Министрдің сөзінше, бензин құны Брент маркалы мұнайға тәуелді. Сондай-ақ мердігерлер де өз бағасын бекітуге құқылы.
«Жанар-жағармай бағасы реттелмейді. Реттеу мүмкін емес. Биыл дизель отыны тапшы. Оның бір себебі – көрші елдермен салыстырғанда бағадағы айырмашылықта», – деді министр.
Дегенмен Энергетика министрлігі жанармай тапшылығын болдырмау үшін бірқатар шара қабылдап жатыр. Мәселен, елдегі үш мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары уақытымен жүргізіледі. Екіншіден, жанар-жағармай қорын қалыптастыруға қажетті материалдық-техникалық база әзірленеді. Үшіншіден, әр мұнай базасында отынды бақылайтын құрал-жабдықтар орнату жоспарда бар.
Министрлік шара қабылдап жатырмыз дегенімен, елімізде бензин бағасы күн өткен сайын қымбаттап барады. Мәселен, қазір елордада АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 183 теңгеге дейін көтерілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттігінің мәліметінше, Қазақстан аумағындағы ірі жанармай құю бекеттерінде қазір АИ-92 маркалы бензин 166 теңге мен 183 теңге аралығында сатылып жатыр. Әзірге ең арзан жанармай Атырау облысында, ал ең қымбаты елордада.