Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталғанға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігі.)
Қызылқоға аудандық сотынан білгеніміздей, Қызылқоға ауданы Полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі патрульдік қызметтерін атқару барысында жасы кәмелетке толмағанның басқаруындағы мотоциклдің артында жасы кәмелетке толмаған екі жолаушы бар күйде жүргенін анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда, жасы кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Сотталушы оны қудалап келе жатырғанда, жасы кәмелетке толмаған Жол жүрісі қағидаларын бұзушы қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын қолданбай, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, жасы кәмелетке толмағанды қағып кеткен, нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған.
Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші өкілі заңға сай жаза қолдануды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады.
Аталған қылмыс онша ауыр емес қылмыс, абайсызда жасалған әрекеттер санатына жатады және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондықтан, ҚК-тің 55-бабының 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, жаза тағайындау барысында мерзім осы баптың санкциясында көзделген ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауға тиіс, яғни 2 жыл 6 ай.Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны - жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.