Өңірде карантиндік шаралардың күшейтілуіне соңғы аптада аурушаңдықтың екі есе жоғарылауы себеп болып отыр. Бұл туралы Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Асылбек Шаров мәлімдеді. Оның айтуынша, карантиндік шаралар облыс аумағында эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін жалғасады.
- Өкінішке қарай, соңғы 14 күнде коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсе бастағаны байқалады. Мәселен, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында індет жұқтырудың 5 жағдайы тіркелген болса, 5 қазан мен 11 қазан аралығында 43 жағдай анықталып отыр. Осыған сәйкес, індеттің алдын алу шаралары ұйымдастырылып, карантин талаптары күшейтілді, - деп түсіндірді Асылбек Шаров.
Қаулы негізінде атыраулықтарға алаңдарда, саябақтарда, скверлер мен жағалауларда бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспай топтасып жүруге рұқсат етілген. Сондай-ақ, тұрғындарға қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық маска кию міндеттелген.
- Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану обьектілерінің нақтырақ айтқанда, кафе, мейрамхана және басқаларының жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін қысқартылады. Келушілер саны жабық ғимараттарда 30 адамнан, ашық алаңдарда 50 адамнан аспай, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауы тиіс, - деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.