RSS лента

Жастар әскерге барудан неге қашады?

  • 14.02.2022, 02:06,
  • 1 018
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстандық жастар әскерге барғысы келмейді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ӘСКЕР ҚАТАРЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫ. АЛАЙДА, БҮГІНДЕ КЕЙБІР ЖАСТАР ӘСКЕР ДЕСЕ, АТ-ТОНЫН АЛА ҚАШАТЫН БОЛЫП ЖҮР. МҰНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?


Елімізде жыл сайын əскери міндетін өтеуге 17 000-ға жуық адам шақырылады. Мәселен, былтыр Атырау облысына 1300-дей сарбазды жинақтау жүктелсе, соның 92 пайызы орындалған. Дегенмен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Эльдар Шынғалиев «командалардың жасақталу көрсеткіші сын көтермейді» деген пікірде. Оның айтуынша, əскерге шақырылушылардың көбінің денсаулығы жарамсыз.


– Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандарындағы шақыру комиссияларының құрамында дəрігерлер жетіспейді. Сондай-ақ, Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармада талапқа сай шақыру пункті жоқ, – дейді департамент басшысы.


Жуырда мемлекет басшысы жастардың əскери борышын өтеуден қашатынын сынға алған болатын. Атырау облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының бастығы Ержан Жұманов осы мəселеге байланысты өзінің пікірімен бөлісті.


– Əскери қызметтің отбасы институтымен, ұлттық құндылықтарға құрылған тəрбиемен тығыз байланысты екенін мойындауымыз керек. Ал, əскерге барушылар қатарының сиреуінің бірнеше себебі бар. Бірі отбасылық жағдайларға байланысты бара алмайды, келесісінің денсаулығынан кінəрат табылады. Түрлі сылтау айтып, борышын өтеуден қашқақтайтындар да кездеседі, – деді сұхбаттасушымыз.

Былтыр облыста əскери міндеттен жалтаруға байланысты бір адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл жеңілдің үстімен жүруді қалағандарды ойландырса керек.


– Бүгінде жастардың банктен алған несиелері бар. Оны төлеу үшін олар жұмыс істеп жүр. Сол себепті «армияға бармаймын» дейтіндер аз емес. Бірақ, заңда мұндай жағдай қарастырылмаған. Президент те жастарды əскерге баруға қалай ынталандыру керектігін қоғам болып ойласуды ұсынды. Сала маманы ретінде айтарым, жастарға əскерден келгенше несиелік жеңілдік қарастырылса. Сарбаздардың айлық жалақысын (қазір 3000 теңгені құрайды) күнкөріс шегімен немесе төменгі жалақы деңгейімен теңестірген дұрыс болар еді. Сондай-ақ жоғары оқу орнының төлемақысына 50 пайызға жеңілдік немесе грант берілсе, бұл да əскерге шақырылушылардың көбеюіне септігін тигізер еді, – деді Ержан Нұртілеуұлы.


Қазір мемлекеттік қызметте, күштік құрылымдарда қызмет етуге бұрынғыдай əскери билеттің талап етілмеуі де жастардың ынтасын кеміткендей.


Сарбаздың цифрлық мәліметі


Əскерге шақыру науқанында ата-аналар да жауапсыздық танытады екен. Олар көбінесе «үйде балам жоқ, қайда екенін білмеймін» деп шақыру қағазын алудан бас тартатын көрінеді. Сондай-ақ «баламды əскерге жібермеймін» дейтіндер де бар. Əрине, əлеуметтік желіден жантүршігерлік оқиғаларды көрген ата-ананың ұлын əскерге жібергісі келмейтіні белгілі. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдайлар да кездескен. Алайда, қазір əскери салада тəртіп күшейді. Жуырдағы Парламент Мəжілісінің отырысында əскерге шақырылғандардың цифрлық профилі əзірленіп жатқаны айтылды. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, мемлекеттің əскери күшінің қуаттылығы басты назарда тұруы керек.

Ал, сарбаздардың психологиялық тұрғыдан əлсіздік танытып, өзіне-өзі қол жұмсаған жағдайлары қоғамда теріс пікір қалыптастырады.


Сондықтан жас сарбаз туралы толық ақпарат, соның ішінде оның психологиялық денсаулығы жайлы мəліметтердің жинақталғаны құптарлық. Жаңа жүйе жергілікті билік пен қорғаныс істері жөніндегі департаментке жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлескен жүйелі жұмыстың нəтижесінде əскерге шақырылғандардың цифрлық профилі қалыптасады. Онда тұлғаның қандай спорт түріне əуестенетіні, білімі, мекен-жайы, отбасылық жағдайы, қай пəндерге икемділігі жəне денсаулығы туралы мəлімет жинақталады. Сол арқылы əскерге шақырылған үміткерлердің медициналық тексеруі кезінде оның өзіне-өзі қол жұмсауға бейімділігіне талдау жасалуы керек. Əрине, Қарулы Күштерде суицид мəселесі дабылқағарлық емес. Бірақ қайғылы жағдайдың алдын алу үшін салада атқарылатын жұмыс күн тəртібінен түспейді.


– «Отан отбасынан басталады» демекші, əр ата-ана ұлдарын ер мінезділікке жəне отансүйгіштікке тəрбиелеуге мүдделі болуы керек. Жастардың бойына мектеп қабырғасынан əскери тəрбиенің ерекшеліктерін сіңіре берген дұрыс. Сонда бозбала аз уақыттың ішінде əскер өміріне тез бейімделеді. Сарбаздар сапына рухы мықты жəне дайындық сынынан сүрінбей өткен жастарды алуға ниеттіміз. Біздің мақсат – сарбаздардың білімін нығайтып, Қарулы Күштердің жауынгерлік əзірлік деңгейін жоғарылату, – деді Атырау облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ержан Жұманов.


Әскерден келген жігіт абыройлы ма?


Биыл мектеп бітіретін түлектердің арасында «əскерге барудың қажеті жоқ» деп есептейтіндері аз емес болып шықты. Олардың пікірінше, əскери кафедрасы бар жоғары оқу орнына түскен немесе еңбек етіп табыс тапқан тиімді. Арасында «əскери билетті 40 күндік оқудан өтіп те аламын» дейтіндері де кездеседі. Жеке мүддені жоғары қоятын бүгінгі қоғам өкілдерінде «Отан қорғау – əрбір азаматтың борышы болуы керек» деген ойдың жоқтығы қынжылтады. Əрине, бес саусақ бірдей емес. Батыр ата-бабалар ізін жалғаған ұрпақтар да бар. Отансүйгіш, қандай жағдай болса да міндетін атқарудан жалтармай, өз басын өлімге тігіп, өзгені құтқарып жүргендерді естігенде қалайша еміренбейсің? Сондай батыр сарбаздардың қайсарлығы кешегі қаңтар оқиғасында көрінді. Иə, «Ұланы бар елдің ұраны бір» дейді қазақта. Əскери борышын өтеп келген сондай ұланның бірін əңгімеге тартқанбыз. Ол өзін Нұрлыбек Асланбекұлы деп таныстырды. Оның айтуынша, əскер мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.


– Мен үшін əскер сапында сарбаздық борышымды өтеп келгенім үлкен абырой. Дəл 18 жасқа толған күнімде шақырту қағазын а лғанда абдырап қалғаным шын. Анам жібермейтін шығар деп ойлағанмын. Ол керісінше «əскерге бару – абыройлы іс, соңыңнан ерген інілеріңе де үлгі боласың» деп рухтандырды. Əскери міндетімді «Айбын» президенттік полкінде атқардым. Еркін жүріп-тұрып қалған адамға бастапқыда тəртіпке үйрену қиындау болғанын жасырмаймын. Мүмкін, жастардың барғысы келмейтіні де осыдан болар. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Күніміз ерте тұрып, жүгірумен басталады. Маған əскери дайындық сабақтары мен жаттығу жиындары ұнайтын еді. Ал, «Дабыл» соғылған уақытта отырған жеріңнен тұра салып жүгіресің. Меніңше, ер адам болған соң жүктелген міндетті абыроймен өтеу керек, – дейді Нұрлыбек.


Расында, бейбіт күнде Отан алдындағы парызын өтеуге жастар аса асыға қоймайды. Махамбет ауданының тұрғыны, көп балалы ана Надежда Базарбаева осы тақырып төңірегінде ойын өрбітті.


– Үш ұлымның үлкені ғана əскер өмірімен таныс. Ал, екеуінің ниеті болса да «денсаулықтары жарамайды» деп қабылдамады. Меніңше, жастарды кінəлай беру орынсыз. Қазіргі таңда теледидардан əскердегі қысым жиі айтылады. Мемлекет тарапынан жастарды əскерге үгіттеу, жігерлендіру шаралары қолға алынса, құба-құп. Сондай-ақ, əскерден борышын өтеп келгендерге белгілі бір жағдай жасалса деп ойлаймын. Сонда жастар көптеп баруға бел буар еді, – дейді аудан тұрғыны


ӘСКЕРИ БОРЫШТАН ЖАЛТАРУДЫҢ СЕБЕП-СЫЛТАУЫ КӨП. БІРАҚ, КЕШЕГІ КҮНДЕРІ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ МАҢЫЗЫ БІЛІНДІ. СОНДЫҚТАН ОТАН ҮШІН ОТ КЕШУГЕ ДАЙЫН БОЛУ БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ ДЕСЕК, АРТЫҚ БОЛМАС…

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости