RSS лента

Зауыт керек, бірақ, денсаулық та керек...

  • 17.02.2023, 16:02,
  • 1 139
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Еліміздегі ауасы ең лас шаһарлардың бірі – Атыраудың экологиясына қатысты Turantimes.kz тілшісі журналистік зерттеу жүргізді.

Рас, Атырау – мұнайлы мекен. Өндіріс ошақтарының көптеп шоғырлануы да сондықтан. Осындағы мұнай өңдеу зауыты «қара алтыннан» қымбат өнім жасап, шетелге шығарады. Сөйтіп, мемлекетке табыс түсіреді. Бірақ...

 

Өндірістің өтінде өмір сүріп жатқан қала тұрғындары қалай тыныстап жатыр? Ластанған ауаға мастанған олардың денсаулығына кім жауап береді? Экологиялық қауіпті аймақ мәртебесі қашан беріледі? Міне, жауабы жоқ сауалдар легі осылай жалғаса береді. Ал, жергілікті халық таза ауамен тыныстап, тұнық суды сіміргісі келеді. Осы орайда, біз тиісті сала мамандарымен сөйлесіп, арнайы журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік.

 

Бірнеше фактор бар...

 

Сонымен, Атыраудың ауасы тазара ма? Біз бұл сұрақты ең алдымен облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовке қойдық. Оның айтуынша, бүгінде ауа ластаушы көздер көп.

 

– Ауа сапасына кері әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау су арнасы» секілді ірі кәсіпорындар. Екіншісі – Қаладағы қалдық сулар жиналатын 500 гектарға созылған «Квадрат» пен 1300 гектар болатын «Тухлая балка» булану алаңдары. Үшіншісі – қоқыс полигоны. Бұл мәселелер өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында да көрсетілген, - дейді ол.

 

Айтпақшы, «Қазгидрометтің» мәліметіне сүйенсек, былтыр 238 рет ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 167-ге түсіпті. Соның 42-сі Мақат ауданына қатысты. Бірақ, бұл – ауа тазарды деген сөз емес.

 

– Бүгінде булану алаңдары ашық аспан астында тұр. Мұнда қаланың қос жағалауынан кәріз сулары құйылады. АМӨЗ де қалдығын осында төгеді. Десек те, былтыр мердігер мекеме анықталып, рекультивация жұмыстары басталды, қазір жалғасын табуда, - дейді Ә.Мұратұлы.

 

Атырауды АМӨЗ улап жатыр ма?

 

«АМӨЗ Атырауды улап жатыр» деп шулаған халықтың пікірмен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі – аталған кәсіпорынның еңбек, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс бойынша басқарушы директоры Әділет Шошанбасов.

 

– Біздің зауыт ауаның бәрін ластап жатыр дегенмен толық келіспеймін. Рас, мұнда мұнай өңделетіндіктен, ауаға зиянды заттар бөлінбеске болмайды. Бірақ, бұл бойынша жасалып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Сонау соғыс жылдарынан бері келе жатқан кәсіпорынның механикалық тазарту құрылғылары ескірген болатын. Биыл «Тазалық» жобасы аясындағы жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталады. Сол кезде ескі құрылғылардың бәрі жойылады, - деп сендірді зауыт өкілі.

 

Терезе аша алмайтын жағдайға жеттік

 

Қалай десек те, соңғы кезде қалада қолқаны қабатын жағымсыз иіс жиілеп кетті. Бұған осында ондаған жыл тұрып келе жатқан өзіміз де куәміз. Күн батысымен терезелерді жабуға асығамыз. Таңертең де – тап сондай жағдай. Бұрын өткір иістің не екенін білмейтін Вокзал маңы, Нұрсая, тіпті, Самал ықшамаудандарының тұрғындары да қазір денсаулықтары үшін алаңдаулы. Айталық, күндізгі уақыттың өзінде мұнда зиянды күкіртсутек мөлшері 4-5 шамасын көрсетеді (Түнгі мезгілде одан да асып кетуі мүмкін ғой. Авт.). Ал, дұрысында екіден аспауы шарт. Мұны тұрғындар ұялы телефондағы ауа сапасын онлайн анықтайтын «AirKZ» қосымшасы арқылы біліп отыр.

 

Аймақтың бас экологы бұған да жауап тауып отыр.


– 2021 жылы министрлік пен әкімдіктің бекітуімен өңірдегі кешенді экологиялық проблемаларды шешу бойынша арнайы жол картасы жасақталған болатын. Соның аясында жұмыстар жүргізілуде. Қазір тұрғындарға булану алаңдарындағы рекультивация жұмыстарының аяқталуын күтуден басқа амал жоқ. Ал, АМӨЗ-ге келсек, ол қаланың дәл қасында орналасқандықтан, осындай жағдай орын алып отыр. Егер алыста орналасқанда ауа да бүлінбес еді. Биылдың өзінде зауытқа бес рет тексеріс жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Сәйкесінше айыппұл салынып, төрт қондырғыны бір айға тоқтату жөнінде сот шешімі де шықты. Бұдан басқа тағы не керек? – дейді экология департаментінің басшысы.

 

Зауытты қаладан көшірсе...

 

Иә, әрине, спикер сөзінің жаны бар. Ендеше, зауытты қаладан көшіруден басқа жол жоқ секілді. Себебі, қаланы көшіре алмаймыз, бұл – қиынның қиыны екені түсінікті. Кезінде жұмысшыларға арнап Тұрғындар қалашығын салумен ғана шектелу керек еді. Бірақ, сол кездегі құзырлы органдар жер де берді, үй салуға да рұқсат берді емес пе? Енді бәрі кеш... Әйтеуір, экологтар айыппұл салса, кінәлілер оны төлеуден танбайды. Ал, тазарып жатқан ауа жоқ. Сонда, айыппұлмен кімді алдап, кімді жұбатамыз? 

 

Бір қызығы, АМӨЗ күрделі жөндеуге кідірген кезде тұрғындар тарапынан арыз-шағым сап тыйылған болатын. Ал, іске қосылған кезде қайта көбейіп кетті. Демек, өндірісті тоқтатса, халықтың да жаны жай табады деген сөз ғой. Бірақ, сот шешімдерін шолып қарасақ, онда жұмысты тек уақытша тоқтату туралы айтылады. Өйткені, өндіріс тоқтаса, өнім шықпайды. Ал, АМӨЗ жұмысын тоқтатса, елде бензин мен газ тапшы бола қалады. Ал, оның арты неге апаратыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, кәсіпорын жабылса, онда еңбек етіп, отбасын асырап жатқандардың тағдыры не болмақ? Міне, осындайда таразының бір басын тұрмыстық түйткілдер басып кетеді. Сөйтіп, халық денсаулығы мен ұрпақ келешегі көлеңкеде қалып қояды. Дамыған экономикадан не қайыр, егер оның қызығын көрер саламатты ұрпақ, салауатты ұлт қалыптаспаса?!

 

Тығырықтан шығар жол

 

Осы орайда, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева мәселені шешудің бір жолын ұсынады.

 

– 40 тармақтан тұратын жол картасында бірнеше бағыт қамтылған. Онда ауа, су, қалдық, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері де бар. Біздегі негізгі «бас ауруы» – кәріздік тазарту қондырғыларының әбден ескіріп, лас судың тазартылмаған күйі булану алаңына түсуі. Қазір қаланың сол жағалауындағы қондырғының жаңғыртылып, пайдалануға берілгені де күпті көңілге медеу болып отыр. Енді оң жағалаудағысы жаңғыртылып жатыр. Меніңше, ауаны тазартудың бір жолы болса, бұл – көгалдандыру жұмыстарын күшейту, - деген ол осы бағытта ірі кәсіпорындар мен әкімдік арасында меморандум жасақталғанын айтып өтті. 

 

Бұл бойынша АМӨЗ, НКОК, «Ембімұнайгаз», ТШО мекемелеріне жоспарлы шығындарына сәйкес арнайы жер учаскелері бөлініп берілді. Мысалы, НКОК Еркінқала, Береке ауылы мен Мақат ауданында жасыл желек жайқалтып, өзгелерге үлгі көрсетуде. Ал, қалған мекемелерде бұл жұмыс жобалық құжаттарға байланысты әзірге тоқтап тұр.

 

Тал еккен жақсы ғой. Бір күнде мың көшет отырғызуға да болар. Бірақ, соның бәрін күтіп-баптап жатқан  тірі жан бар ма? Мамандардың есебінше шыбық толыққанды ағашқа айналуы үшін он жылдай уақыт керек екен. Сол аралықта оны үздіксіз суарып, түбін қопсытып отыру қажет. Ал, мұнымен кім айналысып жатыр? Біз қай істі де белсенділікпен бастап, тап солай тастай саламыз. Мұны мойындамасқа болмайды. 

 

116 мың тал керек!

 

Енді мына бір қызықты қараңыз! Техника ғылымдарының кандидаты эколог Мәнсия Есенаманованың айтуынша, алақандай Атыраудың өзінде 116 мың көлік болса, соның зиянын қайтару үшін соншама ағаш егу керек екен.

 

– Сандарды «сөйлетер» болсақ, бір көлік 8-9 келі көміртек оксидін шығарады. Бұл не деген сөз? Яғни, біз бүкіл халық болып тал егуіміз керек. Естеріңізде болса, бұрындары Атырауда ағаш өспейді деген әңгіме жүрді. Соның ішінде, Вокзал маңы мөлтекауданы көгалға арналмағаны айтылды. Ал, қазір онда жасыл желек жайқалып тұр, - дейді ғалым.

 

Мәнсия Санаққызы шаһардағы сасық иіс зауыттан емес, булану алаңынан шығып отырғанын айтады. Өйткені, көп көлемдегі күкіртсутек лас судан бөлініп жатыр. Оны химиялық немесе микробиологиялық әдіспен, яғни, көмірсутекпен қоректенетін микроағзалар арқылы тазартуға болады.


*Сіз не дейсіз?

 

Еркебұлан Баделов, қоғам белсендісі:

 

– Меніңше, қазір ұзақ уақыт талап етпейтін, екі айда тез өсіп шығатын топинамбур секілді өсімдіктерді тұрғындар болып жаппай егуіміз керек. Біз, бір топ белсенділер Геолог ықшамауданында 5 мың ағаш отырғыздық. Осындай жұмыстар Балықшы мен Жұмыскерде де жасалды. Осы орайда, әкімдік арнайы аумақтар бөліп берсе деген ұсыныс айтқым келеді.

 

Екіншіден, жергілікті кәсіпорындар төлейтін айыппұлдар республикалық бюджетке аударылуы дұрыс емес. Керісінше, оны жергілікті жердегі экологиялық мәселелерді шешуге жұмсаған жөн деп ойлаймын.

 

Үшіншіден, тәуелсіз ауа құрамын онлайн зерттейтін құрылғылардың санын жүздеп көбейту керек. Мәселен, АМӨЗ-дің қасына соның 200-ін қойса да артық етпейді. Сонда иістің немесе қалдықтың нақты қайдан шығып жатқанын әр тұрғын біліп отыратын болады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости