Сала мамандарының пікіріне жүгінсек, жер бетіндегі су қорына өте тапшы аймақтың қатарына Атырау облысы жатады екен. Бұл жалпы жер көлеміне шаққанда су мөлшері аз деген сөз. Негізінен, облыстағы ірі су көздерінің көпшілігі ішуге жарамсыз. Тіршіліктің түп тамырына тұщы нәр беріп тұрған жалғыз Жайықтың жағдайы болса, мынау. Сондықтан басқаны айтпағанда, ауыз суды үнемдеу, ең бірінші кезекте атыраулық ағайынға ауадай қажет нәрсе.
Қарапайым тұрғындарды айтпағанда, Жайықтың бойында орналасқан ірі су пайдаланушы компаниялар, мәселен «ТЭЦ», «АМӨЗ», «Атырау су арнасы» және басқа да кәсіпорындар өздеріне лимит бойынша бөлінген қажетті су мөлшерін керегінше алып жатыр. Олар бір жылдың ішінде орта есеппен қала бойынша 250 млн.текше метр су пайдаланады екен. Бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймай тұр. Ал осы сала мамандары ауыл шаруашылығына жұмсалатын су мөлшері бұдан да көп екенін алға тартады. Сондықтан онсызда жылап ағып жатқан Жайыққа түсетін салмақты азайту үшін қалай болғанда да суды үнемдеу керек. Ол үшін не істеу керек?
Негізінен, тұрмыстық тұтынуға ауыз су, өндірістік қажеттілікке техникалық су қолданылуы тиіс. Бірақ бізде олай емес. Үйде ішуге де, құрылыста, мәселен, «раствор» езуге де бір ғана тұщы су көзін пайдаланады. Бұл, әрине, мүлдем дұрыс емес. Осыдан келіп Жайық тартылып барады, ауыз су жетпей жатыр деп байбалам саламыз. Проблеманың қайдан, неден туындап жатқанын білсек те, мәселенің түп тамырына үңіліп, іс жүзінде нақты әрекет жетіспей жатыр. Түйінді тарқатудың жолы – Жайық суына «екінші өмір сыйлау». Бұл көп жылдан бері, яғни, өзенде су тапшылығы сезіле бастаған жылдардан айтылып келе жатқан мәселе. Айталық, «Жылу электр орталығы» мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ-дары секілді ірі өндіріс ошағының күнделікті тұтынып, Перетаскаға, сақтау орнына ағызып жатқан орасан су мөлшерін қайта өңдеп, техникалық су ретінде пайдалануға әбден болады. Бірақ оны іске асыратын бізде механизм жоқ. Сол себепті ол жылдар бойына сөз бұйдаға салынып келеді.
– Суды өндірістік мақсатқа екінші мәрте пайдалану – бүгінгі күні ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Ол осыдан ондаған жылдар бұрын да айтылып келеді. Бірақ, әлі күнге оң шешімін таппай тұр. Дәлірек айтқанда, кәріз суларын тазарту қондырғысынан шыққан суларды көгалдандыру жұмысына, басқа да мақсаттарға техникалық су ретінде пайдалану үшін осы қалада тұрған «ТЭЦ», «Атырау су арнасы» секілді мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарына ұсыныс жіберіп келеміз. Өкінішке орай, барлығы да қағаз жүзінде қалып келеді, – дейді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орынбасары Нұргүл Қалиева.
Көріп отырғанымыздай, бұл бағытта қозғалыс бар. Десек те, сөзден іске көшетін нақты тетігі жоқ. Ал қалада оған мүмкіндік те бар. Ол жақында пайдалануға берілген КОС ғимараты.
- Қалада іске қосылған кәріздік су тазарту қондырғысы, негізінен, тәулігіне 70 мың текше метр лас суды өңдеп шығаруға арналған. Бірақ әзірге күні бүгінгі қуаты – 15-20 мың текше метр. Енді қондырғыдан шыққан суды өндірістік мақсатқа пайдалану жолдарын қарастырып жатырмыз. Жалпы, жақында іске қосылған газ химия өнеркәсібі кешенінен, өзге де кәсіпорындардан ұсыныстар түсіп жатыр. Егер лабораториялық қорытынды оң баға беріп, жоба мықтап қолға алынса, онда алға қарай КОС жұмысын кеңейтуге мүмкіндік қарастырылады,-дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Өмірғалиева.
Иә, бұл қала халқы үшін тиімді ұсыныс. Өйткені Атырау судың 90 пайызын Жайықтан алады. Бір жылдары Құрманғазының Қиғашы мен Ақтөбе өңірінің Көкжидесінен тұщы су құбыр арқылы жеткенше, өзен суы сарқылып қалуы да ғажап емес Сондықтан ондаған жылдар бойына қыруар қаржыға салынған КОС-тың «қызығын» көретін кез жетті. Тездетіп тетігін тауып, «АМӨЗ» бен «ТЭЦ» секілді ірі компаниялар мен қаладан шыққан сарқынды суларды КОС арқылы тазартып, техникалық суға айналдырмаса, Жайықтан аз жылда айрылып қаларымыз хақ.