«112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік орталығы желдің ұйытқуы секундына 17-22 метрге дейін күшейетінін ескертті. Артынша, өңірдегі ахуал осы ақпараттармен сәйкес келіп, желдің әсерінен аспанды қара бұлт секілді шаңды тозаң торлады. Ауа райының бұлайша өзгеруіне не себеп? Біз осы сауалға жауап іздедік.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы ауа райын болжау бөлімінің басшысы Аина Қазғұлованың айтуынша, бұл – Қара теңіз циклоны. Осыған байланысты ауа райындағы тұрақсыздық аптаның аяғына дейін сақталады. Бүгінде желдің жылдамдығы облыстың кей жерлерінде 15-20 метрге дейін артты. Желдің бұлайша күшеюінен шаңды дауыл тұрды. Бұл ахуал биыл бірінші рет орын алды. Бұған дейін желдің бағыты оңтүстік-шығыстан соқты. Ал, бейсенбіде кешке қарай солтүстік-шығысқа ауысты.
Жақын күндері бұл циклон республиканың барлық өңірін қамтиды. Қазірдің өзінде көршілес Маңғыстау облысындағы жағдай күрделене түсті. Циклон жаңбыр мен қар түрінде мол жауын-шашын, қатты жел, мұз құбылыстары мен тұманның болуына да ықпал етеді. Ал, Атыраудағы желдің күшеюі салдарынан шаңды дауылдың тұруы өңірде ылғалдылық мөлшерінің төмендеуінен болса керек.
– Мұндай дауыл облыста көктемде жиі болатын көрініс. Өйткені, бүгінде жауын-шашын мен қар мөлшері бұрынғы жылдармен салыстырғанда аз. Соның кесірінен топырақта ылғалдылық жоқ. Десек те, өңірде құрғақшылық қалыптасқан деуге де болмайды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, сәуірде жауын-шашын қалыпты жағдайда түседі. Бүгінде түнде ауа температурасы 2, 4 градусқа дейін төмендесе, күндіз 7 градусқа дейін жылиды, – дейді маман.
Ал, жел екпінінің артуына байланысты өңірде төтенше жағдайлардың алдын алуда қандай шаралар қолға алынуда? Сала мамандарының айтуынша, бүгінде облыста төтенше жағдайлар орын алмаған. Бүлінген ғимарат пен зардап шеккендер жоқ. Десек те, құзырлы мекеме шұғыл ескертпе жариялап, мәселелерге жол бермеу іс-шараларын шұғыл түрде ұйымдастырып жатыр.
–Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының, электр және байланыс жүйелерінің үздіксіз жұмысын жүргізу жауапты орындарға жүктелді. Төтенше жағдайларды жоюға күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Тұрғындар қауіп төнгенде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісіне 45-00-00, 32-45-67 телефон нөмірлеріне және «112» бірыңғай байланыс орталығына хабарласу қажет, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.
Бұдан басқа, мектептердегі дәстүрлі форматтағы сабақ онлайн режимге ауыстырылды. Бұл балалардың қауіпсіздігін алдын алудағы маңызды жұмыстардың бірі.