RSS лента

Каспийдің түбін тесіп шықпасақ болар еді...

  • 18.10.2021, 02:35,
  • 1 620
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Каспий тазалығы тақырыбына қайта оралуға таяуда теңіз түбін тереңдету жұмыстарымен жақынырақ танысуымыз, сол орынға арнайы баруымыз себеп болды. Жоба операторы НКОК компаниясы жұртшылықтың талабына орай ғалымдар мен мамандардың, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінің бір тобын іс басына апаруды ұйымдастырды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Осы орайда біз карантинге қатысты жинақталған шағын топтың құрамында болған журналист Меңдібай Елмесұлын сөзге тартып едік...


– Теңіз бұл жолы аз-кем толқынымен қарсы алды, - деді ол бізбен әңгімесінде. – Рас, ол жалпақ табанды кемені сəл шайқағаны болмаса, жолаушыларына қауіп төндірген жоқ. Алайда, айдын лайлылығы соншалық, мұнда алғаш болғандар таңданысын жасыра алмады. Олар, сірə, Каспий тұп-тұнық таза, мөп-мөлдір ашық десе керек. Ал бұл құбылыс оның түбінің қазылып жатқандығына қатысты емес пе? Көкейге келіп қалған сауалды жасыра алмадық.

 

Бірақ, кемеде бірге болған НКОК компаниясы атқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаевтың айтуынша, айдын астындағы желқума толқындар түбіндегі бос топырақ пен шөптесіндерді бетіне шығарады екен. Мына лайлылық соның салдары-мыс. Əйтпесе, инвестор осы шаруаға «cookinq pot» аталатын тың технологияны таңдапты. Ол бүгінде əлемде ең үздік саналатын көрінеді. Теңіз түбінен алынған топырақ жан-жағына төгілмей, арнайы желі арқылы көз ұшындағы кемеге тасылады. Бастапқыда жағалауға шығарылуын ойлағанбыз. Сөйтсек, қазылған жердің айналасына үйіліп, əбден нығыздалады екен. Бұл əлгі орынның кейін қайта толып қалмауы үшін керек. Сонымен қатар, су мөлдірлігінің тез қалпына келуі қарастырылған. Əйтсе де, сəл ғана толқын соққанда айдын үстінің оның астындағы табиғи қалдықтармен бүлінуін жақсылыққа жорымадық. Демек, теңіздің əбден тайызданғаны ғой.

 

Осы мəселені біраз таратып айтсақ, инвестор кейбір тəуекелге де барып отыр. Айдын тартылып бара жатқандығын айттық. Оған құятын негізгі өзендер Еділ мен Жайық десек, бұлардың да жағдайы мəз емес. Басқа су көздерінің үлесі ауыз толтырып айтуға да жарамайды. Сонда қазіргі Каспий түбін тереңдету өзін ақтамауы мүмкін бе? Қашаған кеніші тұрған жер əуелден таяз. Енді тереңдігі одан əрі кеміп жатқанда алдағы уақытта тағы қазуға тура келмей ме? Жұртшылықтың да ренішіне қалмай, балықтардың да мазасын алмай өзге жолын ойластыруға болмады ма? Тəуекел тізгінін тартқанда НКОК нендей негізді нысанаға алды?!

 

Иə, басқа тəсілдері де қарастырылған екен. Біріншісі, ауа жастығындағы кемелерді пайдалану. Бұлардың əдеттегі су құралдарынан айырмашылығы – табанының жалпақтығы. Жүзгенде қар үстінде сырғыған шана секілді. Біз де межелі жерімізге сонымен жеттік. Əзірге біреу ғана екен. Келешекте санын көбейту ойда болғанымен, бұған қойылар да кейбір талаптар бар. Жалпы, осы арқылы жұмысшыларды негізгі өндірістік нысандар орналасқан «Д» аралына апарып-əкелу арзанға түспек. Өткен жылы компания тікұшақтармен 572 рейс орындап, 8928 адамды тасымалдапты. Кейбір сырқаттанған қызметкерлер қалаға жеткізілген. Соның бəріне, əрине, қыруар қаражат жұмсалған.

 

Қосымша инфрақұрылым да осы санатқа жатады. Ермек Марабаев бір сөзінде ТШО компаниясының Прорва тұсындағы дайын айлағын айтып қалды. Сол тұста Теңіз кен орнына ірі жүктерді кемемен жеткізу үшін тереңдету жұмыстары жүргізілгені белгілі. Қос инвестор келісімге келсе, əзір текке тұрған нысанды уақытша пайдалануға болар.

 

Екіншісі, құрлық арқылы жол салу. Əрине, келешекте теңіз деңгейі кешіп өтетіндей сирақтан келмес. Əйтсе де, эстакада тұрғызуға болады. Бұл - əлемдік тəжірибеде бар нəрсе. Бес-алты метр түгілі, одан да үлкен тереңдік үстімен көліктер шауып жүр ғой. Ал, айдынның солтүстік тұсы қол созымдай ғана. Оның үстіне, сапалы салынған эстакада талай жыл кəдеге жарауы мүмкін.

