Сенатор премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы кедейлік пен жұмыссыздық деңгейі дұрыс есептелмегенін мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, қазіргі көзқарас пен статистика нәтижелері сенімсіз.
«Қаңтар қасіреті еліміз үшін ауыр сынақ болды. Жазықсыз азаматтардың қаны төгілгендіктен, бәрімізге ауыр тиді. Менің ойымша, билікте жүрген бәріміз осы қайғылы оқиғаға жауаптымыз. (…) Жергілікті атқарушы органдар, үкімет үнемі елдегі жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі төмен статистиканы көрсетеді. 2021 жылы үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз, ал кедейлік деңгейі 4,5 пайыздан аспайтыны туралы ресми ақпарат берді. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келе ме? Жоқ. Шындығында, біздің есебімізше, елде екі миллион азамат жұмыс таба алмай жүр. Елдегі кедейлік деңгейін анықтауға деген көзқарас әлі күнге дейін оны төмендетіп көрсетумен ғана шектеледі» деді депутат.
Ол кедейлік шегін анықтайтын әлемдік стандарттарға шығу керек екенін мәлімдеді.
«Бізде әлі де адамдар, балалар кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Жалған статистикадан арылу керек, тәтті өтіріктен гөрі ащы шындық жақсы» деді Бақтиярұлы.