RSS лента

Бензин тапшылығын болдырмауға болады

Автор фото: Е.Алтыбаев

Қазақстанның мұнай-газ саласы қиын кезеңді бастан өткеруде, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ҚАЗАҚСТАНДА БЕНЗИН МЕН ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫНЫҢ БАҒАСЫ ӘЛЕМДЕГІ ӨЗГЕ ЕЛДЕРМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ТӨМЕН ЕКЕНДІГІ БЕЛГІЛІ. БҰҒАН ДЕЙІН АТАЛҒАН МӘСЕЛЕДЕ ВЕНЕСУЭЛА КӨШ БАСТАҒАН БОЛАТЫН. БІРАҚ БҮГІНДЕ БІЗ ОЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТТІК. ОНДА МЕМЛЕКЕТ АПТАСЫНА БІР РЕТ БЕНЗИН ЖІБЕРЕДІ, ҚАЛҒАН КҮНДЕРІ ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕ ТЕК БАҒА ҒАНА ЖАЗЫЛЫП ТҰРАДЫ ЕКЕН...

 

– Соңғы рет Қазақстанда бензин бағасы 2021 жылы өзгерді, - дейді белгілі сарапшы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов. – Өткен жылы баға көтеріліп, инфляция деңгейі 21 пайызды құрады. Ал, жанар-жағармай бағасы тіпті төмендеді. Алайда, бұл жағдай алдағы уақытта жалғаса бермейді. Себебі, елді арзан отынмен қамтамасыз ететін мемлекет емес, мұнай өндіруші компаниялар. Олар өндірілген мұнай өнімдерінің 30-70 пайызын ішкі нарыққа іс жүзінде өзіндік құны бойынша жеткізуге міндеттелді. Əрі қарай бензин мен дизель отыны ішкі нарықта таратылды.

 

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда мұнай өнімдерін автокөліктің барлық түрлерімен экспорттауға тыйым салынған. Қазір канистрлермен тасуға да болмайды. Бүгінгі баға біздің дизель отынымыздың ауызекі тілдегі “серый” схемалар бойынша Ресей, Өзбекстан жəне Қырғызстан сияқты көрші елдерге ағып кетуіне мүмкіндік береді, мұнда бағалар 50-80 пайызға жоғары. Бұл кəсіпкерлерге отынды шетелге заңсыз əкетуге жəне сол жерде жоғары бағада қайта сатуға қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

 

Қалыптасқан жағдай Қазақстанның мұнай-газ саласына оңай болып тұрған жоқ. Олай дейтінім, соңғы 15 жылда елге бірде-бір жаңа инвестор кірген жоқ, нөлден бастап мұнай-газ кен орнын игерген жоқ, өйткені оларға Қазақстан тиімді емес. Біріншіден, біздегі салықтың көлемі жоғары. Екіншіден, модельдік келісімшарттардың талаптарына сəйкес өндірілген мұнайдың кем дегенде 30 пайызы ішкі нарыққа жеткізілуі керек. Бірақ, іс жүзінде біз сандардың үнемі өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, өйткені ескі кен орындарында өндіру азайып келеді,

 

Ал Теңіз, Қашаған жəне Қарашығанақ сияқты алыптардың ішкі нарыққа мұнай жеткізуін мемлекет міндеттей алмайды. Бұл компаниялар елге бір грамм мұнай бермейді, өйткені олар санауды ғана біледі. Олар «мұнайдың экспорттық бағасы –1 тонна үшін 300 мың теңге, ал ішкі бағасы – 95 мың теңге. Біз мұнайды ішкі нарыққа экспорттық бағамен жеткізуге дайынбыз!» деп ашық айтады. Егер мемлекет мұнайды экспорттық бағамен алса, онда жанармай құю бекеттерінің бағасы көтеріледі.

 

Бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне қатысты айтар болсам, баға жыл сайын ресми инфляция мөлшерлемесі бойынша 10-15 пайызға өсуі керек еді. Содан кейін мұнайшылар жақсы ақша табар еді. Қазір олар үлкен əлеуметтік жүктеме алып жатыр. Біріншіден, олар мұнайдың 50 пайызын ішкі нарыққа жеткізуі керек. Тиісінше, тұрақты инфляцияға байланысты мұнайшылар жалақыны көтеруді талап етеді, бірақ компаниялар мұны істей алмайды. Өйткені, экспортқа мұнай əкетуге квота бар. Олар шикізатты ішкі нарыққа өзіндік құны бойынша жеткізуге мəжбүр. Бензин құнының өсуі мұнай компанияларына көмектеседі, ал дизель отыны құнының 20 пайызға артуы елдің оңтүстігінде болып жатқан шығынды жаппайды. Ағып кеткендей, ағып кетеді. Ресейден дизель отынының импортын тартымды ету үшін бағаның 20 пайызға өсуі қажет.

 

Бүгінде өнеркəсіп секторы – мұнай, тау-кен компаниялары, зауыт-фабрикалар қазақстандық өндірістің дизель отынын ала алмайды. Өйткені, мұнай компаниялары бірінші кезекте аграршыларға отын жеткізуге міндетті. Жылына мұнайшылар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 1 млрд. литр дизель отынын төмен бағамен жеткізеді, қалған көлемдер автожанармай құю станцияларына жіберілуі тиіс. Жағдайдан шығу жолы ретінде бизнеске Ресейден дизель отынын импорттауға мүмкіндік беріледі.

 

...Иə, Үкімет мүшелері бұл қадамның амалдың жоқтығынан жасалған шара екендігін айтып отыр. Яғни, ол елден мұнай өнімдерінің шығуын азайтуға жəне ішкі нарықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда жанар-жағармай бағасы соңғы екі жылдан бері өзгермеген. Десек те, жылдан-жылға бензин мен дизель отынына сұраныс артып келеді. Айталық,

 

«Мұнай жəне газ ақпараттық талдау орталығының» дерегінше, осыдан он жыл бұрын елімізде 2,7 млн. тонна жанар-жағармай, 4,1 тонна дизель отыны өндірілген. Бүгінде бұл көрсеткіш 5,2 млн. тоннадан асып түскен көрінеді. Сол себепті мамандар, «мұнай өнімдеріне тапшылықты болдырмау үшін «қолда бар алтынның қадірін білу» қажет. Қалтаны қампайту үшін арзан отынды сыртқа сатуды доғарған жөн. Ол үшін кешенді шара керек» дейді.

 

Күндердің күнінде қазба байлықтың таусылары ақиқат. Соңғы жылдары, елімізде «қара алтын» қоры да азайып келетіндігі жиі қозғалып жүр.

 

– Рас, үш ірі кен орнынан (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) басқа жердің бəрінде мұнай өндірісінің көлемі төмендеп бара жатыр. Мысалы, 1990 жылдары Маңғыстау біздің мұнайымыздың 60 пайызын беріп тұрған. Сол Маңғыстаудың өндірісінің үлесі қазір 20 пайыз ғана. Ал, осыдан 30 жыл бұрын 20 пайыз өндірісті қамтамасыз еткен Атырау қазір 60 пайыздық межеге шығып тұр. Яғни, екеуі орын алмасты. Ақтөбе айтарлықтай өзгермеген – 10 пайыз деңгейінде. Батыс Қазақстан шамамен 15 пайыздай. Қызылордада өндірістің төмендеуі қатты байқалады. Бастапқы үлесі 2 пайыз болған, 20 пайызға дейін 2000 жылы жеткен үлесі, қазір 5 пайыздан төмен түсіп кеткен. Бірақ, бізде мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі артып келе жатыр. Демек, ортадағы айырма көбейе береді. Бұл тығырықтан шығу үшін мемлекет квотаны көбейте бастайды. Сосын əлгі шағын мұнай шығаратын кəсіпорындар тағы зардап шегеді, - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.

 

Осыған байланысты, Үкімет басшысы Əлихан Смайылов Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын екі есе арттыруға тапсырма берді. Ол бұл мəселені шырайлы шаһардың маңызды мəселелері бойынша өткен жиын барысында айтқан болатын. Премьер-Министр тиісті ведомоствоға Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жұмыстары қайта қаралатынын жеткізді. Яғни, енді оның қуаттылығын бұрынғыдай 6 миллионнан 9 миллионға емес, 12 млн- ға жеткізуді жоспарлауды тапсырған.

 

«Бізге жартылай шара қажет емес. Бұл жобаға қомақты қаражат қаралады. Сондықтан, бірден қуаттылықты тағы да жылына 6 млн. тоннаға арттырған жөн. Жыл сайын жанар-жағармайға сұраныс артып келеді. Экономика өсіп жатыр, тұрғындар қатары да артуда. Кəсіпорындар өз қызметтерін кеңейтуде. Осы процестерді қолдауымыз керек» деді Ə.Смайылов.

 

Атап өтер жайт, көктемгі егіс жұмыстары аяқталғанға дейін фермерлер үшін дизель отынының құны өзгермейді. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, шаруалар үшін республика бойынша орташа баға литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 31 пайызға төмен.

 

Энергетика министрлігінің мəліметінше, өңірлерге көктемгі егіс жұмыстарына 419 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың тоннаға артық. Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем басым тəртіппен тиеп-жөнелтілетін болады. Ақпан айында 81,1 мың тоннаның 77,1-і немесе 95 пайызы, наурызда 102,2 мың тоннаның 94,2-сі немесе 92,2 пайызы тиеп-жөнелтілген. Ал, дизель отынының бұрын белгіленген сараланған бағасы өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтары жүргізуші куəлігін көрсеткен кезде литріне 295 теңге бағасымен тəулігіне 100 литр сатып ала алады. Жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустар үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында көлік құралын тіркеу туралы куəлік ұсынылған кезде тəулігіне бекітілген лимит 300 литрді құрайды. Қалған санаттағы адамдар үшін, сондай-ақ жоғарыда аталған лимиттерді дизель отынын сатып алатындар үшін баға литріне 450 теңге болады.

 

Соңғы мəлімет бойынша бүгінде елімізде бір тəулікте 245,7 мың тонна мұнай жəне газ конденсаты, 171,1 млн. текше метр газ өндіріліп, 54,3 мың тонна «қара алтын» өңделіп отыр.

Оставить комментарий
Последние новости
     
ЭКОНОМИКА
02.05.2416:02
Доллар дорожает  
   
Все новости