Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 3,3%-дан кезең-кезеңімен төмендету, 2024 жылы 2,5%-ға дейін төмендету болжанып отыр. Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталған. Оның шығыстар құрылымындағы үлесі 50%-ды құрайды.
«Мәселен, 2022 жылы әлеуметтік салаға сегіз триллион теңге жоспарланып, ағымдағы жылдың бюджетіне қатысты 515 миллиард теңгеге өсу көзделген. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің артуына, сондай-ақ, педагогтер мен дәрігерлер жалақысының ұлғаюына байланысты» дейді министр.
Экономиканың нақты секторын дамыту үшін 2022 жылға екі триллион теңге қарастырылған. Өңірлерге республикалық бюджеттен 4,5 триллион теңге бөлінеді, бұл жалпы шығыстардың 28,3%-ын құрайды.
Келесі үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын Үкімет бекітті. Енді құжат Парламенттің қарауына жіберіледі.