RSS лента

73 жастағы қазақстандық әлемді жаяу араламақ

  • 05.08.2023, 04:08,
  • 496
  • 0
  • Автор:
Автор фото: egemen.kz

Өткен жылдың наурыз айының 31-інен бастап, жарты жыл ішінде бүкіл Қазақстанды жаяу аралап, 8 мың шақырым жол жүрген белгілі жиһанкез, қолөнер шебері, мәдениет саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашев тағы бір жобаны қолға алды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ол өткен сәрсенбі күні Атырауға табан тіреді. Енді дүниежүзін жаяу аралап шығуға бел буған 73 жастағы ақсақал ең алыс сапарын мұнайлы өңірден бастап кетті. Жиһанкез әлемге қазақтың қолөнерін насихаттауды, ұмытылып кеткен ұлттық төл мерекемізді қайта жандандыруды мақсат етеді. Осы арқылы Қазақстанды жаһанға таныту, экономикамызға инвестиция тарту ойы да бар екен. «Өзіміздің өніміміз, ұлттық тағамымыз – қымызды дүние жүзіне таныстырсақ, оған сұраныс көбейеді. Сұраныс болғаннан кейін сусынның халықаралық деңгейдегі бағасы да өсер еді» дейді ол.

 

Жарқын жүзді жылы кездесудің шырқын жастардың бірінің кенеттен қойған сауалы бұзып жібергендей болды. Бірқатар əлемдік саяхатшыларды мысалға келтірген ол əлгі жиһанкез жандардың кей ретте өз еліндегі барлау қызметінің тапсырмасын орындау үшін сапарға барғанын тілге тиек ете келіп, «Сіздің барлау қызметімен байланысыңыз бар ма?» деп қалды. Ойламаған жерден орынсыз қойылған сауал Сəрсенбай ақсақалды ыңғайсыз жағдайда қалдырғандай еді. Бірақ қазақстандық жиһанкез тосылған жоқ, бойын тіктеп, ойын тез жинап алды. Ол өзінің ешқандай да құқық қорғау органдарымен, осы салаға қатысы бар өзге де ведомстволармен қарымқатынасының, арам ойының жоқтығын, дүниежүзін таза адал ниетпен, əлемді бейбітшілікке шақыру, тыныштықты насихаттау, сол арқылы Қазақ елін жер жүзіне таныту мақсатында аралауға аттанғанын баяндады.

 

– Менің бұл сапарым, бір жағынан, жастардың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету. Егер адам дені сау болып, ұзақ өмір сүргісі келсе, онда күніне кем дегенде 7 шақырым жаяу жүруі тиіс, - деген Сəрсенбай Оспанұлының сөзі жастарды ойлантып тастады.

 

Екі сөзінің бірінде «қазақ халқы», «ата-бабамыз», «Ұлытау» деп көкірегіндегі отаншылдық рухтың асқақтығын аңғартқан ақсақал өзінің ұлтжандылығын да байқатып қалды. Дүниежүзінде алғаш жылқы малы Қазақстан жерінде қолға үйретілгенін тілге тиек етіп, тұңғыш металл балқытып, оны өңдеген де біздің бабаларымыз екенін мақтанышпен жеткізді. Бұл жөніндегі деректерді көзімен көріп, қолымен ұстап, көз жеткізген көрінеді.

 