 

Үшіншісі, теңіз түбін тереңдету. Сол арқылы кеме қатынасын қалыптастыру. Мамандар əрібері ойлап, осы байламға тоқтапты. Сірə, шапшаң жүзеге асуын көздеген тəрізді. Өйткені, биыл маусымда басталған жұмыс алдымыздағы жылдың соңында мəреге жетуі тиіс. Бастапқы екі вариант та есептен шығарылмағанымен, дəл қазір үшіншісі тиімді. Бүгінде батыс бөлігіндегі жұмыстардың дені аяқталған.

 

Ендеше, мəселе шешіліп қойылса, мына жасалып жатқан жұмыспен таныстыру неге керек? Жалғастыра бермей ме? Əлде жай ғана есеп үшін бе? Мүлдем олай емес. Теңіз түбін тереңдету шарасы Парламент Мəжілісінде сөз болды. Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешовтың барлық жұмыстың талапқа сай жасалып жатқандығы жөнінде айтқаны Парламент мүшелерін онша иландыра қоймады. Əсіресе, депутат Артур Платоновтың соңғы жылдары теңізге кім көбірек залал келтіргені туралы сұрауы тегін емес. Өйткені, мұнда Қашағаннан басқа да нысандар баршылық. Бізде НКОК-тан өзге «Исатай Оперейтинг Компани» десек, іргелес Маңғыстауда «Бозашымұнай», «Мерует Оперейтинг», «Жеңіс Оперейтинг», ЕРСАЙ, Ақтау жəне Құрық порттары бар. Солардың бəрі айдын айналасын ластауға азды-көпті үлес қосып жүр. Турасын айтқанда, теңізде экологиялық тұрғыдан «қызыл нүктелер» қалыптастырып жүрген құрылымдар. Олардың тізімі екі жылда бір рет жаңартылады. Сол аралықта тағы қандай кəсіпорындар Каспий тазалығына нұқсан келтіріп үлгереді – мұны ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ көбеймесе, азаймайтыны анық.

 

Ал белсенділерді біріктіруге не себеп болды? Депутат Ирина Унжакова «Каспий теңізін қорғауға қатысты шараларға қоғам өкілдері қаншалықты қатысады?» деп тура сұрақ қойған-ды. Мəжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин де үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс жасауды ұсынған. Бұл сапар жоғарыдан осындай қозғалыс болған соң ұйымдастырылса керек. Жə, бастама кімнен шықса да, жұртшылықтың пікіріне құлақ асқан дұрыс. Инвестор жұмысын қадағалаушы органдар назарынан тыс қалдырмаса, тіпті де жарасымды.

 

Қашаған кенішін бастап игерген «ҚазақстанКаспийшельф» кəсіпорны еді. Содан бергі кезеңде бірқатар оператор ауысты. Кейбір компания қымбат жобадан шығып та кетті. Ал, енді өнім алу жолға қойылғанда кейін шегінер де жол жоқ. Соңғы қырық жылда ашылған ең ірі кен орны саналатын мұның геологиялық қоры 35 млрд. баррельге бағаланады. Демек, осынша ен байлық кəдеге аспай қалмайды. Қазірдің өзінде аталмыш кеніштен алынатын өнім Теңіз бен Қарашығанақты қосқанда республикада сүбелі үлеске ие. Толық қуатына шыққанда бұдан да еселене түспек. Тек соның өтемі ретінде Еуразиялық ендіктегі ең ірі су көзінен айырылып қалмаймыз ба? Оның түбінде талайды қызықтырар ен байлық қана емес, өте сирек кездесетін жануарлар əлемі де бар ғой. «Қызыл кітапқа» енген Каспий итбалықтарының өзі неге тұрады? Инвесторларды мəселенің осы жағы да ойландыруы тиіс.

 

Айдынның солтүстік бөлігі т айыз болғандықтан, қыста тез қатады. Əрине, мұз жарғыш кемелері бар, бірақ бəрібір қиындық туады. Енді оған теңіздің таяздануы қосылды. Жалпы, мұндағы орташа тереңдік екі, тек Жайықпен астасатын алқабында 5-6 метр. Оның үстіне, жыл бойы желқума толқындар əсерінен бір метрге дейін ауытқып отырады. Мұның бəрі, əрине, кеме жүрісіне қауіп. Компания қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылы су құралдарын аралдарға əрең жеткізіп үлгеріпті. Əйтпесе, теңіз ортасында қайырлап қалады екен. Мамандар айдынның солтүстік бөлігі соңғы он жылдан аса уақытта 1,5 метрге тайызданғанын айтады. Осы қарқыны бəсеңдемесе, түбі Аралдың аяғын құшуы кəміл. Сол кезде мұндағы тіршілік те оралмастай құрдымға кетеді.

 

P.S.

 

Теңізге саяхаттан соң әңгіме Атырауда ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» басында жалғасты. Мұнда да орынды ойлар ортаға тасталды, құнды пікірлер сараланды. Ғалымдар мен мамандардың баяндамалары тыңдалды, белсенділердің сауалдарына жауап берілді. Бұл туралы кеңірек келесіде айтылады.

 

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости