Ақмөлдір небәрі 18 жаста. Қолындағы протезіне қарамастан үздік теннисші атанған Ақмөлдір Тілеуқұлова Атырау облысының Құлсары қаласында тұрады. Қазақстанды мойындатқан Ақмөлдір адамның мүмкіндігінде шектеу жоқ екеніне сенеді. Ақмөлдір ерекше сәби болып өмірге келді. Қолындағы туабітті жетіспеушілік қаршадай қызды сындыра алмады.
Үстел теннисінен талай жетістіктерді бағындырып жүрген спортшы бүгінгі Ақмөлдірдің қалыптасуына отбасы, бауырлары себепкер болғанын айтты.
"Әсіресе, анамның маған берген күш-жігері өмірден өз орнымды тауып, алға қарай ұмтылуыма себеп болды. Сондықтан адам жығылған кезде де, қуанған кезде де оның жанында отбасы болуы керек. Отбасындағы қамқорлық, демеу, жылы сөздер көп нәрсеге ықпал етеді", - дейді Ақмөлдір.
Ақмөлдірдің ерекше жағдайына сыныптас достары аса бір назар аудармаған. Бірақ бала кезден өте ұялшақ болған Ақмөлдір көп жерде ойын ашық айтуға қымсынатын.
"Сөйтіп жүргенімде анам мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамына апарды. Ол жерде өзім сияқты көптеген адамды көрдім. Мен үшін ол жер алға жетелейтін қуатты күші бар ерекше алаң болып көрінді. Өзіме сенуді, алға ұмтылуды үйрендім. Бала кезімнен үстел теннисіне қызығатынмын. Сол қоғамда жүріп, спортпен шұғылданамын деп шешім қабылдадым", - дейді Ақмөлдір.
Осылайша, 12 жылдан бері теннис саласында жүрген чемпион қыз біраз белестерді бағындырған.
"2021 жылдың мамыр айында үстел теннисінен Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жеңіп алған қола медалімнің орны ерекше. Атырау облыстық парақұрамаға қабылданғандықтан, үнемі жарыстарға шығып отырамын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгінгідей жетістікке жеткізген бапкерлерім Амангелді Мыңжасаровқа, Қайрат Еңсеповке, Гүлнар Әбілқайыроваға алғыс айтқым келеді", - дейді Ақмөлдір.
Талай жеңістерді еншілеп жүрген Ақмөлдір ұзақ уақыт бойы армандап келген бионикалық протезге жуырда қол жеткізді.
"Жаңа протезім қолымның қимылын жеңілдете түсті. Мен бақыттымын", - дейді спортшы қыз.