...Айзаданың бойында өмірге деген ерекше құштарлық бар. Тағдырдың таңғажайыптарын таңдап, алға жылжитын мықты рух бар. Əр қазақ қызына тəн қайсарлығы тағы бар. Талайлы сынаққа тап болса да ішкі əлемін таза ұстайды. Өзгеге өкпе артпайды. Он екі мүшесі сау бола тұра «жұмыс жоқ» дегенді желеу ететіндерге үлгі боларлық жан.
– Тағдырды таңдап ала алмаймыз, көнбеске амал жоқ. Өмірге наз айтып отыру – менің қанымда жоқ қасиет. Иə, бойым басқалардан қысқа шығар, алайда, ойым көп адамнан жоғары, мақсатым биік. Аяқ[1]қолым сау, көзім көреді, тілім сөйлейді, білім алып, жұмыс жасауыма кедергі жоқ. Əрине, он екі мүшесі сау адамдардай, кедергісіз жұмыс жасауыма мүмкіндігім болмай қалатын кездер кездеседі. Бойымның қысқалығы медбике болып қызмет етуіме кесірін тигізді, дегенмен медицина қызметкері боламын деген арманыма тосқауыл болмады. Қазір облыс орталығындағы медициналық колледжде зертханалық диагностика мамандығын игеру үстіндемін. Биыл оқуымды тəмамдап, арманымдағы мамандығымның иесі боламын. Мүгедектік – ергежейлілік немесе аяқ-қолдың жасамауы, көздің көрмеуі, ақыл-естің бұзылуы емес, адамгершілік тұрғыдан кеуденің қуыстығы мен арам ниетті адамдардың рухани мүгедектігі. Қатарыңнан қалмай, оқып, білім алып, мамандығың бойынша жұмыс жасап, өмірге құштар болумен қатар, ар-ұятты жоғары қоя білген жағдайда шын мүгедектік далада қалады, - дейді Айзада.
Айтпақшы, кейіпкеріміз бұған дейін «Сервис» Орал технологиялық колледжін тəмамдаған болатын.
Кейде болмашыға баз кешіп, тағдырына кінə артып, өкпелеп, бордай үгіліп, өмірден түңіліп жататынымыз бар. Керісінше, туабітті кемтар не тағдыр тауқыметінен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Айзада Аянқызының да жарық дүниенің қадір-қасиетін бағалай білуі өзгелердің де ерік-жігерін жани түседі. Олай дейтінім, ергежейлі болып өмірге келгелі қиындықпен күресіп келе жатқан қайсар қыз қара басының қамын күйттемей, өзі секілді мүгедек жандарға, тағдыр теперішін тартқан жетімдерге, көпбалалы, əлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да көмектесіп, «Қарекет» қайырымдылық қорының Атырау облыстық филиалында басшының көмекшісі ретінде қоғамдық жұмыстармен айналысады.
– Айзада еріктілікті студент кезінен бастаған еді. Жас болып, қызық қумай, қайырымды істермен айналысып, 2018 жылдан бері қордың Орал қаласындағы бөлімінде ерікті болып жүрді. Кейін 2019 жылы Атырауға келіп, жақсы істерін біздің бөлімде жалғастырып жүр. Мен оның ерік-жігерінің мықтылығына таңғаламын. Болашаққа құлшынысы, алға ұмтылысы, еңбектенуге ынтасы, жалпы, өмірге көзқарасы ерекше, тіпті өзгеше дер едім. Бойының қысқалығы оған кедергі емес, қолынан бəрі келеді. Алғыр əрі пысық. Көмек қажет ететін отбасыларды, жандарды тауып, оларды тексереді. Демеуші табуға атсалысады. Мұқтаж жандар мен демеуші арасындағы көпір секілді, - дейді аталған қордың облыстағы бөліміне жауапты Жанарыс Сырымұлы.
Білгеніміздей, бүгінге дейін қайырымдылық қоры арқылы атыраулық 70 отбасы баспаналы болған екен. Осындай игі істерде Айзаданың да үлесі көп. Өзге түгілі, өзінің қара басын алып жүре алмайтын тепсе темір үзетін жігіттердің қасында Айзаданың ерік[1]жігеріне таңғалмасқа шараң жоқ. Ергежейлі болса да елгезек жанның жүрегінің кеңдігіне тағы бір мəрте риза болдым.
– Алла менің күшіме сай сынақ берген екен. Демек, сарылатын, өкпелейтін, баз кешетін ештеңе жоқ. Бұл дəл менің сынағым, маған жазылған жол. Менің тағдырым. Қорқыттың көрі секілді, қашып құтыла алмайтыным анық. Қабылдадым, жай тауып, тынышталдым. Жаным қалайтын сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Болашақта зертханада жұмыс жасап, білімім мен білігімді шыңдаймын, - деген қайсар қыз бос уақытында достарымен теннис ойнайтынын айтады.
Ағылшын, араб тілдерін оқытатын курста да дəріс алып жүр. Бір орында тоқтап қалуды жаны сүймейтін Айзаданың болашаққа жоспары көп. Кəсіппен де айналысып, əдемі, трендтегі ыдыс сататын дүкен ашқысы келеді.
«Оған жеке көлігім болуы қажет. Менің көлік жүргізе алмайтыным анық... Дегенмен, əр істің қайыры бар, шешімі табылатынына сенемін» деп асқақ арманына сенім білдірді.
«Тұқымымда мен сияқты ергежейлі жан жоқ. Мені Алла өзгеше етіп, ешкімге ұқсатпағаны ғой. Яғни, мен ерекшемін» деп өзі айтқандай, бойындағы өзгерісті қабылдап, өмір ағынымен қоса жүзу, тіпті оза жүру кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Сынаққа сынбаған 22 жастағы қаршадай қыздың əлі талай биікті бағындырып, асулардан асатыны анық.