RSS лента

Жайық жоғалып барады...

  • 12.02.2023, 03:49,
  • 471
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбі өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері тазаланбаған екен, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ЖАЙЫҚ ПЕН ҚИҒАШТА ТҮП ТЕРЕҢДЕТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАСТАЛҒАНЫНА АЛТЫ ЖЫЛДАН АСЫП БАРАДЫ. ОНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ — БАЛЫҚ ЖҮРЕТІН АРНАЛАРДЫ АРШУ, БАҒАЛЫ СУ МАРЖАНЫНЫҢ ӨСІМІН ҰЛҒАЙТУ, ӨЗЕН ОРТАСЫНЫҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ АЛУАН ТҮРЛІЛІГІ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАУ БОЛАТЫН. КЕЗІНДЕ «ӨЗЕНДЕРДІҢ БИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ», «ТАБИҒАТҚА ЖАСАЛҒАН ЗОР ҚАМҚОРЛЫҚ» ДЕП БАҒАЛАНҒАН БҰЛ ЖОБА ШЫНЫМЕН ЭКОЛОГИЯНЫ ЖАҚСАРТЫП, БАЛЫҚ ҚОРЫН МОЛАЙТЫП, ЕЛ БАЙЛЫҒЫН ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ МЕ?

 

ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

 

Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбі өткен ғасырдың 80-жылдарында тазаланған екен. Содан бергі 40 жыл ішінде өзендер тамағының бітеліп қалғаны анық. Ұмытпасақ, мұндай жұмыстар облысқа Иманғали Тасмағамбетов әкім болып келген 1999 жылы қолға алынғаны есімізде. Айтпақшы, Жайық өзенін тазалау 2012-2017 жылдар аралығында Атырау облысының Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы аралығындағы өзен суына жүргізілді. Жайықтың ирелеңдеп ағатын қиылыстарының түбіне құм, саз жиналып, саяздап қалған 16 қайраңы қазылып, тереңдетілген. Ал, бұл жолғы тереңдетудің жөні бөлек болды. 2017 жылдың аяғында басталған жұмыс әлі күнге созылып келеді.

 

Айталық, 2020 жылға дейін қос өзеннің 152 шақырымына түп тереңдету жұмыстары жүргізілген екен. 2021 жылы да Қиғаштың 17 шақырымына, ал 2022 жылы 295 шақырым өзен түбін тереңдетуге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталған. Жұмыс алғаш басталған 2017 жылдары Жайық пен Қиғаш өзендерінің атырабындағы арналарының түбі қайраңданып қалғаны белгілі болды. Теңіз жағынан суасты өсімдіктері қаулап кеткен. Жобаға сәйкес, сол кезде Қиғаш өзені бойынша, жалпы ұзындығы 126,9 шақырым өзен арнасын тереңдету қарастырылды. Оның ішінде Ганюшкино каналы 100,169 шақырымды, Жарқосын каналы 26,7 шақырымды құрады. Тереңдету көлемі 2,5 метр болса, ені 25 метрге жетті. Бұл каналдар үшін атқарылуға тиісті жұмыстың мерзімі 2017-2020 жылдар аралығын құрады. 2017 жылы бұған 49 млн. теңге қаралып, ол толықтай игерілген. Ал 2018-2020 жылдары осы мақсатқа тиісінше 1,7 млрд. теңгеден бөлінген. Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары да 2017 жылдың желтоқсанында басталды. Жүргізілген жұмыстар жобасының құны 1 млрд. 598 млн. теңгені құрады. Мұнда да тереңдігі 2,5, ені 25 метр су түбі тазартылған. Сол кездегі судың тереңдігі 1 метр, кейбір жерлерде 50 сантиметрге дейін тайызданғаны байқалды. Жобаға сəйкес топырақ 23,5 шақырым қашықтағы учаскеден бастап жиналып, ұзындығы 16,9 шақырым болатын өзеннің жаңа арнасы қазылған.

 

ҚҰНЫ ҚЫМБАТ, НӘТИЖЕСІ МАРДЫМСЫЗ ЖОБА

 

– Егер жұмыс дұрыс жүргізілмесе балық та көбеймейді, су көлемі де артпайды. Сондықтан облыс әкімдігі мердігер мекеме атқарған жұмысты үнемі қадағалап отыруы тиіс және мұндай шараға экологтар, ихтиолог мамандар шақырылуы қажет. Жұмыс бірлесе атқарылса ғана, оның нәтижесі болады, - дейді мелиорация саласының маманы, еңбек ардагері Қали Әубекеров.

 

Ардагер ақсақалдың ескертуіне құзырлы орган басшылары құлақ салды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ, су тапшылығына тап болған атыраулықтарды қазір «түп тереңдетуден түпкі мәселе шешілді ме?» деген сауал жиі мазалайды. Түп тереңдету былтыр да жасалып, қыруар қаржы игерілді. Оның алға қарай да өз жалғасын табатынын облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев жуырда журналистермен өткізген брифинг барысында да нақтылап өтт.