– Мен өткен жылы еліміздің 17 облысын аралағанда атағымды шығарайын деген оймен емес, керісінше, елім, жерім үшін пайдалы үш мақсат қойып сапарға аттандым. Алғашқысы – сонау қола дəуірінен бастап біздің эрамызға дейінгі Ұлытау өңірінің қазақ тарихында алатын орнын айқындау болса, екіншісі – Қазақстандағы қолөнер шеберлерінің өнерін насихаттау. Соңғы мақсатым өз жемісін беріп үлгерді. Бүгінде халықаралық дəрежеде еліміздің қолөнер шеберлеріне арналған сайт құрылып, əлемдік көрмелерге жол ашылды. Үшінші мақсатым – ұмытылып кеткен ұлттық төл мерекемізді жандандыру. Жұрт оны Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы деп ойлар. Жоқ, олай емес. Ол – түркі халықтарына ортақ. Оның үстіне, 22 наурызды Қазақстанның барлық аймағы бір мезетте еркін тойлай алмайды. Мəселен, бұл мезгілде еліміздің солтүстігінде 40 градус аяз, қарлы боран соғып, қалың қар жауып тұрады, осылайша, тұрғындар далаға шыға алмауы да мүмкін. Сондықтан қазақ халқына ғана тəн ұлттық мерекені енгізу керек деген ойдамын. Ол – атабабамыз жылқыны қолға үйреткен көне дəуірден бастап, кешегі қазан төңкерісіне дейін тойланып келген Қымыз мерекесі. Егер біз бұл мерекені тойлайтын болсақ, ең алдымен, бірбіріне қымыз ұсынған халқымыздың бірлігі артады. Сол арқылы қымыздың тек қазақ халқының ұлттық тағамы екенін əлемге паш етеміз əрі оған сұраныс та көбейеді. Қымыз саудаға шығып, халықаралық деңгейдегі бағасы өседі. Қымыз саудасы қызғасын экономикамыз көтеріледі, құлдырап бара жатқан теңгеміз нығаяды. Бізге қарап басқа бауырлас халықтар да Қымыз мерекесін тойлайтын болады. Міне, осындай айқын мақсатпен мен былтыр Қазақ елін түгел аралып, үгітнасихат жұмыстарын жүргіздім, - деді Сəрсенбай ақсақал тебірене.

 

Сəрсенбай Оспанұлынан бұл мерекенің тойланған күнін сұрағанымызда ол: «Тəуліктің күні ұзақ мезгілі – маусым айының 22-сіне сəйкес келеді» деп жауап қатты. Жетпістің жотасынан əлдеқашан асып кетсе де, заманауи ақпарат қондырғыларын жақсы меңгеріп, қазақ жерін шарлап, енді дүниежүзін жаяу аралауға бел буған ақсақалдың таудай талабы, шынымен де, жастарды қайран қалдырды. Əрмен қарай Сəрсенбай Қотырашев алдағы жоспарымен бөлісті.

 

– Мен бүгін Атыраудан шыққан соң Астраханға жол тартамын. Құдай қаласа, Ресейдің көрші облысы арқылы Дағыстанға өтіп, əрмен қарай Грузия еліне, содан соң Түркия мемлекетіне табан тіреймін. Биыл бауырлас түркі елінде сапарымның алғашқы бөлігін аяқтаймын. Екінші бөлігін келесі жылы жалғастырмақ ойым бар. Ол үшін сапарымды Анкарадан бастап, Болгария арқылы Европа елдерінің Сербия, Венгрия, Австрия, Германия жəне Франция мемлекеттерінде боламын. Сосын Парижден ұшаққа отырып, АҚШқа ұшамын ба деп жоспарлап отырмын. Əрмен қарай, Американың бес штатын жүріп өтіп, тағы да Қытайға ұшақпен жетіп, жаяулатып Моңғолияны аралап, өзіміздің Шығыс Қазақстанға табан тіреп, сапарымды сол жерден аяқтамақ ойдамын, - деді Сəрсенбай Оспанұлы.

 

Ақсақал жастардың, əсіресе, туған жерге қатысты қойған сауалына тереңнен тебірене отырып жауап берді. «Ұлытау – қазақтың қара шаңырағы» деген оның айтуынша, Асан Қайғы бабамыздың өзі жерұйық атаған, халықты бірлікке шақырған хандар ордасы орналасқан Ұлытауда адамзат тарихында тұңғыш метал өндіріліп, алғаш рет біздің бабаларымыз аспан денелерін зерттеген.

 

«Ендеше, жер кіндігі – Ұлытау бүкіл қазақтың мақтанышы болуы тиіс» деді ол.

 

Жарқын жүзді кездесу кезінде Сəрсенбай Қотырашев жастардың қойған өзге де сауалдарына нақты жауап қайтарып, жүрекжарды ақ тілегін ақтарып, ақ батасын берді. Атыраулықтар да əлемді жаяу жүріп, бағындыруды көздеген қазақ ақсақалына ақ жол тілеп, ұзақ сапарға шығарып салды.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости