Мәжіліс отырысында сөз сөйлеген Қаржы министрлігінің басшысы трансферттерді есептемегенде бюджет кірістері бойынша жоспар 22 миллиард теңгеге артығымен орындалғанын хабарлады.
«Бюджетке 6,6 триллион теңге түсті. Салық түсімдері 5 триллион 576 миллиард теңгені немесе жоспардың 100,3 пайызын құрады. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіру салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі. ҚҚС бойынша жоспар 256 миллиард теңгеге орындалмаған, бұл ҚҚС қайтарылуының өсуімен, сату бойынша айналымның азаюымен және елдің сыртқы саудасының төмендеуімен байланысты.
Коронакризис жағдайында Ұлттық қордан берілетін трансферттердің өсуі орын алды, оның көлемі бюджеттің кіріс бөлігінің 45 пайызын құрады. Бұл ретте қосымша соманы есепке алмағанда, бюджет кірістері құрылымындағы трансферттердің үлесі өткен жылдар деңгейінде сақталады. Біз сөзсіз шикізаттық емес кірістердің тұрақты көздерін іздеудің және фискалдық әкімшілендіруді жақсартудың маңыздылығын түсінеміз. Бұл үшін көлеңкелі экономиканы қысқарту және салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Камералдық бақылау тиімділігінің 1,5 есе өсуі қамтамасыз етілді, осыған байланысты субъектілер тексеріске шықпай-ақ бюджетке өз бетінше 490 миллиард теңге төледі. Бұл ретте дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде ШОБ-қа қатысты салықтық бақылау шаралары алты айға тоқтатылды. Осыған қарамастан, цифрландырудың арқасында әкімшілендіруді жақсарту есебінен бюджетке 700 миллиард теңгеден астам қосымша түсімдерге қол жеткіздік.
ЖІӨ-нің нақты төмендеуі 2,6 пайызды құрады. Бұл карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты көрсетілетін қызметтер өндірісінің 5,4 пайызға төмендеуінен болып отыр. Сонымен бірге экономиканың нақты секторы екі пайызға өскенін көрсетті. Атап айтқанда, құрылыс — 11,2 пайыз, Ақпарат және байланыс — 8,7 пайыз, ауыл шаруашылығы — 5,6 пайыз, өңдеу өнеркәсібі — 3,9 пайыз» деді Ерұлан Жамаубаев.