 

– 2017-2021 жылдар аралығында облыс аумағында Қиғаш (126 км 5,9 млрд. теңге) және Жайық (43 км 2,2 млрд. теңге) өзендерінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін ұлғайту жұмыстарының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Былтыр республикалық бюджет есебінен Жайық (51,5 км 2022 ж.-2023 ж.) және Қиғаш (99 км 2022 ж.-2023 ж.) өзендерін суландыру және гидрологиялық режимін ұлғайтуды жалғастыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Сол бойынша 2022-2024 жылдары жалпы ұзындығы 51,5 км құрайтын Жайық өзенінің Зарослый (26,028 км), Приморский (19,028 км) каналдары, 3-ші өзек (3,46 км) және 6-шы өзектің (3,675 км) түбін тереңдету жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл жобаның жалпы құны – 6,5 млрд. теңге. Үшінші кезеңіне сәйкес, Қиғаш өзенін (144,5 км) түп тереңдету жұмыстары 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Сондай-ақ, Жайық және Қиғаш өзендерінің теңізге құяр сағаларын түп тереңдету жұмыстарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Қоршаған ортаны қорғау және экология министрліктері арқылы үкіметтік резервтен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр, - деді ол.

 

Көріп отырғанымыздай, бюджеттен тағы да қыруар қаржы қаралып, жоба жұмыстары жалғасын таппақ. Әрине, мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның жүзеге асуына қарсы емеспіз. Бірақ, осы жерде «Жайықтың суы сарқылып, Каспий теңізі тартылып бара жатқанда түп тереңдету жұмыстарын жалғастыру керек пе?» деген орынды сауал туындайды. Өйткені, теңіз бен өзен арналарының арасы қашықтаған сайын оған қосымша қаржы қарастыруға тура келеді. Оны осыған дейінгі тәжірибе де көрсетіп отыр. Мұның үстіне, дәл қазіргі жағдайда түп тереңдету мәселені шеше алмай отырғаны жасырын емес. Жоба әуелден өзеннің биологиялық ахуалын қалпына келтіру мақсатын көздегенімен, шын мәнінде оған сала мамандары тарапынан ғылыми негіздеме жасалды ма?

 

ЖАЙЫҚТЫ ҚАЙТСЕК ҚҰТҚАРАМЫЗ?

 

Өткен жылдың аяғында облыстық қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшелері де осы мәселеге бас қатырды. Кеңес атынан көптеген ұсыныс жасаған Шынар Ізтелеуова жылдар бойына түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп келе жатқанымен өңірдегі су мәселесінің әлі күнге шешімін таппай отырғанына қынжылыс білдірді. Ол нақты нәтиже бермеуінің басты себебі ретінде жоба жұмысында жүйелі бір тәсілдің жоқтығын атады. Осы ретте теңіз арнасында тереңдету жұмыстарын жүргізген шетелдік компаниялардың тәжірибесінен үйренген артық етпейді. Әрине, «түп тереңдету жұмыстары өзен арнасының табиғи жағдайына кері əсер етіп жатыр ма?» деген қорқыныш та жоқ емес. Сондықтан кеңес мүшелері алға қарайғы жасалатын жұмыстардың барлығына ғылыми негіздеме жасалып, осы тұрғыдан зерттеу, талдау жүргізілуі қажет деген ұйғарымға келді. Сонымен бірге, тұрақты түрде қоғамдық мониторинг жүргізіп, бұл жобаға қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, талқылау жүргізуге шақырды. Өзге де ұсыныстар айтылды. Əрине, түп тереңдетуге ғылыми негіздеме жасалуы керек деген қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысының жаны бар. Əйтпесе, жоба өз нəтижесін берер еді ғой. Сондықтан біз «Сырт көз – сыншы» деген қазақтың нақылын бетке ұстап, Ресей ғылым академиясының академигі Александр Чибилевтың пікіріне құлақ салып көрдік. Оның сөзінше, түп тереңдету Жайыққа теріс əсер етіп жатқан көрінеді.

 

«Негізінен, бұл аймақта өзен суының мөлшерін арттыру жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бірақ түп тереңдетуден өзендегі су көбеймейді» дейді ол.

 

Егер шынымен түп тереңдетуден түпкі мəселе шешілмейтін болса, онда жобаның арнасын неге басқа жаққа қарай бұрмасқа?! Мəселен, осы салаға бөлініп жатқан қыруар қаржыны суы сарқылып, арнасы тарылып бара жатқан Жайықты сауықтыру мен Каспийді толтыру мəселесіне жұмсасақ əлдеқайда тиімді болары сөзсіз. Сонымен бірге өзенге түсетін салмақты төмендету мақсатында қаладағы жаңа кəріз суын тазарту қондырғысының (КОС) жұмысын жандандырып, сарқынды суларды өңдеп, Жайық суына «екінші өмір» сыйласа нұр үстіне нұр болар еді. Мұның барлығы түптеп келгенде теңіз бен өзенімізді экологиялық апаттан құтқаратын жарқын жобалар болмақ.

Оставить комментарий
Последние новости
Все новости