Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, бөтен мүлiкті иемдену мақсатында ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен «Яндекс такси» қосымшасы арқылы курьерге тапсырыс беріп, тапсырысты орындау үшін автокөлікті жүргізіп келе жатқан жүргізушіге жолдағы дүкендерге соғып, азық-түлік алғызып және белгісіз ұялы телефон нөмірлеріне бірлік ретінде ақша салғызып, тапсырыс берген мекен-жайға келгеннен кейін ақшасын беретінін айтып сендіріп, адамдарды алдаған Шығыс Қазақстан облысының 2002 жылы туған тумасы ұсталған екен
Сонымен қатар, «Инстаграм» желісіне маркетолог қызметін жасайтыны туралы жарнама шығарып, қызметі үшін жәбірленушілердің сенімдеріне кіру арқылы белгісіз абоненттік нөмірлерге бірлік ретінде алдын ала төлем ақыларын аудартып алып, алдаған шығысқазақстандықтың да 2 эпизод бойынша жауап беруіне тура келеді. Мұндай оқиғалар көптеп кездеседі. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Оларды қалай әшкерелеуге болады?
Мәселен, полиция полковнигі Иса Бекқалиева ақпараттық технологиялардың дамуына және оларды қолдану аясының кеңеюіне байланысты алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтар пайда болғанын айтады.
– Бүгінде олардың саны жыл сайын өсіп келеді. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де болуы мүмкін, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға ұзақ уақыт жұмсауға тура келеді, - дейді Иса Құбашұлы.
Оның айтуынша, бұл қылмыстарды ашу оңай емес. Өйткені, қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды екен.
Білгеніміздей, тұрғындар көбіне алаяқтарға интернет арқылы шығарған жалған жарнамаларға алдын ала төлем жасау, жеке мәліметтерін пайдалана отырып, онлайн түрде несие рәсімдеу, ақша қаражаттарын салу арқылы қаражаттарын көбейту (инвестиция), жеке кәсіпкерлердің есеп-шотын пайдалану арқылы тауарлық несие рәсімдеп, аталған несиені қолма-қол ақша қаражатына айналдырамын деп алданады екен. Соңғы жағдайда кемінде 3 адамның қатысы бар, яғни жәбірленуші, жарнама беруші алаяқ, жеке кәсіпкер, бұлардың барлығы да бірін-бірі танымайды, бұрын-соңды бір-бірімен кездеспеген.
Сонымен қатар, инстаграм, фейсбук, телеграм, ватсап желілеріне алдын ала тауарларға тапсырыс беру арқылы алдану, тұрғындарға банк қызметкері болып танысу арқылы ірі мөлшерде несие рәсімдету секілді оқиғалар кездесіп жатады. Жәбірленушілердің көпшілігі 20-40 жас шамалары аралығындағы жандар. Осы жылдың 5 айында тұрғындарға 169 млн. теңге көлемінде шығын келтірілген көрінеді. Криминалдық полиция басқармасының бастығы Иса Бекқалиев тұрғындар қаржылық сауатсыздықтан, тұрмыстық жағдайдың төмендігі, кез келген жарнамаларды тексерместен жалған жарнамаларға қызығушылығынан алаяқтардың құрбанына айналады.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www. gov.kz сайтында Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейтін және қаржылық реттеушіден тиісті лицензиясы бар несиелік ұйымдардың тізімі ұсынылған. Бұл олардың тарапынан бұзушылықтар орын алған жағдайда, қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін аталған агенттікке жүгіне алатынын, онда оларға міндетті түрде көмек көрсетілетінін білдіреді. Сондықтан ақшаға қатысты маңызды шешімдер қабылдаған кезде сәл үзіліс алу керек. Қаржы ұйымдарының жалған қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға асықпаңыз. «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы немесе «1459» қысқа нөмірі бойынша call-орталық арқылы (қоңырау шалу тегін) агенттікте бәрін қайта тексеріп, кеңес алған дұрыс, - дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Райымбек Тілегенов.
Уақыт талабынан олар да қалыс қалмақ емес. Алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің, МҚҰ қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Көп жағдайда олар ірі және танымал қаржы ұйымдарының атаулары мен логотиптерін пайдаланады. Адамнан айла артылған ба, алаяқтар алдаудың басқа схемаларын да ойлап тауып жатыр. Олар клиенттерге белгісіз, дәлірек айтқанда, ойластырылған қаржылық құрылымдардың атынан байланысқа шығады. Бұл «елес кредиторлар» деп аталады. ТМД елдерінде алаяқтықтың бұл түрі алқымнан алған пандемия кезінде кеңінен таралып, «көтере алмасаң, қоса арқаланың» кебін жасапты. «Елес кредитордың» интернетте өзінің жеке, оның ішінде фишинг парағы бар. Кейде жалған сайтта ұйымның байланыс деректері көрсетілуі мүмкін, сертификаттар мен лицензиялар орналастырылуы, ал веб-парақтың дизайны көрнекі грамматикалық қателіктерсіз және сапалы орналасумен өте сауатты жасалуы мүмкін. «Қырық айлаларына» қарамай, қармануға мүмкіндік бар, агенттіктің көмегіне жүгінсеңіз болғаны.
Айтпақшы, сала мамандары да қарап отырған жоқ. Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Атырау облысының интернет порталдарында мақалалар жарияланып, брифингтер өткізілді. Бейнероликтер жасалып, олар қала орталығындағы LED экрандарында, халық көп жиналатын жерлерде көрсетілуде. Иса Құбашұлы мұндай алаяқтардың қақпанына көп жағдайда шұғыл түрде қарызға ақша іздегендер түсетінін айтады. Олар «жеңілдікті», «онлайн-кредиттерді», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал несиелерді» ресімдеу бойынша қызметтерді ұсынады. Олар үшін қарыз алушының несиелік тарихы нашар ма, оның табыс деңгейі қандай, ол ресми түрде жұмысқа орналасқан ба, оның зейнетақы аударымдары бар ма, маңызды емес.
Ол ол ма, «қара кредиторлар» қарыз алушының жеке кредиттік есебіндегі ақпаратты одан клиенттің қалауымен ақы төлеу мерзімін кешіктіру және басқа кемшіліктер туралы ақпаратты шамалы ғана төлем үшін тазартуды ұсына алады. Ол үшін алаяқтар төлем картасының деректемелермен қоса өз құрбанының конфиденциалды деректерін сұратады. Қарыз алушылардың бейхабарлығын пайдалана отырып, алаяқтар несиелік тарихтың бар болғаны 5 жыл сақталатынын және осы мерзімнен бұрын барлық қарыздар автоматты түрде жойылатынын айтып сендіреді. Қажетті мәліметтерді алып, алаяқтар барлық банктік шоттарға қол жеткізе алады және онлайн-банкингтің көмегімен өздерінің «клиентіне» ірі көлемдегі несиелер ресімдейді. «Сақтансаң, сақтармын» дегендей, мамандар несиелік тарихты үнемі тексеріп отыруға кеңес береді. Сонда ғана алаяқтық туралы біліп, сәйкесінше жедел әрекет етуге болады.
Жеңіл жолмен жарты күнде байып шыққысы келетіндер арамызда көп. Әртүрлі тәсілдерді пайдаланып, фейсбук, ватсап секілді әлеуметтік желілерде баласының, қызының атынан аккаунттар ашып, бәзбіреулердің қаржылай көмек сұрайтындардың әрекеті күннен күнге өршіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. «Бір қызығы, ватсабына ұлымның фотосы бар номерден қарызға ақша сұраған хат келді. Менің аватарындағы жігіттің әкесі екенімді білмеген болуы керек. «Бәленшемін, өткен жолы тойда кездескен едік» деп бастап, дәл қазір қаржылай қиналып тұрғанын айтып, көмек сұрады. Ол алаяқ өзгенің атын жамылып қаншама адамның атына күйе жағып, абыройын төгіп жүр екен» деген мақаттық тұрғын қаскөйдің кейін телефон нөмірін өшіріп тастағанын айтады.