RSS лента

Қазақстандық балалар "телефон ауруына" шалдығуда...

Автор фото: ашық дереккөз

Соңғы кезде аутизммен ауыратын балалар қатары артып келе жатқаны байқалады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ата-ана баламен неғұрлым тығыз қарым-қатынас жасаса, соғұрлым пайдалы. Бұл туралы "Atyray" газеті жазады. «Ұлым үшін ауылдағы ата-анамызды тастап, қалаға келіп, пәтер жалдап тұрып жатқан жайымыз бар. Бұлай жасамасқа болмады. Ауылдық жерде, аудан орталығының өзінде балама диагнозын дөп тауып, тиімді ем-дом жасайтын білікті маман жоқ. Мен ауылда қала берсем не болар еді? Қалада тұруға мүмкіндігі жоқ қаншама ата-ана сырқат баласының жағдайын одан сайын нашарлатып, әрекетсіздіктің салдарынан өз ұрпағын мүгедектікке дейін әкелуде. Мен осындайдан қорқамын. Сол себепті, баламның кемшілігін байқаған бойда қалаға тұра ұштық…» Бұл – құрманғазылық Жанардың (есімі өзгертілген – авт.) жанайқайы. Оны екі жасқа енді толған ұлының алдағы тағдыры алаңдатады. Өйткені, балдырған өзінің есіміне де елең етпейді, былдырлап сөйлей алмағаны былай тұрсын, өзінөзі ұстауы, мінез-құлқы да ауыр. Бастапқы сәтте «есту қабілеті болар» деп, лор дәрігерге көрсеткен, бірақ дерті жүйке жүйесімен байланысты болып шыққан. Дәрігерлер баланың ағзасында біртіндеп аутизм кеселі дендеп бара жатқанын ескертіпті. Логопед-дефектологтың есігінің алдында ағынан жарылған ана батыл шешімге келіп, баласын дамыту орталығына әкелгеніне дән риза екендігін айтты.

 

– Бала жас өскін секілді, күтіпбаптасаң жайнап, жарқырай түседі. Ал, оның дамуына жағдай жасамаса, дертін ата-анасы уақытында аңғарып, әрекет етпесе сол күйі солып қалады. Мен соны ұғындым. Қазір балам атын атап шақырсам қарайды, айтқан нәрсені жасайды. Біртіндеп сөздік қоры да көбейіп келеді. Ақылы жерде ем қабылдап жатырмыз, бірақ бірер айда, құжаттарымыз дайын болысымен мемлекеттік арнайы орталыққа барамыз. Менің түсінуімше, аутизм деген ауру жоқ. Ол ата-ананың баланы дұрыс дамытпауынан, сәби кезінде дертіне көңіл бөліп, онымен күреспегеннен болады, – деп ол өз пайымын да жасырмады.

 

Жанардың сөзінен соң өзім де ойланып қалдым. Айналаға зер салсаңыз, арамызда сөйлей алмайтын сақау балалар тым көбейіп кетті. Перзентін логопедке қарату үшін кезек күтіп отырған ым-ишарамен ғана түсінісетін екі-үш жас аралығындағы балалар былай тұрсын, он жасқа келіп қалған, тіпті ересек адамдардың болуы да алаңдатарлық мәселеге айналды. Шынында да, мұның себебі ата-ананың балаға уақыт бөлмеуінен, бала тәрбиесі мен саулығына атүсті қарағанынан ба? Әлде сақаулық біз білмейтін «заманауи» дерт пе?

 

Бүгінгі қоғамда логопедиялық дамыту орталықтарының жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі де зейіні тұрақсыз, сөйлей алмайтын балалардың көптігін көрсетеді. Өйткені, нарықта сұраныс болмаса кез-келген нысанның қызметі үйлеспейді. Бұған цифрлық ақпараттық жүйенің, технологияның дамуының да себебі барын жоққа шығармаған жөн. Тіпті, бүгінде «цифрлық аутизм» деген терминнің пайда болуы да көкейде қорқыныш ұялатады.

 

Психологтардың айтуынша, цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға сәби шағынан тәуелді болуы. Бастапқыда бала психологиялық тұрғыдан қалыпты дамып, айналасында болып жатқан қимыл-әрекетке уақытында назар аударып, қоршаған ортаға қызығушылық танытып, білімін жан-жақты толықтырады. Бірақ, ұялы телефонға деген қызығушылығы бірте-бірте артып, неғұрлым көп уақытын гаджетпен өткізеді. Әбден шарықтау шегіне жеткенде шынайы достарын виртуалды әлемдегі кейіпкерлер алмастырып, өзін қызықтырған мультфильмдерді ғана көргісі келеді. Осылайша, басқалармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі азаяды. Бұдан соң баланың ақыл-ойы, сөйлеу, жалпы қоғаммен қарым-қатынасы шектеліп, «өз әлемінде» ғана өмір сүруді қалайды.

 

Түрлі ауруларды бақылайтын Америкадағы орталық жүргізген статистикалық мәліметтер біздің де назарымызды аудармай қоймады. Орталықтың зерттеуіне сәйкес, 1975 жылы 5 мың баланың біреуіне ғана аутизм диагнозы қойылған. Ал, 2005 жылы 500 бүлдіршіннен 1 сәби аталған дертке шалдыққан. 2014 жылғы статистикаға қарасақ, әрбір 68 бала – аутист. Зерттеу нәтижесінен кейін АҚШ педиатрия академиясының ғалымдары кішкентай балаларға мультимедиалық құрылғыларды көрсетуге мүлде тыйым салған.

 

Зерттеушілердің пайымдауынша, ұзақ уақыт телефонға телміру баланың ойлау қабілетінің тежелуіне әкеліп соғады. Уақыт өте келе, қоғамдық өмірге деген қызығушылығы да мүлде жойылады. Біз бұдан баланың дамуына ақпараттық технологияның жедел дамуының да кері әсері барына анық көз жеткіземіз. Жоғарыда айтқан сақау балалар санының көбеюі – қоғамның дамуы туғызған «инновациялық» дерттің бірі. Сондықтан, қазір ата-ана бұл қауіптің алдын алуы тиіс.

 

 «DAMU» коррекциялық дамыту орталығының жетекшісі, дефектолог Әлия Зайнеденова да цифрлық аутизм балалардың отбасы мүшелерімен байланыстың жоқтығынан туындап отырған дерттің түрі екенін растайды.

 

– Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар саны тым көбейіп барады. Әсіресе, сөйлеу тілінде бұзылысы бар балалар өте көп. Оның нақты себебін ешкім де айта алмайды. Менің ойымша, ең басты қауіп – экологияның нашарлауынан, дәрігерлер біліктілігінің төмендігі мен атаананың перзентінің саулығындағы кінәратын уақытылы айтып дабыл қақпауынан. Баласының болашағын ойлаған ата-ана ең алдымен жүктілікке дейін барлық тексеруден өтіп, болашақ ана өзінің саулығын күтуі керек. Қалыпты жағдайдағы сөйлеу тілінің дамуы бір жасқа дейін 5-10 сөз, бір жарым жаста 2 сөзден құралған қысқа сөйлемдер, ал екіекі жарым жаста баланың сөйлеу тілі болу керек. Десек те, қазіргі балалар бұл нормадан әлдеқайда төмен. Алғашқы сөздері жас жарымда, қысқа сөйлем екі-екі жарым жаста, ал үш-төрт жасында ғана түсінуге болатындай деңгейге жетеді, – деді маман.

 

Сонымен қатар, о л үлкендердің үнемі телефонмен отырып, балаға көңіл бөлуден қалып бара жатқанын да ашық айтты. Жасыратыны жоқ, телефон адамның он үшінші мүшесіне айналып кетті. Атаанасы ертеңгісін ояна сала телефонға жабысып, әбден талықсып ұйықтағанша қолынан байланыс құралы түспегесін балаға да қызық, «не бар екен сонша кіп-кішкентай затта» деп қызығушылық танытады.

 

– Балаға телефон бермесе мінез – құлқы өзгеріп, ашуланып ұрып , қолына түскенді лақтырып, тіпті шалқалап жылауды шығарады. Сондықтан, баладан бұрын атаананың өзі телефонға деген әуестігін азайтуы керек, – деді Ә.Зайнеденова.

 

Дефектолог егер баланы толықтай дамытқыңыз келсе, баланың көзінше ұялы телефон ұстамау, балаға ұялы телефонды мүлде бермеу, теледидар көрсеткен күннің өзінде шектеулі уақытқа ғана қазақ тілді мультфильмдер қоюға кеңес берді. «Оның есесіне, баламен сөйлесіп отырып ойын ойнау, баланың жалпы моторикасын дамытып, эмоциясын шығару үшін оны таза ауада көбірек серуендетіп, балабақша мен ойын-сауық кешендеріне апар

 

Егер балаңыз 2,5 жасқа келгенше сөйлеу тілі дамымаса, дереу «дабыл» қағыңыз! Мамандардың кеңесі бойынша, ең дұрыс тәсіл сол. Әуелі баланы невропатолог тексеріп, сосын логопед-дефектолог онымен жұмыс жасауы керек екен. Қазақылыққа салынып, «әкесіне тартқан», «еркелік қой» немесе «ағасының да тілі жай шықты» деп жүре беру баланы одан әрі құрдымға кетіретінін де маман қатаң ескертті.

 

– Сөйлеу тілін дамыту үшін баламен көп сөйлесу керек. Қандай іс-әрекет жасағаны, қандай затты ұстағанын сұрап, айналамен таныстыру қажет. Себебі, бала губка секілді барлығын бойына сіңіреді. Ең алғашқы сөздер еліктеу дыбыстарынан басталады. Жануарлардың дауысын салып, оны ойыншықпен бірге көрсетсе, балада есту және көру арқылы қабылдау қабілеті жақсарады, оған қоса есте сақтау жүйесі де дамиды. Ата-аналардың үлкен қателігі – баласымен оның былдырлаған тілінде сөйлесуі. Бала қате айтса, оның сөзіне еміреніп, үлкендер де түзетудің орнына соны қайталайды. Есіңізде болсын, ол мүлде дұрыс емес. Дұрыс сөйлесін десеңіз, балаға дұрысын айтыңыз. Жаратылыста ұлға қарағанда қыздың тезірек, тілі де ертерек шығады. Тіпті, 2-2,5 жасында ересек адамша сөйлейді. Қазір ұлдардың тілі мүлде кеш шығады, төрт жасқа дейін сөйлей алмайтын балдырғандар да бар. Егер бала екі жастан асқанша сөйлей алмаса, дереу мамандарға қаратқан абзал, – деді Әлия Нұрланқызы.

 

Бала тіліндегі кемшілік – бір ғана отбасының немесе арнайы орталықтарға тән мәселе емес. Соңғы жылдары қоғамдық проблемаға айналып кеткендіктен, жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру мәселесінің өзектілігі артты. Соған байланысты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне «логопед дефектолог» мамандығы бойынша соңғы үш жылда оқуға қабылданғандардың саны да артқан. Өйткені, нарықта бұл мамандық қадірі шарықтап тұр.

 

– Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде дефектология мамандығы бойынша 2010-2011 оқу жылынан бері мамандар даярланып келеді. Мамандарды кәсіби тұрғыда даярлау үшін облыстық арнайы мектеп-интернат, сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған №20 «Алтын балық» арнайы балабақшасы, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры жанынан ашылған «Венера» инклюзивті дамыту орталығы, «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Зейін Атырау» мекемелерімен арнайы келісім-шарт жасалып, аталған құрылымдар кафедра филиалы ретінде тағайындалды. Қазір практикалық сабақтар сол жерде өткізіледі. Студенттер қаладағы жалпы білім беретін мектептердің инклюзивтік сыныптарында, Атырау облыстық ауруханасы және оңалту орталықтарында іс-тәжірибеден өтеді, – дейді «Психология және педагогика» кафедрасының меңгерушісі Карас Қазиев.

 

Айтпақшы, осы мамандық бойынша университет түлектері толықтай жұмысқа орналасып отыр екен. Қазір облыс бойынша 7 мыңға жуық ерекше білімді қажет ететін бала бар. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасованың айтуынша, сөйлеу тілі бұзылған балаларға арналған 1 арнайы балабақша, жалпы білім беретін 189 мектепте инклюзивті түрде 1284 оқушы білім алады. Ал, олармен барлығы 100-ге жуық дефектолог, 51 логопед және 95 педагог-ассистент жұмыс жасап келеді. Бірақ, бұл облысқа аздық етеді, жалпы білім беретін мектептерге дефектолог, логопед, педагогассистент мамандар жетіспейді екен.

 

P.S. Бұрын қариялар «тілі тез шықсын» деп малдың таңдайын балаға беретін немесе тілі шықпаған баланың нағашысынан қой ұрлап сойып, оның тоқішегімен мойнынан қылғындыру ырымын жасайтын. Ал, қонаққа барған үйдегі сәбиге «тілі шықпаған сәби ғой» деп тиын қыстыратын ырымды ата-бабамыз тегін жасамаса керек. Шынында да, сол расқа шығып, талай баланың таңдайы тақылдап кеткенін де жоққа шығармаймыз. Ал, қазір өз перзентінің келешегіне өзі балта шауып, қолдан «сақау» қылған балаға бабасының қолданған тәсілі әсер ете қояр ма екен?! Әй, қайдам!.. Рас, ата-ана өз кінәсін өзі мойнымен көтермеске лажы жоқ. Бірақ, есейген баланы сөйлету ұзақ ем мен зор сабырлықты қажет етеді. Сондықтан, «қолыңды уақытынан кеш сермемес…» үшін баланы күні бойы теледидар мен телефонға телміртпеңіз.

Оставить комментарий
Последние новости