Ауған соғысы бір емес, он жылға созылған болатын. Оған КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан да 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кеткен еді...Адамзат баласын ашаршылықтан аз қырмаған Ұлы Отан соғысынан кейінгі ірі қарулы қақтығыс, бұл – Ауған соғысы. Онда сол кездегі Кеңес әскерінің 15 мың сарбазы ерлікпен қаза тапты. Ал, 53 мыңы жарақат алды. Сондай-ақ, 1 милионнан астам ауғандық сарбаз мәңгіге жер жастанды...
Бейбітшілік жолында қазақ әскері де көзсіз батырлығымен көзге түскен еді. Олардың да біразы өзге елде өжеттілікпен өмірлерін қиды... Бұл – тылсым тарих кітабының қан тамған қызыл парақтары. Қалай болғанда да, жарқын болашақ үшін жан берген бабалар ерлігі – бүгінде ұрпақ жадында ұмытылмауы тиіс ұлағатпен тең. Сондықтан амал жоқ, халық жүрегіне Ауған соғысы салған ауыр жараның ауызын ашуға тура келеді бүгін. Себебі, биыл Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жылдың жүзі болып отыр. Бақандай он жылға созылған қанды қырғынға Қазақстаннан 22 мың адам қатысқан болатын. Олардың 761-і ажал құшса, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді... Ал, Атыраудан сол кезде мыңға жуық сарбаз аттаныпты. Қазір содан 435 ардагер қалса, оның 44-і – мүмкіндігі шектеулі жандар екен.
Ендеше, азалы жылдар азабын көзбен көрген, тентек тағдыр тауқыметін жүректен өткізген, бүгінде ашық аспан астында тату тірлік кешіп жатқан ардагерлеріміздің жайы нешік? Өздері не дейді екен?
– Еліміз ес жиып, етек жиған соң, өзінің өткеніне кері көз жүгіртіп, барлығын байыппен тарихтың сын таразысына салды. Сөйтіп, кеңес үкіметі кезінде көп айтыла бермеген қазақстандық интернационалист жауынгерлеріміздің жалынды ерлігіне ерекше көңіл бөліне бастады. Шүкір дейміз, биыл да Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай облыс әкімі Серік Жамбылұлының тікелей бастамасымен паспортизация жұмыстары қолға алынды. Бұл – өте қуанарлық және құптарлық іс болды. Сол секілді, жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі сияқты басқа да бірқатар жауапты құрылымдар тарапынан әлеуметтік көмектер ұйымдастырылып келеді. Мұның бәрі де ел ішінде «ауғандық ардагер» атанып кеткен біздерге деген үлкен құрмет пен ыстық ықыластың белгісі деп білемін, - дейді Ауған соғысының ардагері Мұратбек Кенжеахметов.
Сонымен қатар, ардагердің көңіліне кірбің ұялататын жайт та жоқ емес болып шықты. Мәселен, мемлекеттен баспана алғанымен, оны жекешелендіре алмай жүргендер көп екен. Осы және өзге де әлеуметтік мәселелердің шешімін біз облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Құралай Оңайбайқызынан сұрап көрдік.
– Жалпы, өңірде бүгінге дейін 55 мың тұрғын арнаулы әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, қатерлі ісікке шалдыққан және басқалары да бар. Бұл орайда, Ауған соғысының ардагерлері де назардан тыс қалмайды. Мұндай көмектер елімізде белгіленген алты мерелік датаға орай төленіп тұрады. Бүгінде облыста әскери ұрыс-қимылдарға қатысқан және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген 1184 адам тұрады. Оларға әлеуметтік бес санат бойынша 406 мың теңге беріліп отыр. Атап айтсақ, бұлар – Ұлы Отан және Ауған соғысына қатысқандар, Иран-Ирак, Қарабақ, Чернобыль жерінде азаматтық борышын өтегендер. Ардагерлерге жылына 150 мың теңге және ай сайын коммуналдық төлемдер үшін 35 мың теңге аударылып тұрады. Айтпақшы, биыл мерейлі датаға орай 15 ақпанда әдеттегі бір реттік 150 мың теңгеден бөлек тап сондай сомада тағы бір төлем аударылатын болады. Бұл да болса мемлекеттік қамқорлықтың бір үлгісі деп түсінген жөн, - дейді ол.
Ал, тағы бір Ауған соғысының ардагері Нұрлыбек Қайрекешов соғыс салған жара ешқашан жазылмайтынын, соған сәйкес көзі тірі ардагерлерге материалдық көмек те көбірек өрсетілуі тиіс деп санайды. Сол сияқты, он екі мүшесі сау ардагерлердің әлеуметтік қолдаудан тыс қалуы – әділетсіздік. Олар тым болмаса шипажайға барып, тегін ем-дом алса, соның өзі де көл-көсір көмек болар еді...
– Мен әскер қатарына сонау 1979 жылы 21 жасымда қатарластарымнан кештеу шақырылдым. Ол кезде үкімет жоғары білімі бар жастарды еңбек ету мақсатында өзге өңірлерге жолдайтын. Ендеше, мен де Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында алғашқы еңбек жолымды бастаған едім. Сол жерден Отан алдындағы борышымды өтеуге Түркістан қаласына аттанып кеткен едім. Содан аяқ астынан Ауған жеріне қалай барып қалғанымызды да байқамай қалдық қой. Мемлекет сол жерге «соғыс» деп жіберді, біз де тек бұйрықты ғана орындадық. Соғыста көрген қиындықтарымызды жай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көз алдыңда қандыкөйлек жолдастарыңның бірі қолынан, екіншісі аяғынан айырылып жатқанда, қатты күйзелгеннен жаныңды қоярға жеп таппай кетеді екенсің. Сондықтан соғыстан асқан ауыр сынақ жоқ деп ойлаймын бұл өмірде.
Мен де аяғымнан жарақат алдым. Абырой болғанда қансырап жатқан жерімде жолдастарым тауып алды. Содан үйге оралған соң Тәжікстан, Өзбекстан елдерінде ем алдым. Осылайша, тән жарасы жазылды. Ал, жан жарасы жазылған жоқ, әлі де ауырады. Оны ешбір дәрігер де емдей алмайды... Міне, сол жағы ескерілген болуы керек, Ұлы Отан және Ауған соғыстарына қатысқан ардагерлердің мәртебесі кешегі күнге дейін бірдей болып келді. Ол 1995 жылғы 28 сәуiрде шыққан №2247 заңда анық-қанығымен көрсетіліп жазылды. Сол кезде мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалды. Кейін бұл заңның күші жойылып, оның орнын Әлеуметтік кодекс басты. Нәтижесінде, біз, яғни, Ауған соғысының ардагерлері біршама әлеуметтік көмектен қағылып қалдық. Меніңше, көп кешіктірмей осы олқылықтың орнын толтырған жөн, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Жат жерде жүріп от кешкендердің алды – алды алпыс жастан асқан ел ағалары. Ал, кейінгілері – елуді еңсерген азаматтар. Солардың қатарында Құндызбай Құсайынов та бар. Ол қазір Амангелді атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді.
– Осыдан тура 35 жыл бұрын Кеңес әскері Ауғанстан демократиялық республикасының шекарасынан шығарылды, - дейді ол. – Бұл бейбіт күннің бастауы болды. 1979-1980 жылдар аралығын қамтыған қасіретті соғыс ешкімді аямады. Рас, бастапқы кезде бойды үрей билегені бар, бұл – заңды құбылыс. Кейін оған да үйреніп кетеді екенсің. Ол кезде небәрі он сегіз жаста едім. Сол кезде жалғыз менің емес, көптеген жас жігіттердің жүйке жүйесіне зақым келді. Өйткені, олар бұрын-соңды соғыс дегенді тек көгілдір экраннан, онда да көркем фильмдерден ғана көрген еді.
...Шүкір, қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Бүгінде Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан аса ұйымы бар. Солардың ұйымдастыруымен еске алу кештері мен ерлік сабақтары өтіп тұрады. Қалай десек те, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Ер есімі ел есінде қалады. Жеңіс жалыны жүректерде мәңгі маздамақ.
Арман НИЯЗОВ, Ауған соғысының ардагері:
– Қазір өскелең ұрпақты үйдің үлкендері емес, темір телефон тәрбиелеп жатыр. Бүгіннен бұған бұғат қоймасақ, болашағымызға қауіп төнуі мүмкін. Мәселен, біз кезінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері айтқан әсерлі әңгімелерді тыңдап өстік. Жай құлағымызға құйып қана қойған жоқпыз, санамызға сіңіріп, жадымызда жаттадық. Сол кезде біз ертең Ауған жерінде соғысамыз деп ойлаған жоқпыз ғой. Бірақ, әлгі ардагер ата-әжелеріміздің ерлік дастандарына елітіп өскен соң ба, Отан алдындағы абыройлы міндетімізді мінсіз атқаруға тырыстық. «Қанды шайқаста қырылып қаламыз-ау» деген қорқыныштың белгісі де болмады. Керісінше, бойымызға батылдық пен батырлық қасиеттер біте бастады. Ақыры, сұм соғысты да көрдік. Бұл нағыз өмір мен өлім мектебіндей болды. Себебі, онда тәніміз ғана емес, жанымыз да оқ пен оттың ортасында арпаласқа түсіп, шыңдалып шықты...
Руслан КЕМЕЛБАЙ, интернационалист-жауынгер:
– Бүгінгі жастарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі зор үміт артып, мол сенім білдіріп отыр. Неге? Себебі, олар бұрынғы заманда емес, Жаңа Қазақстанда білім алып жатыр. Ертең соңғы үлгідегі технологияның тілін білетін де, жаңа экономикалық саясаттың сырын ұғатын да, жарқын жеңістер мен жетістіктердің тарихын өз қолымен жасайтын да – солар. Иә, бұл бәрімізге шексіз шабыт пен қуаныш сыйлайтыны даусыз. Бірақ, біз бұл жерде туған топырақ пен тарихты қорғау қажет екенін де естен шығармауымыз керек. Яғни, жастар бүгін білім алуда батылдығын қалай танытса, ертең ел басына күн туғанда батырлығын да солай көрсетуі керек-ақ. Қалай десек те, елімізге дарынды да білімді азаматтармен бірге, жерін жаудан қорғай алатын, яғни, Мағжан ақынның өзі сенім білдіргендей «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар да қажет. Ендеше, білім беру бағдарламасына патриоттық тәрбиені де енгізген дұрыс.
Тоқтар НАУРЫЗБАЙҰЛЫ, Ауған соғысының ардагері:
– Біз – Ауған жерінде қатарластарымыз бен қаруластарымызды қара жер қойнына тапсырған ұрпақпыз... Ал, қазіргі жастар әскерге бару тиімсіз деп санайды. Олар әскер қатарында жүріп бір жыл уақыт жоғалтқанша, сол мерзім ішінде жұмыс жасап, ақша жинап алуды жөн көреді екен. Мұндай пікірлерді соңғы кезде жиі естіп жүрмін. Сонда мен он сегізімде қолыма қару алып, Ауғанстан секілді мүлде бөтен мемлекетте екі жыл бойы үздіксіз жаумен жаға жыртысып қалай жүрдім екен деп ойға батамын...
Бүгінде жүрген жерімде жастарға әскер – өмір мектебі екенін алға тартып, ағалық ақылымды аямай айтып жүремін. Бірақ, қазір үлкендердің сөзіне құлақ асатын жас бар ма? Бүгінгі ұрпақтың өз ұстанымы бар, соны ұстанады. Өйтпегенде ше? Қазіргі жастар деп отырғанымыз Тәуелсіздік жылдарында өзгеге тәуелді болмай туып-өскендер ғой. Олардың ауызын жапқан, қолын қаққан ешкім жоқ. Есесіне, өз ойын бүкпей ашық айта алатын еркін ұрпақ өсіп-өнді. Мұны да жақсылыққа жорыған жөн-ақ.
Алайда, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне келгенде, әрбір ер азамат ел қорғау үшін жаратылғанын білуі тиіс. Отан алдындағы борышынан бас тартқандар заң алдында жауап беретінін бала кезден саналарына сіңіре беру керек. Тіпті, еліміздің Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің өзі армияны екі жылға ұзарту қажеттігін айтты емес пе?! Ендеше, ел жастары оған да дайын болуы керек деген сөз.