RSS лента

Сарбаз сүйегі елге жеткізілді

  • 17.08.2022, 19:47,
  • 573
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Қалей Дүзбаевтың сүйегі Мәскеуден Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Іздеушілер жасағы Ленинград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан Батыс Қазақстан облысының тумасы Қалей Дүзбаевтың сүйегін осы жазда тапқан болатын. 


Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының әскери секторында өткен қазақ сарбазының сүйегін күтіп алу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Орталық әскери оркестр, Құрмет қарауыл ротасы және Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштерінің, Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.


– Қазақстандықтардың майдандағы ерлігі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады. Олар бүгінгі Отан қорғаушылар үшін мұқалмас рухтың, қажымас қайраттың, жанқияр ерліктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің шынайы үлгісі, – деді Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов. – Біздің бірлесіп атқарып жатқан жұмыстарымыз батыр бабалардың ерлігін тарихта сақтауға, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге едәуір үлес қосатынына сенімдімін. 


1902 жылы Батыс Қазақстан облысында туған жауынгердің жерленген жерін 9 шілдеде Ленинград облысының Тосненск ауданындағы «Заслон» іздеу жасағының мүшелері тапқан болатын. Мүрденің кімге тиесілі екені солдат медальонында сақталған жазбасына қарап анықталды.  


«Atamnyn аmanaty» іздестіру жасағының басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев атап өткендей, бұл күндері Калужск облысындағы әскери-тарихи экспедицияға қазақстандық біріккен жасақ қатысуда. Ол, сондай-ақ, екі ел іздеушілерінің бірлескен жұмысы жаңа серпін алатынына сенімді. 


Маусым айында қазақстандық үш жауынгер – Төлеген Үркербаевтың, Петр Абрамович Фоменконың, Николай Матвеевич Гуровтың сүйектерін елге жеткізу мен қайта жерлеу рәсімдері ұйымдастырылған болатын.  


Соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздар мен офицерлердің тағдырын анықтап, олардың есімін мәңгі жадымызда сақтау жұмыстары жалғасын таба бермек. Елордадағы «Ескерткіш аймағы» іздестіру жасағы мен оның жетекшісі Майдан Құсайынов осындай игі істерге елеулі үлес қосып келеді. Осы мақсатта іздестіру қозғалысының ардагері Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығымен тығыз байланыс орнатқан. 


Қалей Дүзбаевтың сүйегін қайта жерлеу рәсімі оның туған жерінде әскери құрметке сай өткізілмек.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости