген әкенің тәрбиесін көрген баланың жан-дүниесі мүлде бөлек. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге асығып-ақ тұрады. Шынымен де, кешкі сағат онда жатып, таңғы алтыда оянудың өзі қатаң тәртіптің бір көрінісі емес пе? Сондықтан әскерге дайындық тек денсаулықтың жарамдылығымен немесе физикалық күш-қуатпен шектелмейді. Жастарға бала кезден рухани-патриоттық тәрбие беру керек. Бала ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, этиканы, мәдениетті теориялық тұрғыда емес, санасына және бойына сіңіріп өсуі қажет. Қалай болғанда да, бала ата-анасынан естігенін емес, көргенін жасайды. Мәселен, кезінде әкесі әскерден қашқан баладан не талап етуге болады? Ендеше, ең алдымен отбасы тәрбиесіндегі осал тұстар мен олықылықтардың орнын толтырған жөн.

 

...Бұлай жалғаса берсе, балаларын әскерге беруге түбегейлі қарсы ата-аналар бір күні наразылық шеруіне шығуы мүмкін ғой. Себебі, олардың дені жаңалықтарды ресми ақпарат көздерінен емес, әлеуметтік желіден оқып отыр. Ал, онда жалған ақпарат желдей есіп жүр. Журналистермен жағаласып жүрген блогерлер «жерден жеті қоян тапқан» жазбалары үшін заң алдында жауап бермейтіндерін біліп, ауыздарына келгенін айтуда. Олар егер бір сарбаз түшкірсе, «ауырып қалды», ал, шын мәнінде ауыра қалса, «өлім ауызында жатыр» деп бояуын арттырып жар салады. Сондықтан алыпқашпа әңгімелерден бойды аулақ ұстап, әр ата-ана ержеткен балаларын әскерге жібергені жөн-ақ. 

 

*Сіз не дейсіз?

 

Мерей ҚАНАТҰЛЫ, Нұржау ауылының тұрғыны:

 

– Мен әзірге «дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алып жатырмын. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде студенттерге арнап әскери кафедра ашылған. Мен де сол жерде әскери дайындықтан өтіп жатырмын. Оны аяқтаған соң, «аға лейтенант» шенін алып шығамын. Бұл – мен үшін зор мақтаныш. Өйткені, әскери салаға бала кезімнен қызығатынмын.

 

Осылайша, ертең оқуымды бітіріп, мектепте сабақ беретін кезде жастарға тек дене тәрбиесін ғана емес, патриоттық тәрибе беруге де дайын болғым келеді. Себебі, соңғы уақытта мектепке ер мінезі жетіспей жатқаны ащы да болса шындық. Мен болашақта осы олқылықтың орнын толтырсам деймін.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости