RSS лента

«Мемлекеттік қызметші қарапайым болуы керек»

Автор фото: freepik.com

Кей әкім-қаралар әдеп сақтамақ түгілі, алдына келген адамды менсінбей жатады. Шын мәнінде бұл – адамгершілік қағидатына қарсы әрекет, заңға да қайшы келеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Əдептілік – адам бойына алдымен отбасындағы тəрбиемен, өзін қоршаған ортаның қарым-қатынасымен берілетін қасиет, - дейді талай жылдан бері ауыл басқарып ел жатқан мемлекеттік қызметтің майталман маманы Ұзақбай Байзуллин. – Біле білген адамға əдептілік алдымен сəлемдесуден басталады. Сəлемдесу – ізеттіліктің, көрегенділіктің белгісі. Көпшілік орынға келгенде «Сəлеметсіздер ме?» немесе ер адамдар «Ассалаумағалейкум» деп жалпылама сəлемдесеміз, бұнымыз дұрыс. Көбіне мынадай жағдайлар өмірде көп кездесіп жатады. Құшақтасып, бет сүйісіп сəлемдесу ер азаматтар үшін ерсі қылық болып көрінеді. Сондықтан сəлемдесуге үлкен мəн бергеніміз жөн. Ізеттілік пен сыпайылық, əдептілік, əдемілік сияқты қасиеттердің бəрін адам отбасындағы тəрбиеден алады.

 

Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, жолдасы – кəсіп, қорғайтын қорғаушысы – мінез, бəрін бір тəртіпке келтіріп реттейтін – əдептілік. Кейде жастар тараптарынан көпшілік орындарда сағыз шайнау, қарқылдап дауыс шығарып күлу, қоқыстарды көрінген жерге тастай салу, жасы үлкендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, ұялы телефонмен дауыстап сөйлесу жəне тағы басқа ерсі қылықтар көрсетіп жатады. Мұндай келеңсіз қылықтар адамның əдепсіздігін көрсетеді, осы орайда жасы үлкен адамдар жастарға əдепті түрде ескерту жасағаны абзал.

 

Бұрындары жастарды ел болып тəрбиелеген ғой, ал қазір келеңсіздікті көрсе де көрмеген болып «сен тимесең, мен тимен» дегендей жайбарақаттық таныту басым. Кез келген ортада əр адам өз эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы əдептілікке қол жеткізуге болатынын есте ұстаған жөн. Көшеде жүріп-тұрудың да өз əдебі бар. Киген киіміңіз таза, өзіңізге қонымды болғаны дұрыс, оның ішінде аяқ киімнің тазалығы, шаштың таралғандығы сырт көзге кім-кімнің болмасын əдептілігін көрсетеді. Бұл орайда мемлекеттік қызметшілер іскерлік үлгідегі киім үлгісін киіп жүргендері дұрыс. Келе жатып танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен көшенің қақ ортасында тұра қалып сөйлесу де дұрыс емес. Танысын кездестіргенде əйел кісі жымиып танығанын білдіруі қажет. Ал, ер кісі алыстан арсалаңдап, қолын созып, амандасуға асықпағаны жөн. Ары-бері өтіп жатқан жүргіншілерге кедергі жасамас үшін кездестірген танысыңызбен көшенің бір шетіне шығып, аман-саулық сұрасқан орынды. Əйел кісі ер азаматтың оң жағында жүреді. Жолды жауып, өзгелердің өтуіне мүмкіндік бермей жүру де ерсі қылық. Бағдаршамнан өтерде міндетті түрде «жасыл шамның» жануын күту керек. Көшенің арғы бетіне кез келген жерден жолды қиып өту əр адамның өмірі үшін өте қауіпті. Жаяу жүргіншілер жолақты жол (зебра) белдеуінен ғана өтуді əдетке айналдырған жөн.

 

Жұмыстағы мінезқұлық əдебі бұл əріптестер, бəсекелестер арасындағы шынайы жəне тура қарымқатынас болып табылады. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Қызметтік ортада айтылған ақпараттар мен қызметтік құпия сол айтылған жерден сыртқа шықпауы қажет. Жұмыс орнында қызметтестермен жəне бағынысты қызметкерлермен олардың жұмыс тəжірибесі мен атқарған қызметіне қарай бағалаған жөн. Бағынышты қызметкердің кемшілігін көпшіліктің көзінше емес, жеке өзіне айтып, қателігін түзеуіне мүмкіндік жасау қажет. Алаш көсемі Əлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген болатын. Өз кезегінде мемлекеттік қызметші білімді, білікті, заман талабына сай талаптарға жауап беретін, ең бастысы, биязы мінезді, əдепті маман болуы тиіс.

 

Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру жəне мемлекет дамуына сапалы үлес қосу бағытында кешенді жұмыстар жасалынуда. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, əр істе əділ болып, əрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дəл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – парыз. Сонымен бірге азаматтардың заңсыз іс-əрекеттер жасауына мейлінше тосқауыл қоюымыз қажет. Сондай-ақ бір ескеретін жай, біз өз тарапымыздан қазынаның мүлкін үнемді, тиімді пайдаланып та мемлекетке орасан зор пайда əкелуге толық мүмкіндігіміз бар. Мемлекет меншігіндегі көлікті де тек жұмыс бабында пайдалануды тəртіпке келтіретін кез жетті. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы – Əдеп кодексі, ол – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мəн ерін ің базалық стандарттарын бекітеді.

 

Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, əділдік, адалдық секілді принциптерді ұстануы керек. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият соңына дейін тыңдау, əңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру, толық түсінік беру жəне болуы мүмкін тəуекелдер туралы азаматтарды хабардар ету, жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажет көмек көрсету сынды қағидаларды сақтауы керек. Жұмыстан тыс уақытта да, жалпы қабылданған моральдық əдептілік нормаларын ұстануға, қоғамдық жат мінез құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін жəне қоғамдағы адамгершілікке нұқсан күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мəселесіне жете мəн беріп, шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Кез келген адамды тыңдай білу жəне кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын, көрегендігін білдіреді. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тəн қасиет десек, халқымыз кең де көркем мінезімен көп нəрсені оңтайлы шешіп отырған. Сондықтан халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, əділдік пен адалдық болуы тиіс.

Оставить комментарий
Последние новости