ЖҮЙЕЛЕР ЖӨНДЕЛСЕ, ЖАҒДАЙ ДА ЖАҚСАРАДЫ
Пайдалануға берілгеніне бірнеше онжылдықтың жүзі болған каналдардың тозып, жүйелердің жарамсыз күйге түсуіне байланысты оларға кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, арнасын кеңейтіп, қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Мәселен, 2017 жылы сол мезгілге дейін «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде, яғни республикалық меншікте болып келген 15 каналдың 14-і, сондай-ақ Қызылқоға ауданының аумағындағы «Ералы» су торабы Ауыл шаруашылығы министрлігінің келісімімен облыстың коммуналдық меншігіне берілген болатын. Бұған бірден-бір себеп, республикалық меншікте болғанына қарамастан каналдарды жөндеуге мемлекет қазынасынан ешқандай қаражаттың бөлінбеуі. Ал, оның ішінде теңгерімдік құны жоғары нысан ретінде бағаланған «Нарын» каналы коммуналдық меншікке өтпей қалды. Осылайша, облыс меншігіне алынғандарының ішінен бірінші кезекте «Тереңөзек», «Алға-Егіз» (Махамбет ауданы), «Алғабас Жорық» каналдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта канал бойын жайлаған ауылшаруашылық құрылымдары мен жергілікті тұрғындар бұрыннан қалыптасқан атакәсіппен қоса, егін өсіруге де бет бұруда. Араларында құнарлы мал азығы саналатын көпжылдық екпелі шөп – жоңышқа өсіріп отырғандары да жоқ емес. «Сарыөзек», «Құрсай», «7 ауыл–Айсары» каналдары да қалпына келтіріліп, өңірде аграрлық саланың алға басып, дамуына қолайлы жағдай жасалды. Тұтастай алғанда, соңғы бес жылда облыс бойынша 13 суару-суландыру жүйесі мен бір су торабын қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жоспарланып, жобаланған іс – шаралар қаржыландыру мүмкіндігі шеңберінде, белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Әрине, түрлі себептермен көрсетілген уақыттан азкем ауытқушылықтардың да кездесетінін жасыруға болмайды. Бүгінде 9 суару-суландыру жүйесінде («Есбол-Қазыбай», «Қызыл үй», «Ақсай», «Есіркеп», «Жасқайрат», «Бағырлай», «Сборный», «Ақай» каналдары) және «Ералы» су торабында жөндеу жұмыстары жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде толықтай қайта жаңғыртылып, қалыпты тірліктің жалғасуына септігін тигізіп отырған нысандардың барын айта кетуіміз керек. – Бұлардан бөлек, Атырау қаласының коммуналдық меншігіндегі «Приморский», Махамбет ауданындағы «Первомайский» ЖШС-нің теңгеріміндегі «Сорочинко» каналдары да өңіріміздегі суару-суландыру жүйелерінің тізіміне енгізілген. Сол себепті де, жобалық қуаттылығы ауданы 16 мың гектар көлтабанды алқапты суландыруға жететін «Приморский» каналын күрделі жөндеу қажеттілігі туындады. Негізінде бұл нысандар әу баста су жеткізілуі қиын жайылымдық және шабындық учаскелерді суландыру мақсатын көздеген. Сондықтан мұның өзі кезек күттірмейтін, шұғыл шешімін табуды қажет ететін өзекті мәселе. Осы жағы ескерілгендіктен, бұл бағытта межеленген ісшаралар 2021-2025 жылдарға арналған облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізіліп, орындалысы қатаң қадағаланып, құрылысы мемлекеттік құрылымдар тарапынан ұдайы бақылануда, – деді Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.
СУ ЖЕТКІЗУ ШЫҒЫНЫ ӨТЕЛЕДІ
Басқарма басшысы орынбасарының түсіндіруінше, бұл мәселенің оң шешімін табуына бірден-бір мүдделі Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай – ақ Ауыл шаруашылығы министрліктерінің келісімімен, Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитетінің бекітуімен суару-суландыру жүйелері арқылы тауар өндірушілерге су жеткізу қызметі шығындары субсидияланады. Нақтырақ айтқанда, өтеледі. Соның ішінде, суармалы алқаптарды сумен жабдықтау жөнінде субсидияның берілуіне жауапты тарап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болса, жайылымдарға жіберілетін су шығынын өтеу жөніндегі әкімгері болып қала мен аудан әкімдіктері тағайындалған. «Қазсушар» РМК Атырау филиалының дерегінше , соңғы бес жылда облыста барлығы 16 мың гектардан астам егістік және көлтабанды алқап суландырылған. Осыдан ең көбі өткен 2021 жылдың еншісіне тиесілі. Жіберілген судың көлеміне қарай, оны жеткізу шығынын өтеу үшін жылдан жылға қазынадан төленетін қайтарымсыз қаражаттың (субсидия) сомасын ұлғайтуға бағыт ұсталуда. Осылайша, былтыр осы мақсатқ а жергілікті бюджеттен 202 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, оның төрттен бір бөлігі игерілген.
ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ҮНЕМШІЛДІККЕ ҮЙРЕТТІ
Атырау облысы еліміз бойынша жерасты тұщы су көздері тапшы әрі қоры аз аймақтардың бірінен саналады. Ол трансшекаралық өзендердің ең төменгі арнасында, ағыны жай, ағысы баяу сағасында орналасқан. Соның салдарынан соңғы жылдары климаттық жағынан жартылай шөлейтті аймаққа жататын біздің облысымызда табиғи су көздерінің тапшылығынан қиын жағдай қалыптасқанын көзіміз көрді. Биыл ғана өзендер тасып, ахуалдың сәл де болса оңалғаны аңғарылды. Десек те, мұндай құбылыстың әр жыл сайын қайталана бермесі де белгілі. Мұның өзі бар суды ұтымды, мейлінше ысырапсыз пайдалану қажеттігін меңзейді.
БАРДЫ ҰҚЫППЕН, ЖОҚТАН БАР ЖАСАП…
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, каналдарға да судың жыл санап түбі таязданып, арнасы тарылып бара жатқан өзендерден айдалып, арнасы толтырылатыны белгілі. Сондықтан, барының өзін үнемдеп жұмсау үшін ауыл шаруашылығында, әсіресе, егіншілікте заманауи, озық технологияны өндіріске кеңінен енгізуге көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде облыста тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілімен бапталатын егістік алқаптың аумағы өсті. Статистикалық деректерге сүйенсек , 2010 жылы тиімділігі жоғары израильдық технологияның көмегімен күтілетін егіндіктің көлемі небәрі 315 гектарды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш он есеге артып, 3 200 гектарға жетті. Ал, кейінгі жылдары ғана қолданыла бастаған жаңбырлатқыш агрегатпен суарылатын екпелі егістің аумағы санаулы мезгілде 1000 гектардан асып отыр. Сайып келгенде, бұл салада жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен өрісін тапқан оң үрдіс аз шығынмен көп пайда табуға, игілікке кенелуге болатынын байқатты. Әрине, мұнымен бар шаруаның түйіні шешілді, судың тапшылығы жойылды деуге болмайды. Егіндік пен шабындық, қалаберді көлтабандар мен жайылымдық алқаптарды суландыруда қиындықтар мен кідірістерге жол бермеудің алғышарты – каналдардың түбін қазып, тереңдету болып табылатынын ескерген «Қазсушар» РМК Атырау филиалы салалық министрліктің, облыстық әкімдіктің қолдауымен, мердігер кәсіпорындардың көмегімен қолданыстағы каналдарды қалпына келтіру жұмыстарын жоспарлы да жүйелі түрде жүзеге асыруда. Осылайша, бір ғана Құрманғазы ауданының өзінде жалпы ұзындығы 24 шақырымға жуықтайтын каналдың түбін тереңдетуге тапсырыс берілген. Мұндағы мақсат – көршілес Ресей елімен шекарадағы Қиғаш өзеніне келетін судың көлемін көбейтіп, гидрологиялық режимді жақсарту. Осындай жұмыс оның сағасы – Шора өзенінде де жүргізілуде. «Қазсушар» РМК өңірлік бөлімшесінің басшысы Асланбек Рысжановтың айтуынша, «Атырау облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.