RSS лента

Бүгін – Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні

  • 12.04.2021, 01:56,
  • 777
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ерекше құпия жағдайда салынған «Байқоңырдың» аты бүгінде әлемге мәшһүр. Юрий Гагариннен бастап төрткүл дүниені төрт айналып келген ғарышкерлердің қатары көп. Олардың сапында қазақтың үміті мен сенімін арқалаған Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер бар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылысына қатысты ел ішінде әртүрлі әңгіме бар. Адамзаттың тарихында бұрын-соңды болмаған жоба аса құпия жағдайда жүзеге асқан. «Осы мақсатта Тың игеру жұмыстары қатарластырыла қолға алынған» деседі. Соның тасасында қарайған жұрт, қаптаған техниканы жаңа алаңға елеусіз әкелген екен. Оның өтірік-шынын кім білсін, дегенмен айлапат айлақтың құрылысына қатардағы жауынгер ретінде қатысқан ауылдас ағамыз «елге хат жазғанымызда қайда қызмет ететінімізді, қандай әскердің құрамында екендігімізді айтқызбайтын» дейді.


Оның баяндауынша, сол маңда жаңадан салынған қалалардың атауы да болмапты. Тек реттік нөмірмен белгіленеді екен. Қандастарымызға қатысты мынадай қызық мәліметтер айтылады. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 сәуірінде көкке көтерілген болатын. Ғарыштағы бір аптадан астам уақыт ішінде ол ғылыми жұмыстардан өзге, алғаш рет қазақ ғалымдары жасаған ұлттық тағамдарды пайдаланып көріпті. Кейінгі әңгімелерінде ғарышкер ет, айран мен ірімшік адамға қуат беретінін, айрықша құнарлылығын айтқан еді.


 Ал, белгіленген тәртіп бойынша оларға 9 түрлі тамақ – борщ, котлет қосылған картоп, түрлі шырындар ғана ұсынылады екен. Тоқтар ағамыздың кеме көкке ұшарда дәстүрлі «Поехали!» деудің орнына «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» деген сөзі де жұрт аузында жүр. Әлемнің 309-ғарышкері Талғат Мұсабаевтың есімі Гиннестің үздік табыстар кітабында жазулы. Ол бір айдың ішінде 5 рет ашық ғарышқа шыққан адам. Еліміздің көк Туы мен қасиетті Құранды ғарышқа апарған тұңғыш қазақ болып та есте қалды.


– Біз «Байқоңыр» ғарыш айлағында достарымызбен, Президенттің арнайы өкілімен бірге тек Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында алғаш рет Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен топырағын, сондай-ақ Құран кітабын ғарышқа апару туралы шешім қабылдадық. Бұл 1994 жылдың 1-шілдесі болатын, - деп еске алады Талғат Мұсабаев.


Тоқтар Әубәкіров ағасымен туған күні мен айы бірдей Айдын Айымбетов – Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлегі. Ол ғарышқа 10 күндік сапарында еліміз үшін маңызды зерттеулерге қатысты. Соның негізінде жаңа жобалар жүзеге асты. Айдынның Атырауға келген сапарында оны қарсылаушылардың бірі болған едік. Сол жолы қазақтың даңқты ұлының қарапайымдылығына көз жеткіздік.

Көкке самғаған ғарышкерлердің арасында «жазылмаған» заң бар. Солардың көпшілігі әдет-ғұрыптарға байланысты. Мысалы Мәскеуден Байқоңырға бағыт алушылар алдымен «Жұлдыздар қалашығындағы» орталықта таңғы асын ішуі керек. Бокалдарына құйылған шампанды көтеруді де міндеттері санайды. Қызыл алаңды аралап, Кремль қабырғасына гүл-шоқтарын қойғаннан кейін олар негізгі және қосалқы құрамға бөлініп, барар жерлеріне екі ұшақпен аттанады. Бұл енді қауіпсіздік мақсатында қолға алынған шара секілді.


Ал, Байқоңырға жеткеннен соң кеме құрастырушы алдарынан шығып, барлығын жете түсіндіреді. Болашақ ғарышкерлермен кездесуге ең жақын деген үш-төрт адам жіберіледі екен. Айтпақшы, қазақ жігіттері әуеге көтерілерде олардың жақындары табақтабақ ас әзірлеп әкеліп, оны жеуге рұқсат берілмей, біраз у-шу болғанын естігенбіз. Шындығында олардың қандай тамақ жейтіні, кімдермен жолығатыны ерекше қадағалауда болатыны белгілі.


«Белое солнце пустыни» деген фильмін қарау – ғарышкерлер үшін 1971 жылдан бері келе жатқан дәстүр. Өзі қонып шыққан қонақ бөлмесінің есігіне қолтаңбасын қалдыру, белгілі бір топтың әнін тыңдау секілді шаралар да бар. Бәрінен де қызығы ғарышкерлер айлаққа барар жолда автобусты міндетті түрде тоқтатады екен. Сондағы шаруалары – «түзге отыру». Қазір оған өзгеріс енгізілгенге ұқсайды. Соған қарамастан, сыртқа ешкім шықпаса да көлік сол тұсқа келгенінде аялдап тұрады екен. Осылайша сын-сынақтардан өткен ғарышкерлер кеңістікке бет алады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости