RSS лента

Әйел меңгермеген мамандық, жасамаған жұмыс қалмады...

  • 13.12.2021, 01:00,
  • 687
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің ролі қатты өзгерді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

БҰРЫН МҰҒАЛІМДІК ПЕН ДӘРІГЕРЛІК, ЕСЕПШІЛІК ПЕН САТУШЫЛЫҚ – ҚЫЗ БАЛАЛАР ИГЕРЕТІН МАМАНДЫҚ САНАЛАТЫН. БҮГІНДЕ ӘЙЕЛ ЗАТЫ МЕҢГЕРМЕГЕН МАМАНДЫҚ, ІСТЕМЕГЕН ҚЫЗМЕТ ҚАЛМАҒАН СЫҢАЙЛЫ.


Бәрі жағдайға байланысты


Біздің халықтың менталитетінен бе, əйтеуір, ер адамдардың бірқатары əйелдердің басшылық қызметке көтерілгенін жарата бермейді. Көбі əйел басшының қол астында жұмыс істегілері жоқ. Реті келсе, ер адам басқарып отырған ұжымға барғысы келеді. Бұл, біріншіден, ерлермен ерлерше сөйлесіп, мəмілеге келе аламын деп ойлаудан болса, екіншіден, жолы жіңішке əйел затынан сөз естімеу, бұйрығын орындамау, бір сөзбен, «құл болмау» секілді.


Еліміздің маңдайалды психологтары мен ғалымдарының пікірінше, атақ пен даңқ, мансап қуу əйелдерді табиғи болмысынан айырады. Басқаша айтқанда, ерлермен тең боламын деп бəсекеге түсетін олар өздерінің қалайша еркектеніп кететінін сезбей де қалады. «Осылайша, елімізде демографиялық дағдарыс пайда болуда» дейді олар. 


Мамандар, жауапкершілігі зор лауазымды қызметін бəрінен жоғары қоятын лидер келіншектердің көбі өмірге бала əкелуге, қолдан ас-су дайындауға, үй тірлігіне араласуға, ата-енесі мен күйеуінің дегенімен жүруге, оларға қызмет етуге құлықсыз келеді деген пікірде. Ал, өмірінің біраз жылын елдегі қоғамдық жұмыстар мен мемлекеттік қызметке арнаған Оразгүл Асанғазы «қыздардың жаны еркектеніп барады» деген пікірмен түбегейлі келіспейді.


– Ер-азамат қашаннан əйелдерден бір саты жоғары тұруы, ал, жарының оны биік тұлға екенін мойындай білуі керек. Үйінде жағдайы болған қыз-келіншектер ғана ана болып та, жар болып та, бұларға қоса түрлі қызметті де атқара алады, – дейді қоғам қайраткері.


Қазір үйде де, түзде де əйелдердің белсенділігі артып келеді. Қырық жанды саналатын əйел адамдардың шыдамдылығына, еңбекқорлығына тəнті боласың. Біздің елде олардың белсенділігіне əлі де үрке қарайтындар болса, батыс елдерінде əйелдердің құқығын қорғауға, саясаттағы ролін нығайтуға бағытталған түрлі ұйымдар жұмыс істейді екен. Айталық, Швеция, Дания, Норвегияда əйелдердің саясаттағы рөлі 44% құрайды. Ал, бізде мұның деңгейі төмен.


Ақылды жар – жарты бақыт


Қыс мезгілі. Арқадан Бұхараға мал айдаған байлардың керуен салтанатын жоғалтпаған кезі. Бай-мырзалар алдын-ала хабарламай, Жиенбай жыраудың үйіне келіп түседі. Ондағы ойлары «Жиенбайға айлап жырлатып, үйір-үйір жылқы, қора- қора мал айдатып жібереміз. Сол сыйымыздың бір кəдесін көрейік» болады. Бірақ, Жиенбай мал жимаған кісі болатын. Ол қолына түскен дүниені халыққа бөліп беретін «кедейдің жомарты» еді.


Қонақтар дауыстай амандаса жеркепеге келіп кіреді. Жырау үйінде екен. Келген кісілермен амандасып болған соң босаға жаққа қараса, əйелі жоқ. Əдетте ол ерінің тапсырмасын күтіп отырушы еді. Шамасы ол да қонақтарға ұсынар ештеңе болмағасын қатты қысылған болуы керек. Арада біраз уақыт өтеді. Енді мырзалардың өздері ыңғайсыздана бастайды. Олардың арасынан біреуі: «Жиекемнің үйінен қара су ішкеніміз, қымыз ішкенмен бірдей емес пе? Ауыз тиіңдер!» деп, ыдыспен мұздай суды жағалатыпты. «Жоқтық – жомарт ердің қолын байлайды» деген

емес пе, Жиенбай ішінен қапаланып отырса да, жүзінен ештеңе сездірмейді.


Кенет қонақтардың ішіндегі үлкені:

– Жиеке, бүгін Шыбынтай Əлдебайдың ауылына еруміз. Өзіңізді көріп, сəлем берейік деп келгенбіз. Бізбен бірге болыңыз! – деп өтініш айтады.


«Жоққа жүйрік жетпейді» дегендей, бəрі осы сөзді құптаған күйі сыртқа беттейді. Осы сəт есіктен шыққан қонақтардың алды состиып тұрып қалыпты. Қараса, екі тайқазан ет бұрқылдап қайнап жатыр. Қонақтар аң-таң.


Сол сəтте Жиенбай жырау:

– Ал, жігіттер, қазан қайнап қалыпты. Сыбағаларыңды жеп кетерсіздер! – деп қонақтарын қайта ішке кіргізеді.


«Жыраудың киесін сол кезде көрдік. Төрде отырған Жиенбай басқадан бір бас биік отырды. Сөзі де, өзі де жолға түсе жөнелді» дейді екен көзкөргендер.


Қонақтар етті жеп отырып, біріне-бірі:

– Бұл кісі сыртқа шыққан жоқ, ішке ешкім кірген жоқ. Сонда мына жылқыны кім сойды? – деп таңданысыпты.


Жиенбай жыраудың бəйбішесі Балшаш анамыз Жетіру Керей Даңмұрын ақынның апасы екен. Қонақтардың сынап келгенін біліп: «Қонақасы бере алмай, ұяттан үш жүзге мəлім Жиенбай өлгенше, астындағы аты өлсін» деп, аттың ер-тоқымын аударып тастап, жігіттерге сойдырып, қазанға салып жіберген көрінеді. Ақылды да асыл анамыз елге сын, ерге мін болар тұста азаматының арын солай қорғап қалыпты.


Не керек, бұл жағдай ақыры қонақтарға да мəлім болады. Бірін-бірі кінəлаған олар: «Жиенбайдың жалғыз атын жеп, жаяу қалдырғанымыз жөн бола ма, түге?!» деп, жыраудың соғымы мен мінерлік, көшерлік көліктерін толық қамтамасыз етіп аттаныпты. «Ақылды əйел – жарты бақыт» деген осы да.


Атырау арулары


Біздің Атырауда да өзінің іскерлігімен көзге түскен қыз-келіншектер аз емес. Көшбасшылықта жүрген əйел заты қай салада қызмет істесе де, өздерінің ұқыптылығымен, еңбексүйгіштігімен, байламды сөздерімен, орнықты пікірлерімен көптің көңілінен шығуда.

Көшбасшы əйелдердің өмір жолдары да, өздері де – бір-бір тарих, бір-бір энциклопедия. Олай болса, қырық жанды əйел затының бастаған істері берекелі болғай.


КӨШБАСШЫ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕККЕ КЕҢЕС:


1.Дұрыс эмоциялық кейпіңізді таңдап алыңыз. Жоғары лауазымды əйел көп жағдайда өзіне тəн емес «еркекше» басқару стилін санадан тыс көшіруге ұмтылады. Бірақ іс жүзінде, жақсы басшы болу үшін қатал, əрі өктемшіл болудың қажеті жоқ;


2.Жұмыстағы құрбыларыңыздан бас тартпаңыз. Билік адамдар арасындағы қарым-қатынасты бұза алады. Оның үстіне жоғары лауазымды əйел əріптестері «сүйіктілерінің» бар болғаны үшін мінейді деп қорқа бастайды. Шын мəнінде, бұрыннан жақсы көретін құрбыларыңыз жаңа бастауларыңызда сізге қолдау көрсетеді;


3.Белсендірек жəне батылдырақ болыңыз. Қыздарға көбінесе ерте бастан əдепті əрі қарапайым болуды үйретеді. Сондықтан олар өсе келе өзгелерді ренжітіп алмауы үшін ойын сыртқа шығармауды жөн санай бастайды. Нағыз басшыға мұндай қарым- қатынас стилі мүлде лайық емес;


4.Өзіңізге тым көп жүк артпаңыз. Бірден бірнеше роль атқаруға үйренген əйелдер көп жағдайда барлық ұсынылған тапсырмаларға келіседі де, нəтижесінде жұмысқа белшесінен батады;


5.Жұмыстан тыс өміріңіз туралы ұмытпаңыз. Еңбекқорлық – санадан тыс бүкіл əлемге бəрін еркектерден кем емес білетінін дəлелдеуге ұмтылатын басшы əйелдердің серігі;


6.Тəніңіздің тілін қадағалаңыз. Екіұштылыққа жол бермеу, əлсіз немесе селқос болып көрінбеу үшін маңызды презентациялардың алдында мəтінді ғана емес, қимылдарыңызды да қайталап шығыңыз. Бұл сіздің қызметіңізде кəдеге асады


ӘЙЕЛДЕР ТУРАЛЫ


Әйелдердің қабағында жылдың төрт мезгілі бар, оны еркектерге ұмытуға болмайды; Сыпайылық әйелді сұлуландыра түседі;


Еркек есік таппай жүрсе, әйел тесік табады;


Бір әйелдің істеген жұмысына үш еркек көк жұлын болар;


Әйелдердің ойлау қабілеті жоғары, өздері тез және сезімтал. Олармен пікір алысу пайдалы, ойға ой, ақылға ақыл қосылады;


Әйелсіз еркек саусақсыз қол секілді;


Бүкіл әлем әйелдерсіз бар сұлулығынан айырылып қалар еді. Себебі әлемдегі сұлулықты тек әйелдер ғана жасай алады. Әйелдер жойылса, сұлулық та, махаббат та жоғалады;

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости