RSS лента

Қант диабетімен ауыратындар артуда...

  • 13.12.2023, 18:34,
  • 274
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Соңғы жылдары Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адамдар қатары артқан, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Олардың арасында бүгінгі кейіпкеріміз 14 жастағы Ильнар Рахматуллин де бар. Бірақ, мұндай диагноз оған спортпен айналысып, білім алып, басқалар секілді толыққанды өмір сүруге кедергі келтірмейді.

 

Жалпы, әлемде қант диабетімен ауыратындар 2017 жылы 425 млн-ға жетсе, 2040 жылы 642 млн-ды құрайды деген болжам бар. Бұл аурудың алғашқы кезеңдері еш белгісіз өтетіндіктен, науқастар дәрігер көмегіне кеш жүгініп жатады. Ильнар да өз диагнозын қарапайым анализге қан тапсырған кезде білген. Ал, тексерілуге оның күрт салмақ жоғалтуы себеп болған екен.

 

«Қант диабетіне шалдыққанымды алғаш естігенде не дерімді де білмей тосылып қалғаным бар. Себебі, бұрын-соңды ол ауру туралы білмеген едім. Алғашқыда анам әр үш сағат сайын мектепке келіп, саулығымды сұрайтын, тамақтандыратын. Ол қобалжығанымен, мен өзімді жақсы сезінетінмін. Ал, шын мәнінде менікі бірінші типті диабет еді, яғни, бұл – инсулинге тәуелді түрі» дейді Ильнардың өзі.

 

Ең бірінші анализ тапсырғанда қандағы қант көрсеткіші 11 болса, бірнеше күннен кейін ол 22-ге өсіпті. Жасөспрім шұғыл ауруханаға жатқызылды.

 

«Мен бастапқыда баламның диагнозына сенбедім. Қателік болар деп қайта тексерттім. Сол кезде бәрі де расталды. Жалпы, отбасымызда зиянды тамақтарға қатаң тыйым салынған, басқалар сияқты «кола» ішіп, «чипсы» жемейміз. Ұлым үнемі спортпен айналысты. Тамаққа тәбеті жақсы болатын. Тек соңғы кезде аяқ астынан арықтап, суды көп мөлшерде ішетін болды. Бұған әжесі екеуміз күдіктеніп, медициналық тексерістен өткіздік. Бұл дер кезінде қабылданған шешім болды» деп еске алады сол күндерді анасы Ольга. 

 

Қалай болғанда да, анасы мен балсы қант диабетімен өмір сүруге болатындығына сеніп, қолдан келгенше күресіп келеді. Қант мөлшерін өлшеу, инсулин қабылдау, мүгедектік алу, глюкоза деңгейін тексеру, жарты жыл сайын дәрігерге қаралып, алдын ала ауруханаға жатып ем-дом алу, диабетиктерге арналған дүкендермен және қантты ауыстырғыш тағамдармен танысу, диета ұстау, тамақтану барысын жіті қадағалау, жазда аптасына бір рет аз-мұз қарбыз жеу, міне, мұның бәрі Ильнардың күнделікті күн режиміне айналды.

 

«Ауруаға қарамастан, мен бала кезден айналысып келе жатқан каратэ спортынан қол үзбедім. Жарыстарға барамын, достарыммен серуендеймін, яғни, менің өімірімде ештеңе өзгерген жоқ. Менің сыныптас құрбыма да осындай диагноз қойылды. Енді екеуміз бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз» дейді өмірге құштар жас өрен.

 

Баланы емдеп жатқан жалпы тәжірибелік дәрігер Евгений Долгунов Ильнар мен анасы Ольганы нағыз күрескерлер екенін айтып, олардың ерік-жігері мен қажыр-қайратына сүйсінетінін жасырмайды.

 

«Қандай қиын болса да, ауруды қабылдамау және мойындамау – ең үлкен қателік. Бұл дәрігерге де ауыр тиеді. Әрине, қант диабетінің балаларда анықталуы өте өкінішті жағдай. Бірақ, шындықты қабылдай біліп, аурумен күресу керек. Қобалжудың қажеті жоқ, бұл диагнозбен де өмір сүруге болады» дейді ол.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости