Мамандардың айтуынша, ғаламтор мүмкіндігін, адамдардың сенгішігін, аңқаулығын, тіпті, кей жағдайда оңай олжа тауып қалуға тырысатын тойымсыздығын пайдаланып қалуға тырысатын мұндай алаяқтардың қылмыстық әрекетпен ұштасатын әдіс-тәсілдері өзгеріп, түрлене түсуде.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу керек? Көп жағдайда алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастыруды «озық тәжірибеге» айналдырған. Олар көпшілікті қызықтыратын жалған аккаунт пен арнайы беттер ашып, сайттарды жасап алады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай,облысымызда ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлеріне-алаяқтардың өздерін пайызы төмен кредит беретін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдардың жеке деректерін иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өзгелердің пәтерлерін жалға беру арқылы жасалатын қылмыстар түрін жатқызуға болады.
Компьютері, планшеті, смартфоны бар жасөспірім де, зейнеткер де алаяқтардың құрбанына айналуда. Заманның қиындығын, тұрмыстың ауырлығын тілге тиек етіп, адамдарды алдау, арбау арқылы оңай олжаға қызықтырудың ең көп таралған жері – айырбас, пәтерлерді жалға беру, сауда-саттық айналасы.
Көпшілік жиі пайдаланатын Instagram әлеуметтік желісінде кімнің түпкі мақсаты қандай екендігін нақты анықтау өте қиын. Соңғы кездері интернет алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз біздің компания ұйымдастырған ұтыста жеңімпаз атанды» деп қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп барады. Олар ұтысты басқа жерден алдыруды ия болмаса, «ұтқан» тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады.
Интернет алаяқтардың іс-әрекеті көп жағдайда трансшекаралық сипатқа ие. Олар бір немесе бірнеше қылмыстық әрекетті біршеше қалада, кейде тіпті басқа мемлекетте де жүзеге асыруы мүмкін. Ондай қылмыстарды ашуға бірталай уақыт, адам ресурстары қажет. Басқа елде жүрген жәбірленушінің не күдіктінің деректері мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу де белгіленген заң аясында жүргізілуі керек.
Интернет алаяқтық қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша жылдан жылға артып барады.
Сөз соңында айтарымыз алаяқтардың құрбанына айналмауымыз үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын - сенімсіз сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтар мен құпия сөздерді ешкімге бермеуге, күмәнді адресаттарға ақша аудармауға, ұялы телефон мен компьютерге, планшеттерге тексерілмеген, сенімсіз қосымшаларды орнатпауға, жалған спам хабарламаларға сенбеуге шақырамыз.